Қалыңдық пен күйеу жігіт - колледж студенттері, 15 жаста. Әсем Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылының тумасы, ал Рахмендулла Маңғышлақ ауылынан.
Бозбала сүйіктісін алып қашты, ал қыз үйіне оралуды ұят көріп жаңа үйінде қалды.
"Былтыр қазанда достарымыздың туған күн кешінде таныстық, кейін 3-4 ай кездестік. Мені көру үшін ол ауылынан келіп тұратын. Осыдан кейін мені алып қашып кетті. Алып қашатынын білмедім. Артымнан қуғыншылар келгенде, әрине, ата-анам алғашында қарсы болды. Бірақ "қайтып келген қыз жаман" дегендіктен және бір-бірімізді сүйгендіктен сол үйде қаламын деп ұйғардым", - деді Әсем.
Бұндай кезде бірден ойыңа келетіні: "Жүкті болды, содан ерте үйленді". Қыздың айтуынша, мәселе мүлдем сәбиде емес, екі жас бірін-бірі сүйіп қосылды.
Ата-анасы қалайша рұқсат етті деген сұрақ туу мүмкін. Басында қарсылық танытқан олар жібіп, ақ батасын берген екен. Дегенмен, жасөспірімдердің өміріне жауапты үлкендерге сұрақтар жетерлік.
Қазақстанда 18 жасқа толған азаматтар ғана некесін қия алады. Жүктілік немесе ортақ бала секілді себептермен бұл жасты 16-ға дейін төмендетуге болады. Ешқандай сәби күтілмейтіндігін Әсемнің өзі баса айтты.
Кәмелетке толмаған жастарды жергілікті мешітте де тіркемеген.
"Алдымен, олардың жеке куәлігі мен неке қию куәлігі болуы керек. Біздің талабымыз сондай. Кезінде бұндай жағдай болғанымен, заңға қарсы шыға алмаймыз. Жас жұбайлар бізге келген жоқ", - деді Маңғыстау облысының бас имамы Сейітбек Смайыл.
Әрбір заңға қайшы келетін әрекет секілді 15 жасар жасөспірімдердің заңсыз некесі полиция назарынан тыс қалмады.
"Бұл іс қала әкімшілігі қасындағы кәмелетке толмағандарды қорғау бөлімшесінде қаралады. Видеода тіркелген кәмелетке толмаған балалар мен ата-аналарға қатысты тиісті іс-шаралар қолданбақ", - деді Облыстық полиция департамент баспасөз хатшысы Айгерім Ибадуллаева.