2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев, ел халқына алғашқы Жолдауын жолдап, БАҚ-та толық мәтін жарияланған болатын.
Әдеттегідей тікелей эфир ұйымдастырылмаған. Осыған сәйкес интернет желісінде қоғамдық белсенділер тарапынан наразылық айтылып, кейбірі реніштерін де білдірген еді.
Саясаттанушылар болса, Жолдау мәтініне сараптама өткізіп, құрылым және стилистика жағынан тексеріп те көрген. Соның нәтижесінде, мәтінде ең көп кездесетін сөздерді анықтап, неше рет қайталанғанына назар аударған. Одан бөлек, алдыңғы жылдардағы Жолдаумен салыстырып, байланыс бар не жоғын анықтап, Елбасы ұстанған бағыттың әсерін де тексеріп үлгерген.
Сонымен қатар, журналисттер мен блогерлердің байқауынша, Жолдаудағы көтерген мәселелер, қоғамдағы өзекті трендтерге жауап ретінде қарастырылған.
Қалай дегенмен, Жолдауда позитивті және ұтымды тұстарды байқаған азаматтар да баршылық. Олар бірнеше бөлімдерді ғана мысалға алып, жағымды жақтарды көрсете келе, қоғамның Жолдауға деген позитивті көзқарасын қалыптастыруға ұмтылған.
Олардың қарсыластары болса, атап айтқанда, өзін оппозиционер деп санайтындар және ел билігінің саясатына қарсы жүрген топтар мен азаматтар, дәстүр бойынша «сол баяғы жартас» дегендей, сыни көзқарастарын білдірген болатын. Бірақ, ең қызығы, олардың келтірілген ойларында нақты конструктивті сын болмаған, тек даттау мен негатив.
Әлбетте жоғарыда келтірген әр тарапты түсінуге болады. Әрбір саяси топта немесе азаматтық белсенділер арасында игі, әрі дұрыс ойлар болған да шығар. Дегенмен, «қанша адам болса, сонша ой» дегендей, барлық тарап ешқалай бір ойға келе алмайтыны сөзсіз.
Ендігі кезекте, Мемлекет басшының халыққа Жолдау мәтінінің мағынасын, біз де бейтарап негізде, кейбір бөлімдерін қарап шықсақ.
Ең бірінші кезекте, қазақ тілінің мәртебесі жөнінде сөз сөйлегені қуантып отыр. Негізінен қазақ тілі – біраздан бері қарым-қатынас тілі болуы керек еді. Әрине, осы жерде кедергі келтіріп тұрған, заңдық негіз баршылық. Бірақ, осыны іске асыру үшін, қоғам өзінен бастаған дұрыс. Барлық қазақтар өзара және кез келген жерде қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Сонымен қатар, басқа ұлт өкілі болса да, тек қазақ тілін қолданған жөн. Сонда ғана өзге ұлт өкілдері амалсыздан мемлекеттік тілді үйрене бастайды. Ал осы тұрғыда барлығы іске асырылып тұрғанда, мемлекет тарапынан баяғы мәселе сақталса, онда әңгіме басқа болар еді. Осы жерде биліктен қазақ тілінің мәртебесі жайла талаптар қоюға болар еді. Әлбетте қоғамнан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер де сөйлеп, тілді білуі тиіс. Кез келген қызмет көрсетілетін орында жұмыс істеу үшін, мемлекеттік тілді білу туралы талап болуы хақ.
Бейбіт митингтер ұйымдастыру жөнінде де билік көзқарасты ауыстырған жөн. Шынымен, кез келген ұйымдастырушы жергілікті билікті тек ескертпе негізде ғана митингті өткізуі керек. Неге десеңіз?! Себебі, сол жерде қоғамның барлық мұңы мен зары айтылып тұрады да, билік содан қажетті ақпаратты алуы тиіс. Осы әрекетпен, билік пен халық арасында байланыстырушы көпір болатыны сөзсіз. Нәтижесінде, әр тарап өзекті мәселелерді біліп тұрады. Ал Мемлекет басшысы ұсынған ойды шамалы дамытқан жөн. Одан бөлек, оны мемлекеттік органдар тарапынан бұрмаланбай іске асырылуы хақ. Әйтпесе, біздің елде жоғарыда айтылған сөзді әркім әрқалай түсінеді де, ақырында ешқандай не нәтиже, не қорытынды болмайды.
