Ғылымда «дискурс» деген ұғым бар. Дискурс адамдардың сөзі мен әрекетіне қатты әсер етеді. Қоғамда оқыс оқиға бола қалса, арандатушылар оны өзінше түсіндіріп, өз мүддесіне сай дискурс туғызады. Өйткені халықтың бәрі саяси сауатты емес, алдау мен арбауға тез шырмалады. Азаматтардың мұндай аңғалдығын террористік, экстремистік және саяси күштер пайдаланып кетуі ықтимал.
Алысқа бармай-ақ, ақпанның басында дүйім жұртты дүрліктірген Қордай оқиғасына назар аударайық. Президент тұрмыстық түйткілдің ұлтараздыққа ұласуына арандатушыларды айыптады. Мемлекет басшысы арандатушылар жайлы әңгімені көктен сауып, жерден тауып алған жоқ деп ойлаймыз. «Ел құлағы – елу» дегендей, шет жағасын біз де естідік. Куәгерлердің сөзіне сенсек, жаппай төбелеске бейтаныс жастар белсене қатысыпты. Ал төбелестен кейін ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Бөтелкелерге арнайы сұйықтық құйып, мұздай қаруланған бұзақы топ басқа жақтан әдейі жіберілген болуы мүмкін деп болжайды жергілікті тұрғындар. Тәртіп сақшыларынан құралған қоршауды көлікпен бұзып кіріп, екі автокөлікті отқа ораған, артынша мылтық атып, қантөгісті бастаған да солар деседі. Шыны керек, біздікі – куәгерлердің сөзінен шыққан жорамал ғана. Құқық қорғау орындары мен Үкіметтік комиссия бұл ақпаратты әлі растамады.
Арандатушылар мемлекеттің іргесін сетінетіп, тұнығын лайлау үшін ең алдымен нақты бір мәселені ушықтыруды көздейді. Қай мәселе екені маңызды емес. Жерді жалға беру мәселесі, Қытайдың 55 зауыты, еңбек дауы, тіпті жануарларды жәбірлеуге қарсы акциялар да оттықты тұтатуға жарай береді.
Халықтың қиын-қыстау сәттегі аумалы-төкпелі көңілін теріс бағытқа бұруды аңсайтындар Арыс оқиғасында да аңғарылды. Арандату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілді, 4 қылмыстық іс қозғалды. Соның бір мысалын өз көзімен көрген блогер Яков Федоров былайша суреттейді:
«Адамдардың арасында Shymkent Plaza орталығына кіріп, азық-түлікті тегін алуға шақырғандар болды. Оның бәрі халықтікі екен-міс. Кейбірі сыртынан бақылай қарап, басқыншылық жасауға ұрандады. Алайда халық тыныштық сақтады. Заңсыз ұсыныстар түскенде немесе зорлық әрекеттері жасалғанда митингіге шыққандардың өзі оларды басып тастады. Бәрі тыныш өтті. Арандатушылар екі сағаттан кейін жоқ болып кетті», – дейді куәгер.
Егер нақтылай кетсек, Арыста жарылыс болған кезде радиация тарапты деген қауесет лезде ақпарат айдынын, әлеуметтік желілерді қаумалап кетті. Қорғаныс министрі ол мәліметті жоққа шығаруына тура келді. Ал 2010 жылы Қырғыз Республикасындағы Киров су қоймасы жарылып, су Таразды шайып кетеді деген жалған ақпар талай тараздықты әбігерге түсірді. Болмаса, құрықталған экс-премьер-министр Серік Ахметов көз жұмды деген мәлімет қоғамда дау туғызды. Кейін ол жалған мәлімдемені таратқаны үшін 2015 жылы Байшеміров есімді азамат ұсталды. Немесе жоғарыда сөз болған Қордай қақтығысынан соң арандатушылықпен айналысқан екі азамат Алматыда ұсталды.
