Министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім саласын былыққа әбден батырған. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың» не бүлдіргенін ел-жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.
Бірақ қазіргі министр Асхат Аймағамбетовке деген халықтың пікірі мүлде бөлек. Көпшілік қауым, әсіресе мұғалімдер министр Аймағамбетовтың жұмысын жоғары бағалайды. Шынтуайтына келгенде, Ол осы бір-екі жылда бұрынғы министрлер 28 жылда істей алмаған игі шаруаларды тындырған секілді. Әйтпесе, бұған дейін еш министр естімеген мақтау мен қолдау Аймағамбетовке арналмас еді ғой. Аймағамбетов бұл мақтауларды ешкімнен сұрап алмағаны да сөзсіз. Жұмысы халықтың көңілінен шықты, халық әділ бағасын берді.
Алайда соңғы уақытта министр Асхат Аймағамбетовке қарсы орыс баспасөзі (ресейлік БАҚ) тарапынан дүркін-дүркін ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын байқап жүрміз. Сыңар-егіз, бірсарынды материалдар соңғы 1-2 айдың көлемінде әлеуметтік желілерде әлсін-әлсін жылтыңдап шығып, жұрт талқысын тудырып жатқаны рас.
Соның бірі «lenta.ru» дейтін ресейлік сайттың мына бір мақаласы: «Неависть к языку ведет к мракобесию». Никита Мендкович дейтін жазғышбектің шұбыртпа сөз, шимай-шатпағын түгел қазақшаға қотармақ ойымыз жоқ. «Тілге деген өшпенділік қараңғылыққа әкеп соқтырады» деген тақырыбының өзі материалының түгел мазмұнын ашып айтып тұр.
«Қазақстанда кезекті рет орыс тілі мен кирилицаға қарсы шабуыл басталды. Билік енді бірнеше жылдан соң елдегі барлық оқушылар тек қазақ тілінде білім алатын айтты. Сонымен қоса, мектептерді кирилицадан латынға көшіру жұмыстары да басталды. Тұрғындарының көпшілігі күнделікті тұрмыста орыс тілін қолданатын Қазақстанда бұл жаңалықтан қауіптенуде. Әсіресе, көршілес мемлекеттердегі тіл саясатына қарама-қайшы келетін Қазақстан билігінің бұл шешімі түсініксіз.
Жә, әрі қарай кеттік... Әрі қарай, министр Асхат Аймағамбетовтің бұл қадамы «өзіне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты даудың ізін жасыру үшін жасап жатқан әрекеті» деп жазады. «Министрді айыптаған ҚР БжҒМ-ның мемсатып алу департаментінің басшысы Анар Қайырбекованы жұмыстан шығарғанымен, бюджеттің 16 млн долларын қолды қылу фактісі ел есінен ұмытыла қоймаған соң, елдегі білім саласын орыс тілінен тазарту туралы бастама министр үшін өз креслосын сақтап қалудың жолы деп таңдалды», - дейді. Және: «Бұған мүмкіндігі бар. Себебі Қазақстанның саяси элитасында антиресейлік және русофобтық ұстанымдағы ұлтшыл-либералдар көп», - деп Петр Своиктің пікірін мысал етеді.
Әрі қарай бірнеше «статистика» жазады:
«Фонда Эберта», сауалнамасы Қазақстанның қазақ тілді емес екенін әшкереледі. Ел тұрғындарының 39 пайызы ғана қазақша сөйлейді. Ал солтүстік аймақтарда 8-10 пайызы ғана. Ал орыс тілінде елдің 51 пайызы еркін сөйлейді», - дейді.
«Мектептердің 70 пайызы қазақ тілді болғанымен, ҰБТ-ны қазақ тілінде 51 пайыз түлек қана тапсырған», - дейді.
«Ұлттық кітапхана статистикасы бойынша, сақтаулы тұрған кітаптардың 35 пайызы, газеттердің 42 пайызы, журналдардың 20 ғана қазақ тілінде. Қазақстандағы орыс тілді әдебиеттің үлесі 90 пайыз», - дейді.
«Британдық «Kantor TNS» дерегі бойынша, Қазақстан халқының 54 пайызы ресейлік теле бағдарламаларды көреді», - дейді.
Жалпы мазмұны осы. «lenta.ru-дың» бұл материалын орыс тілді һәм ресейлік БАҚ жерден жеті қоян тапқандай, жарыса жариялап жатыр. Ертеректе (наурыздың соңында) жарияланған мақала әліге дейін әлеуметтік желілерде таралып, талқы болуда. Қараңыз:
Айтпақшы, ресейлік ТАСС агенттігі әлгі арандатушы материалдан соң, Қазақстанның Білім министрлігіне сұрау салып, орыс мектептерін жабудың жай-жапсарын сұрапты. Сөйтсек, біздікілер: «Қазір елімізде 6 957 мектеп бар. Оның 3 733-і мемлекеттік мектептер (53,6 пайыз), 1 160-ы орыс тілді мектептер (16,6 пайыз) және 2 047-сі аралас мектептер (29,4 пайыз). Дей тұрғанмен, елдегі барлық мектепті тек қазақ тілінде білім беруге көшіру туралы жоспар жоқ», - депті.
Нұргелді Әбдіғаниұлы