Жолдауда сот шешімдері жөнінде де айтылған болатын. Билік неше рет реформа өткізгенімен ештеңе өзгермейді. Нәтиже болу үшін, басқарушы аппарат сотқа ешқандай ықпал жасамауы тиіс. Сотта қаралатын не жіберілетін кез келген іске аралыспауы тиіс. Сот толық тәуелсіз болған кезде ғана, әділетті шешімдер болады. Ал осы тарап іске асырылмай, айт айтпа еш нәтиже шықпас.
Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі, сол биліктің кесірінен нәтижелі болмауда. Себебі, бізде миллиардтап ақша ұрланады да, кінәлі тұлға миллиондап пара беріп, бірден немесе бірнеше жылдан кейін құтылып шығады. Сонымен қатар, егер парамен мемлекеттік қызметте лауазымды тұлға ұсталса, ол өзінің басшысымен бірге кетуі тиіс. Ал сол басшы осыдан кейін алдағы кем дегенде 7-10 жылда мемлекеттік қызметке жоламауы тиіс, оған сот негізде шектеу жасау керек. Нәтижесінде, кез келген басшы өзінің орнын жылы деп санаса, онда жүйеде болып жатқан былықтарды болдырмауға амалсыздан барын салады.
Жолдауда Ішкі істер министрлік саласына 173 миллиард реформалауға жіберіледі делінген. Бірақ, біздің ойымызша осы салаға 500-900 миллиард бөлінгенімен ештеңе өзгермейді, тек біреудің немесе бірнеше адамның шетелде есеп-шоты толылықтырылып, байып кетеді. Осы тұрғыда жүйені толығымен өзгерткен жөн. Себебі, құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің көбісі сол жүйемен сіңісіп кеткен. Ал оны тамырымен жұлмағанша түк те өзгермейді. Сол баяғы адам құқығы тапталып, қалталы адамдар жазасыз қалып, ал бейшара ақшасы жоқтар баяғыдай кінәлі болып қала береді.
Елдің экономикасы жөнінде де біраз ойлар айтылған болатын. Қалыптасқан жағдайға тереңдеп қарасақ, экономикамыз өте төмен деңгейде. Ал оның себептері көп. Қазбалай берсек, әр саладан мәселені табуға болады. Бізді қуантқан жағдай, шағын және микробизнеске үш жылға тексеру мен салық төлеу жағынан мораторий жариялауы орынды деп санаймыз. Себебі, ірі бизнеске қарағанда, кейде шағын бизнестен түсетін пайда көбіреу болуы мүмкін. Сонымен қатар, осы бағытта тиімді шешім қабылдау, көптеген өзекті мәселелерді шешетіні сөзсіз. Халықтың жұмыссыздығы, салық мәселесі, сауаттылық сияқты және тағы басқа жәйттар өз шешімін табатынына сенімдіміз.
Қорытындылай келгенде, Жолдауда әртүрлі бағытта біраз ойлар мен талаптар айқындалған. Кейбірі бойынша нақты шешу жолдары ұсынылса, кейбірі бойынша тек мәселені айқындаумен ғана шектелген. Ең бастысы, осы мәтінде көтерілген мәселелер Жолдау шеңберінде ғана болмай, мәселелерді шешу күнделікті өмірде дағдыға айналуы тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - дегендей, билік халықпен қоса бірегей өзекті мәселелерді шешуі керек.
жолдау, мемлекет басшысы, Ақорда, болашақ, Қасым-Жомарт Тоқаев