Н.Назарбаев тағынан кеткеннен бері, шамалы болса да, қоғамдық өмірде өзгерістер орын алуда. Азаматтық қоғам өмірінде жаңа серпіліс көрінгендей. Әлбетте, өзгерістер түбегейлі одан сайын ұтымдырақ және тиімді болуы да керек еді. Бірақ оған жету үшін, халық бір жұдырықтай берік, әрі ұжымды болуы шарт. Сонда қалаған өзгерістерге жетуімізге болады деп ойлаймын. Осының түпкі ойын төменде оқып, түсіне жатарсыздар.
«Жаңа билік өкілдерінің көп бөлігі, бұрыңғы жүйеден қалғандар», - деген, теріс ойлар айтылуы мүмкін. Сөзсіз, мемлекеттік аппараттағы әрбір жүйе шіріп кеткен секілді, дегенмен оны өзгерту, тек халықтың қолында.
Енді оны іске асыру үшін және қалыптасқан жағдайды қарастыру мақсатында, мақаланы жариялап, өз ойымен бөлісіп отырмын. Оны қабылдау не қабылдамау, келісу не келіспеу, әрбір адамның өз еркі мен құқығы.
Егер де, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшамды қарасаңыздар соңғы болған елеулі оқиғаларға қатысып, бар жағдайды өз көзқарасымен көріп, түйіндедім. Әлеуметтік және интернет желісінде халықтың ойын тыңдап, келесідей ойға келдім.
Мамыр айының басында Әблязов ұйымдастырған митинг өтті. Кейін маусымның алғашқы күндері ұлт-патриоттары ұйымдастырған «Халық Құрылтайы» өткен болатын. Одан соң, 9-10 маусым күндер шамасында, сайлау аяқталғаннан кейін де шеру өткен. Содан кейін, бір жұма бұрын 6 шілде күні, бірқатар қалаларда тағы бір рет митинг аяқталды. Бірақ наразылық таңытуға шыққан адамдардың санын есептесек, Мұхтар ұйымдастырған шеруден шеруге көлемі азайып бара жатқанын аңғартуға болады.
Содан соң, көшеге шығып, айыппұлын алған азаматтар ешқандай өзгеріс жоқ екенін түсініп, ақыры шығуға шаршайды ғой. Ал ұлтқа шынайы керек кезде, елеулі күн туып, азаттық таңы шығуға көмегі керек болғанда, шықпай қалуы ықтимал. Себебі, алдында болмаған өзгерістерке сенбей қалады. Демек, халықтың сенімі мен ертеңге деген үміт шоғы өшпей тұрған кезде, қазір шартты түрде Ұлт көсеміне соны пайдалану қажет.
Одан кейін, арасында маусымның соңғы күндеріне рұқсат етілген екі митинг (Астана және Алматы қалаларында) өткізілді. Әрине соңғысы жайлы екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі – билік тарапынан рұқсат беріп, өткізуге кедергі келтірмеу. Бірақ ресми жағы, шынымен театр қойылымы тәріздес болды. Ал екіншісі – бейресми тұрғыда қарасақ, халық тыңдайтын көшбасшы бар (Б.Блялов) болғанын көруге және жаңа қозғалыстар (Республика, Оян Қазақ) пайда болып жатқанын аңғартуға болады. Видео көргендер, не сонда болғандар, түсінеді.
Енді осы тұрғыда оппозициялық күштер қандай қадам жасайды?! Ақпараттық ағынға назар аударсақ, тек Англияда жүрген Мұхтарды ғана көреміз. Оның өзі, кезінде популистік ұрандар тастап, соның арқасында кейбір ағайындардың қолдауын тапқан болатын. Бірақ саяси шарт мен уақыт талабы өзгеріп, оның тірліктерінде қандай өзгеріс орын алды?! Ешқандай, сол баяғы – «Шал кет» дейтін ұран. Одан бөлек, 6 шілде күні шығатындарға 10 мың доллар ақша төлеймін деген уәде.
