Коронавирсус инфекциясын жұқтырған Алматы қаласы Орталық клиникалық аурухана қызметкерлері желіде Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап хат жазған еді.
Дәрігерлердің назына себепші болған қалалық бас санитар дәрігердің айтқан сөздері. Айзат Молдағасымова дәрігерлердің коронавирус жұқтырғанына олардың өздері кінәлі деп мәлімдеді.
"Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімі бастығының "себептердің бірі медициналық қызметкерлердің барлық сақтық шарасын сақтамауы" деген мәлімдемесі - жала жабу. COVID-19 қаупі және сақтық шараларын қабылдау қажет екені туралы медициналық қызметкерлерден артық кім біледі?", - делінген үндеуде.
Хатта аурухана дәрігерлері вирустың таралуын алдын алу шараларын өткізіп, қорғаныстың барлық ережелерін сақтағанын басып айтты.
Сонымен қатар, желіде дәрігерлердің қандай жағдайда жұмыс істейтінін баяндаған аурухана қызметшісінің хабарламасы тарады.
Алматыда барлық емханаларда карантин режимі енгізілгенімен, қорғаныс құралдарынан тапшылық көрді. Қашан жеткізілетіні туралы ғана айтылып, күтуді сұрады. Қажетті көзілдіріктер, арнайы қорғаныс костюмдері мен аяқ киім болмады. Тек медициналық маскамен жүруге мәжбүр болды.
"Бір-біріміз үшін, отбасымыз үшін уайымдаймыз. Біз де адамбыз, біз де өмір сүргіміз келеді. Осы ауруды өзіміз тарататын адам болғымыз келмейді. Бұл аурумен күресіп жатырмыз. Бұл жазба - жан айқайы. Тиісті тексеру жүргізілсін", - деп түйіндеді ол.