Еркелетіп,еркін өсірген қыздарымыздан небір данышпан,небір батырлар шықпап па еді. Ақылына көркі сай,жарасымды қылығы бар қазақтың арулары кімдерді тамсандырмап еді.
Бүгін қандаймыз? Руымен рухтанатын алты алаштың ұрпағы,жеті атасын білмейтін жетесіз болдық. Нағашы-жиеннің кім екенін білмейтін,ағайын-қандастың ара-жігін ажырата алмайтын күйге жеттік. Содан соң да аталас қарындасты қатын қылып отырғанымыз. Үлкендерден үлгі болмаған соң,ұрпақтың ұлағатсыз-көргенсіз тіршілігі дағдыға айналды. Қыз көрсе қутыңдап қалатын қарттарымыз жүр қасасын сүйретіп. Атадан шежіре,әжеден әлди естімеген ұл-қыздың мәңгүрт болып өсуі өзіміздің кінәміз.
Итің ұры десе намыстанатын қазақ едік. Қазір қызың бұзылған десе бетіміз былшыйып отыра береміз. Қыздың абыройы-елдің абыройы екенін ұмыттық. Аруымыздың абыройын ауыл болып қорғайтын намысымыз қайда,арысымыз қайда?
Қазаннан қақпақ кетсе,иттен ұят кетеді. Ауыл-аймақтан,ата-анадан тәк болмаған соң қыздарымыз құтырады желіктеніп. Ұрынады бірнәрсеге былығып. Айналып кеп қызды кінәлі ғып шығарамыз. Өзіміз сүттен ақ,судан тазамыз. Бірақ, біліп тұрамыз күнәмізді.
Әр қазақтың қызын-әр қазақтың жігіті туған қарындасындай көрсе, шіркін. Намысы наркескендей өткір нағыз ерлер көп болса,шіркін. Сонда аруларымыз бөтен ұлтқа білегін ұстатпас еді,жүрегін жаулатпас еді.
Ондай азаматтар бар ғой,бар. Бірақ,тым аз. Бойкүйездікке бой үйретіп,беймарал тірлікке дағдыландық. Бұрын естір құлаққа,көрер көзге масқара нәрсе,бүгіндері күнделікті жағдайға айналды. ҚаҺарлы еркек азайып,қатынның көлеңкесінде күн көретін ездер көбейді. Қалқада отырып алып,қызымен қатарлас бойжеткенді көзімен тіміскілеп,сөзімен өсекке итермелеген есалаңдар қаптады.
Қарындас үшін қанын төккен қайран Ата-бабам.Ұрпағыңның рухы азып-тозғанын білдің бе екен.?