Елде орнаған карантин ережесіне сәйкес, мерт болған бабаларды дәріптеуге келген азаматтар гүлшоқтарын мәңгі алауға әкімдіктің өзі жеткізді. Ескерткішке жақындауға тек ардагерлерге рұқсат етілді. Алайда әлеуметтік желіде Алматы қаласының тұрғыны, "Ерлігі үшін" медаль иегері Абдулов Иван Әкімұлын бетін қайтарып, гүлшоғын алауға жеткізбеген әкімдік қызметшісі түсірілген видео тарады.
"Бізді қойыңыз, мына ақсақал ардагерді жіберіңізші. Ескерткішке сол барсын", - деді видео түсірген азаматша. Ренжіген ол гүлшоғын қалдырып, үйіне қарай бет алды.
Әкімдік қызметшісінің бұл іс-әрекеті желі қолданушылардың наразылығын тудырды.
"Оның істеген ісіне мен ұятты болып тұрмын. Ақсақалдың келесі Жеңіс күнін көретініне кім кепіл? Жас жігіт үшін бұл маңызы жоқ рәсім. Ал ардагерлер үшін мәртебе мен жан жарасы!", - деп қарсы тұрды олар.
Оқиғадан кейін Иван Әкімұлының есімі ел арасында таралып, өмірінің тың деректері белгілі болды. Тамбов облысының балалар үйінде туған ол достарымен бірге майданға аттанды. Санитарларға жараланған әскерилерді алып шығуға көмектесті. Панфилов 316-атқыштар дивизиясына түсіп, Бауыржан Момышұлының батальонында соғысты. Кезінде ұлы батырдың өмірін сақтап қалған еді.
Ағашқы орденін он екі жасында иемденді. Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін "Қызыл жұлдыз", "I дәрежелі Отан соғысы" орденімен марапатталды.
Алматыда жарымен кездесіп, отбасы құрды. Алайда іссапармен жүрген кезінде, отбасы апатқа ұшырап, әйелі мен үш баласынан айырылды. Содан бері күнін жалғыз көруде. Аурып жатқан халін естіген халық ардагерге көмек көрсетуге жөнелді.
Халық арасында туған дау Алматы әкімдігінің құлағына жетті. Қызметшілері 90 жастағы ардагерден кешірім сұрап, гүлшоқты жеткізуге мүмкіндік берді.
"Біз кінәліміз, кешірім сұраймыз. Коронавирусқа байланысты осылай болып қалды", - деді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков.