Кеңес үкiметi 1934 жылы Түркiстандағы қасиеттi "Тайқазанды" "Санкт-Петербургтегi орталық мұражайға қоямыз" деп алып кеттi.
Сол қасиеттi "Тайқазанмен" қазақтың барлық ырысы, қазынасы бiрге кеттi.
Арада 55 жыл өткен соң 1989 жылы қазақтың бiртуар ұлы, ұлт жанашыры Өзбекәлi Жәнiбеков ағамыз қасиеттi "Тайқазанды" Қожа-Ахмет Яссауи мұражайына қайта орнатты. "Тайқазан" елге ырыс ала келдi.Қасиеттi "Тайқазан" қайтып оралған соң, екi жылдан кейiн қазақ тәуелсiз ел атанды.
Қазақтың кең байтақ жерiндегi бар байлықтың қожасы қазақ болып едi. Бiрақ қазақ бар қазынадан қайыр көрмей отыр. "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi" деген мақал бар. Бiздiң қасиеттi "Тайқазанымыз" Ресейден қақпақсыз қайтты. Қазақтың бар қазынасы, ұстағанның қолында, тiстеген иттiң аузында кетiп жатыр. Қара қазан қайнап тұр, бiрақ қазақ ашқұрсақ жүр. Қазақтың өз байлығы өзiне бұйырмай, алақан жайып шетелдерден қарызға ақша сұрап жұр.
Осылардың бәрiн саралай келе менiң ұсынысым: бiрiншiден, Түркiстандағы қасиеттi "Тайқазанды" өзiне сай қақпақпен жабу керек. "Тайқазанның" көшiрмесiн жасауға, шетелге кубок етiп таратуға, ойыншық етiп сатуға, саяси ойын құралына айналдыруға қатаң тыйым салған жөн. "Артық қыламыз" деп тыртық қылып жүрмейiк. Ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың салт-дәстүрi, ырым-тыйымдары босқа далаға кетпейдi. "Елден қазан кетсе, қазақтан ырыс кетедi" дегендi ұмытпайық, дейді Жәнібек Қожық.
#тайқазан #кеңес #түркістан #тарихимұра