Тиынның басқа жағын қарастырсақ, Үoutube арналарында, интернетте және олардың чаттарында, ДВК мүшелерінің өздері – басшыны ауыстыру қажеттілігі туындағаны жөнінде ұсыныстар көтеріп келе жатқан секілді. Сол бойынша ақпарат кеңінен тарап жатыр.
Сол ДВК мүшелері, мысал ретінде, әрбір өңірде белгілі бір дәрежеде көсем бар екенін жайлы назар аудартады.
Жуырда елге таңымал болған – Ася Тулесова. Ол жастарды біріктіре біліп, «Шыңдықтан құтыла алмайсын», - деген сөздерімен трендке те айналып үлгерген.
Айтыскер, қазақтың біртуар азаматы – Ринат Зайытовты атамауға дұрыс емес деп ойлайды екен. Сөзге шешен, байсалды, ержүрек азаматты тұтқындаған кезде, Алматының жігіттері бір мезетте көтерілгенін де естен шығармау керек.
Одан бөлек, «Антигептил» және басқа өзекті мәселелер бойынша, ойын әрқашан ашық түрде жеткізіп жүрген – Болатбек Блялов та баршылық. Сол рұқсат етілген митингте, өзін қайта сапта екенін дәлелдеген секілді.
Нәтижесінде, Астана не Алматыда шығып, айыппұл салынғандарға Әблязов төлемақы төледі ме? Естуімше оның өзі – жоқ. Сонда қазақтарға виртуалды батыр несіне қажет?! Демек, шетелдік басқару жүйесі, отандық билік жүйесімен, нәтижесіздігімен тұспа-тұс болып отыр емес пе?!
Сонымен қатар, өткен Жер митингілері мен соған ұқсас басқа шерулер кезінде, жаппай халық көтеріле алатынын оқиғалар дәлелдеген. Сол жағдайларда, халықты біріктіре білген отандық батырлар болған. Олар осында тұрып, халықтың қасында болып, нақты қадамдар жасады. Әрине, өкінішке орай Макс Бокаев әлі қамауда. Ал Талғат Аян босатылғанымен, халықпен бірге көшеге шығуға мүмкіншілігі жоқ. Өткір мақала жазып жүрген Жанболат Мамай да бар. Оның жағдайы да Талғатпен ұқсас. Дегенмен, олар халықтың сенімінде болып, әлі де жазба ретінде болса да, қолдау көрсетіп жүр.
Одан бөлек, жер дауы кезінде «Алаш Жолы» белсенділік таңытқан қоғамдық ұйымды атап өткен жөн. Соның лидері – Мақсат Ілиясұлы тарапынан, мен және менің ойымша, халықтың біраз бөлігі нақты қадамдар жасағанын күтіп отыр.
Ұлт-патриоттарының кей бөлігі – Ермурат Бапи, одан бөлек Рысбек Сарсенбайұлы мен Балташ Тұрсынбаев тарапынан да бастамаларды күткен күйде секілді.
Замануи көшбасшыларды сараптағанда, тез арада құрылған «Республика қозғалысы» мен «Oyan, Qazaqstan» қозғалыстарын естен шығарман жөн. Бәлкім олар қазіргі таңда аса көп жұмыс істемегенімен, жастарды жетектеп, жаңа серпіліс, жаңа толқын туындауына септігін тигізетін шығар.
Демек, бүгінгі таңда замануи көшбасшылар бар деп ойлаймын. Енді тек, халық солардың, не басқалардың арасынан елде жүрген Ұлт көшбасшысын таңдап, тиянақты, нәтижелі жұмыстарды бастау қажет деген ойдамын.
Ойды қорытындылай келгенде, халыққа тез арада жас, замануи ойы бар – Ұлт көсемі қажет. Себебі, қазақтар соңғы 30 жылдан кейін, өгерістер бар болуы мүмкін екенін дәмін сезіп, алға қарай жылжу тетіктерін күтіп қалды. Халықты өзінің артынан еріп жүре алатын көшбасшыны қажет етеді. Қазірден ешкім қозғалмаса, онда халық солай ыдырап, жан-жаққа тарап жүре бермейтініне кім кепіл?! Ал оның нәтижесі ащы болатыны хақ.
Редакция ойы автордың пікірімен тұспа-тұс келмеуі мүмкін