Иә, қажет
Иә, кез келген мемлекетпен еркін экономикалық аймақ құру – пайдалы істердің бірі. Айталық, бізде қазір Қорғас бекетінде Қытаймен еркін экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл жерден біз Қытайдың тауарын арзанға алып, ол жаққа өз тауарымызды өзіміз қойған бағамен сатамыз. Екі мемлекет те бұл жердегі саудаға шыққан тауарлар бағасына баж салығын алып тастаған. Мұндай жағдайда әрине, қарапайым халық пен импорт тасымалдап сату арқылы кәсіпкерлігін дамытып отырған ағайын үшін қолайлы жағдай туғызылған деуге болады. Егер біз тағы да 30 мемлекетпен осындай еркін сауда аймағын құра қалсақ, онда олардың тауары бізге, яғни қарапайым халыққа әлдеқайда арзанға түсер еді. Мінеки, осы жағын ескерсек, кез келген жағдайда еркін экономикалық аймақ қалыбымен жұмыс істеу қай жаққа да болса тиімді.
Жоқ, қажет емес
Біз пайда-зиянды салыстыра екшегенде бір пікір «жоқ, қажет емес» дегенді айтып шықты. Еркін сауда аймағы отандық өндірісшілердің кейбір тобына ауыр соққы болып тиеді. Айталық, ауыл шаруашылығын дамытуды біз жаңа ғана қолға алдық. Ал Аргентина Бразилиямен еркін сауда аймағын құрсақ, олардың еш қараусыз өз бетімен тропикада жемшөбін тауып, ұдайы көк шалғынмен қоректеніп өскен малының етінің өзіндік құны біздің қолға қараған мал етінің өзіндік құнынан әлдеқайда төмен болады да, оны саудаға шығарғанда біздің малдың еті өтпей қалады. Өйткені қымбат. Сондай-ақ елімізде енді қолға аламыз деп жатқан жеңіл өнеркәсіп және дамымай қалады. Біз көптеген дақылдарды қыс айларында жылы жайларда өсіреміз. Ал Таяу Шығыспен тропикалық аймақтарда олар жыл бойына ашық аспан астында өздігінен өседі. Бұларда өзіндік құн мүлде жоқ деуге болады. Қысқасы, бұл да арзан тауар. Сол арзан тауар біздің базарға түсер болса, біздің қымбат тауар тағы да өтпей қалады. Осындай тауар түрлері жеткілікті. Демек, Қазақстан үшін дәл қазіргі таңда еркін сауда аймағын кеңейту аса пайдалы іс емес. Керісінше, оның зиянды жағы көп болмақ. Бұл – болашақта келісімшарттар жасаса қалсақ, ескерілуі тиіс тұс.
Түйін
Иә, еркін сауда аймағы бір жағынан пайдалы, бір жағынан зиянды. Мұны алдын ала ескермесек, опық жейміз. Сөз орайы келгенде, айта кетейік, өткен ғасырдың30-шы жылдарында Американы тұралатқан алапат дағдарыстың себебі экспорт-импорт тауарларына салынатын салық мөлшерінің тым шектен шығып кеткен мөлшері екені анықталған соң көп ұзамай АҚШ ұсынысымен өмірге «Сауда мен тарифтердің бас актісі» (ГАТТ – Генеральный акт торговли и тарифов) келді. Бұл осы күнгі дүниежүзілік сауда ұйымының негізі еді. АҚШ ғалымдары баж салығынсыз сауда-ның тиімді екенін дәлелдеп берген соң, дүниежүзінің көптеген мемлекеттері әлгі ұйымдарға біріге бастады. Иә, алғашында сауда қарқынды дамып, ол ұйымға мүше мемлекеттердің өрлеуіне қозғаушы күштей әсер етті. Уақыт өте келе «ши шықты». Жапонияның арзан да сапалы электронды тұрмыстық тауарлары АҚШ базарын жаулап алды. Мұндағы тектес өндіріс банкротқа ұшырай бастады. Осы сәтте АҚШ жағдайды түзету үшін Канада, Мексика мемлекеттерімен бірігіп, Солтүстік Америкалық үштік одақ құрып шықты. Бұл әрине, еркін саудаға қарсы бағытталған алғашқы протекционистік одақ болды. Сөйтіп, АҚШ Солтүстік Америка базарынан Жапония-ның өтімді тауарларын ығыстыра бастады. Бұл әлемге індет вирусындай тарады. Еуропада бүгінгі Еуроодақтың негізі болған «Ортақ базар» қалыптасты. Қысқасы, аймақтық мемлекеттер дүниежүзілік сауда ұйымының «еркіндігінен» одаққа бірігіп, қорғана бастады. Бұл да өмірдің ақиқаты.
Бұл күндері «Еркін экономикалық аймақ» құру тауарды келесі рынокқа тықпалаудың жаңа бір жолы болып алды. Қазіргі кезде АҚШ Еуроодақпен еркін экономикалық аймақ құру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Еуропада оған наразылық бiлдірушілер жиі-жиі бас көтеріп қояды. Не керек, тартыс күшейген. Мінеки, әлемдегі жағдай осылай болып тұрғанда, «Қазақстанға еркін экономикалық аймақты көбейту қажет пе, жоқ па» деген сұраққа толыққанды және ғылыми негізді жауап алмайынша іске кірісу ағаттық болар еді.
#аймақ #экономика #сауда #еркін #арнайы #қазақстан