USD 511.22
EUR 540.05
RUB 4.73
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Ауғанстанға көмек көрсететін логистикалық хаб жасау қажет

  • 15.қазан.2021, 17:59,
  • 125

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президентінің төрағалығымен бейнебайланыс форматында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Жиынға Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің басшылары, сондай-ақ Молдованың Премьер-министрі мен ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.


Президент осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен мемлекеттер басшыларының кездесуінде ТМД құру туралы тарихи Декларация қабылданғанын еске салды.


– Осы аса маңызды құжат жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығының берік негізін қалады. Бүгінде Достастықты кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ірі апаттардың алдын алуда, халықтар арасындағы ықпалдастықты сақтауда маңызды рөл атқарды деп зор сеніммен айтуға болады. ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Бұл – аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Президент ортақ күш-жігердің арқасында ТМД аумағында кооперацияның нақты механизмдері жасалғанын, салмақты нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын, белсенді саяси диалог дамып, қауіпсіздік саласындағы мемлекетаралық ықпалдастықтың нығая түскенін, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін оңтайлы жағдай жасалып жатқанын айтты.



Қазақстан Президенті бүгінгі кездесуде бұған дейін атқарған жұмыстар қорытындыланып, ТМД елдерінің көпжақты ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашылатынын жеткізді.


Сонымен қатар Президент геосаяси қайшылықтардың күшейіп келе жатқанына, әлемдік экономиканың құбылмалы болуына, гуманитарлық және экологиялық проблемаларға және пандемияның орасан зор шығын келтіргеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сын-қатерлерді жойып, одан әрі дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға шақырып, бірқатар нақты шараларды ұсынды.


Мемлекет басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырып, нығайтудың маңыздылығын басты міндет ретінде атады. Соның ішінде Президент ТМД елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге баса мән бере отырып, экономикалық ықпалдастықтың әдістерін жетілдіру қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және Көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюды ұсынды.



Сонымен қатар Президент ортақ аграрлық нарықты қалыптастыруды өзекті деп санайды. Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің азық-түлік жүйесін дамыту және өзара іс-қимыл жасау стратегиясының әзірленуі ортақ мүдделерімізге сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарын еңсерудің маңыздылығына тоқталды.


– ТМД елдері күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру арқылы бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісін танытты. Осы ретте Ресей маңызды рөл атқарды. Елдеріміз СOVID-19 індетімен күресте, оның ішінде вакцина әзірлеу саласында жақсы тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда халыққа жаппай екпе салу ғана жағдайды түзетуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.


Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның QazVac вакцинасының жоғары тиімділігі мен QazcoVac-P жаңа препаратының әзірленуі туралы айтып, оның клиникалық сынағы табысты өткеніне, тағы да үш вакцина клиникалық деңгейге дейінгі тестілеу сатысында тұрғанына назар аударды.


Бұл ретте, Президент тығыз ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға және қазақстандық вакциналарды жеткізу мүмкіндігіне тоқталып, ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара мойындау үдерісін тездетуді ұсынды.


Мемлекет басшысы терроризмнің, діни эксремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән бере отырып, қауіпсіздік саласындағы ТМД елдері ынтымақтастығының тетіктерін жетілдіру мәселесін маңызды міндеттің бірі ретінде атады. Президент Ауғанстандағы қалыптасқан жағдайға байланысты аталған сын-қатерлердің басты мәселеге айналғанын жеткізді.


– Қазақстан БҰҰ-ның ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болуға тиіс. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан, Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз керек, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың іс-қимылдарын жүйелеу мақсатында Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынды.


– Дағдарыстың ауыр кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан жүйелі түрде көмек қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық орталығын құру туралы біздің бастамамыз осы маңызды міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Аталған жоспарлардың іске асуына Достастық елдері көмектеседі деген үміттеміз, – деді Мемлекет басшысы.



Сонымен қатар Президент сөйлеген сөзінде экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ілгерілету мен шешу үшін ынтымақтастыққа шақырды. Мемлекет басшысы ТМД кеңістігіндегі трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану проблемаларын шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ көміртегін аз қолданатын экономикаға көшу мәселесінің өзекті екенін атап өтті.


Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық мемлекеттері халықтарының тарихи байланысын сақтауда және олардың ынтымағын нығайтуда маңызды рөл атқаратын мәдени-гуманитарлық салаға арнайы тоқталды.


Мемлекет басшысы 2022 жылдың ТМД елдерінің халық шығармашылығы мен мәдени мұрасының жылы деп жарияланғанын еске салды. Атаулы жыл аясында 100-ге жуық шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Комрат қаласының 2023 жылы Достастық елдерінің мәдени астанасы болып таңдалуымен Молдова халқын құттықтады.


2022 жылы еліміз ТМД-ға төрағалық етеді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін аймақтық тұтастықты одан әрі ілгерілету және Достастық елдері кеңістігіндегі ынтымақтастықты арттыру жолында бірлесе белсенді жұмыс істеуге бейілді екенін жеткізді.


– Менің ұсыныстарым мен басқа да басым міндеттер алдағы кезеңде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық ету Тұжырымдамасына енгізілетінін атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.


Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.


скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
12.10.2021
29.09.2021
28.09.2021
06.08.2021
28.06.2021
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Желтоқсан 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031