Ұлттық экономика министрлігінің "Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру туралы кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның жобасында БЖТ жасаушылардың енді әрдайым бақылауда болатыны туралы айтылған.
"Атап айтқанда, айналымда жүрген қолма-қол ақшаның, көлеңкелі бизнесте немесе басқа да жасырын айналымда жүрген капиталдарды экономикаға барынша тарту көзделіп отыр. Соның ішінде төтенше жағдай уақытында бірыңғай жиынтық төлем жасаған азаматтардың да бұдан былай салықтық бақылауда болуы қамтамасыз етіледі. Яғни, олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасына еніп, уақытша әлеуметтік төлем алған қазақстандықтар БЖТ төлеуді жалғастырады", - деліген құжатта.
Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік төлем алу үшін БЖТ аударған азаматтардың бәрі жеке кәсіпкер болып саналатынын айтты.
"Үкіметтің беріп жүрген ескі мәліметтерінде өзін-өзі қамтитын азаматтардың саны – 2-2,8 млн. Олар салық төлемейді, сондай-ақ зейнетақы қорына ақша да жинамайды. Бірақ ол азаматтарды өзінің жанын бағу үшін пайда тауып жүргендер деп қарау керек. Батыс елдерінде такси жүргізушісі де, даяшы да, өзге де қызмет көрсететін салада еңбек ететін адамдар фискальдық органдарда тіркеледі. Мемлекетке табыс салығын төлеп отырады. Бізде осы жағы реттелмей келді", - деді Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов.
Оның айтуынша, әрбір өркениетті қоғамда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар салық төлеуі тиіс. Олардың ресми жұмыс істейтіндермен міндеттері бірдей.
Дәл сол жұмысшылар салығы есебінен жолдар салынып, жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтушылар еш мемлекет бюджетіне еш үлесін қоспай-ақ барлық игіліктермен пайдалануда. Атамұрат Шәменов бұл құбылысты әділетсіз деп санайды.
Сонымен қатар маман биліктің ел алдындағы, салық төлеушілер алдындағы міндетін тиісінше атқару керектігін мойындайды.
"Біздің билік жұмыссыздықты 4,8 пайыз деп аз көрсетіп келді. Бірақ сол ЕСП аясында пайда болған халықты қосса, Үкіметтің осы күнге дейінгі өтірігі шығады. Себебі, бұл азаматтардың ішінде жұмыс істеп жүргендерінен жұмыссыз жүргендері көп. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің енді осындай БЖТ ары қарай төлене береді деген жоспары бар болса, оларды қамқорлығына алып, жұмыспен қамтуы керек. Оқыту керек, соған қарай жұмыс беруі керек деп ойлаймын", - дейді ол.
Ал Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, экономист, бұрынғы Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков жергілікті атқарушы органдарының ТЖ кезінде әлеуметтік төлемді тарату процессін сынға алды. Ол биліктегі бар ақпараттың ыңғайлы етіп жүйелі түрде пайдаланылмағанына наразы.
"Әкімдік қызметкерлері қой бағып жүрген жоқ қой. Неге олар өз аумағында тұратын халықтың жағдайын, кімнің жұмыссыз екенін, кімнің салық төлемей отырғанын білмейді? Біледі, әрине. Төтенше жағдай кезінде елді шулатпай, сол тізім арқылы әлеуметтік төлемдер жасауға болар еді ғой. Ал қазіргі дағдарыс кезеңінде ЕСП төлеуге бұрынғыдай ешкімнің құлқы болмайды. Шын мәнінде, тіркелген ИП немесе шағын бизнесі барлар онсыз да бұл салықты төлеп келді. Мұның барлығы механизмнің сауатты жасалып, оның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуымен байланысты. Ең ұтымды жолы – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сонда мәселе өзінен-өзі жоғалады", - дейді экономист.
Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енгізілген болатын. Салықтың жаңа түрі 2024 жылға дейін күшінде болады.