Тізе берсек, мұндай фактілер аз емес. Барлығында ортақ ұқсастық бар. Ол – қоғам үшін маңызды мәселеде қауесет әлеуметтік желі не мессенджерлер арқылы тарайды. Оның рас-өтірігін тексермеген жұрт хабарды ары қарай тарата түседі. Яғни, арандатушылар азаматтардың ақпараттық, құқықтық сауатсыздығына үміт артады, соған ден қояды. Сөйтіп, дегеніне жетеді.
Арандатушыларды шетелдегі қашқын банкир қаржыландырады деген қауесет бар. Қауесет дейміз-ау, Бас прокуратураның өзі күні кеше «Әблязов халықтан жымқырған қаражатты митингіге шыққандарға төлеп отыр» деді. «Полицияға ұсталған арандатушыға 100 мың доллар, емханаға түсіп, анықтама қағазын көрсеткендерге 10 мың доллар береді» деп жақында депутат Бақытбек Смағұл да айтып қалды.
Ашық ақпарат көздеріне жүгінсек, сыртқы күштердің ақшасы Қазақстанға Украина мен Ресейдің PR-компаниялары арқылы аударылады екен. Бұл агенттіктер Мәскеу, Украина, Еуропада оқитын қазақстандық студенттерді жалдауға, оларға бірнеше жалған аккаунт ашқызуға тырысады екен. Яғни, жырақта, қазақстандық құқық қорғау органдарының құрығы жетпейді. Студент, оған үнемі ақша керек.
Кейінгі кезде қолдан тұрақсыздық ұйымдастырудың жаңа құралдары мен тетіктері жасалған. Бұл тақырыпта том-том кітаптар жазылған. Осы ретте әйгілі Джин Шарптың «Диктатурадан демократияға» деген еңбегін ерекше атап өтер едік. Әлгі кітапта көңілің толмайтын билікті құлату жолдары, сатылары, айла-шарғылары егжей-тегжейлі баяндалған. Халықты жинау, назар аударту, тәртіп сақшыларын шектен шығару сияқты әрекеттердің 198 жолы ұсынылған. 2011 жылы «Араб көктемі» толқыны басталғанда бұл инструктаждың қалай жүзеге асқанын сырттай бақылаған адам бірден байқайтын еді.
Төңкеріс жасаудағы танымал тәсілдің бірі – қолдан қантөгіс жасау. Арнайы дайындалған, қолына суық қару, жарылғыш қоспалар алған жігіттер полицияны күш қолдануға итермелейді. Полиция шеп құрады, қорғанады, шегінеді, ақыры қақтығыс басталады. Нәтижесінде адамдар жарақаттанады, қаза табады. Оның соңы жаппай дүрбелеңге жалғасуы ғажап емес. Арандатушылардың көздегені – осы. Сондықтан өсек-аяң, жел сөзге ілеспей, әліптің артын баққан дұрыс. Тұрақсыздық тудыруды көксейтін әлдекімдердің ойыншығына айналудың арты жақсылыққа апармайды.
Әрине, наразылыққа шыққандар міндетті түрде тыңшы немесе арандатушы деген қағида жоқ. Өзіндік ой-пікірі, көзқарасы бар қарапайым азаматтардың да қарасы қалың. Қарсылық шарасына жиналғандардың көбі – ауыр тұрмыстан қажыған, әлеуметтік мәселелерге ашынған азаматтар. Үкімет оның бәрін арандатушыларға жаба салмай, шынайы мойындап, жұмыс істеуі тиіс.
Осы орайда Досым Сәтпаевтың бір сөзі ойға оралады. «Президент мұндай кикілжіңдерді арандатушылардың ісі дейді. Бірақ мынаны ескеру керек: арандатуға татитын нәрсе бар жерде ғана арандатушылар пайда болады» дейді саясаттанушы. Келіспеске амал кем.
#арандатушылар #сараптама