Еліміздің өңірлерінде орналасқан негізгі кен орындары мен ірі өндіріс ошақтары - көбінесе «Самрұқ Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамына қарасты компанияларға тиесілі немесе басқа Ұлттық компаниялардың меншігінде.
Енді солар қанша пайда табатынын, оны қалай жұмсағандарын әлеуметтік желіде және ғаламторда көпшілігіңіз байқаған боларсыз. Оған айғақтар келтіру қажет емес деп ойлаймын, барлығы да ашық қолданыста.
Одан бөлек аталмыш мекемелердің қандай бөлігі өз жұмысшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етіп отыр?! Қаншалықты еңбек ардагерлерін мадақтап, қол үшін көрсетіп тұр?! Сол сияқты өзекті сұрақтар мен мәселелер көп, ал жауап немесе тығырықтан шығатын механизм жоқ деп айтуға тура келеді.
Кезекті мақаламызды алдында хабарлағандай, «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС БМЗ мыс балқыту цехының металлург-балқытушысы болған Мақат Адамбайұлы Арзымбетовқа арнаймыз.
Мақат ағаның өмірі жақындарынан бөлек, сол «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС-мен тығыз байланысты болған екен. Демек өмірдің 40 жылдан астам уақытын осы мекемеге арнаған еді. Еңбек кітапшасында жұмыс орны туралы тек бір ғана жазу бар, осы – кәсіпорын.
Қазіргі уақытта, осындай жағдайды көп кездестіре бермейсін, жастардың көбісі өзіне ғана ұтымды жақтарын іздеп, жұмыс орындарын жиі ауыстыра береді. Шыдамдылық жетпейді, ал шын мәнісінде өмірдің жағдайы қысып тұрады, амалсыздық, шарасыздық. Бірақ бұл жөні бөлек әңгіме.
Ал Мақат Адамбайұлы болса, мыс балқыту цехына келгеннен бері, ең төмен дәрежеден бастап, жылдан-жылға тәжірибе жинақтап, білімін шындап, еңбек мансабының шыңдарына көтеріліп, жұмысшылар мен басшылық алдында қасықтап жинаған абыройын мығым ұстап тұр.
Оның еңбек жолындағы жеткен жетістіктері, енгізген жаңа әдістері мен жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында ойлап тапқан әрекеттері, әлі де қолданыста.
Өкінішке орай, өмір бір орында тоқтап тұрмайды. Одан бөлек әсер етуші фактор ретінде, билік қалыптастырған шикі жүйе де бар.
Арзымбетов мырза болса зейнетке шығып, немерелерінің қызығына тоймай жүр. Бірақ жақындарының әлеуметтік қажеттіліктерін өтеу үшін, толық іске асыра алмай отыр.
Мыс балқыту зауыты - екінші жанұясы болған мекеме Балқаш қаласында орналасқан. Ал өңірлердің төмен әлеуметтік жағдайын баршамыз білеміз. Тұрып жатқан бір бөлмелі пәтер, апатты үйде болып, күнде өмірімен арпалысып, өткен өмір шақтарын еске алуда.
Дегенмен, жұмыс барысында кәсіптік ауруларға шалдығып, денсаулығы сыр бере бастады. Ал өкініштісі, мекеме басшылығының зейнетке шығар жылдың алдында жасаған тірлігі мәңгі бақи есте қалатын шығар.
Арзымбетов Мақат, айтылғандай өндірісте өмірдің көп бөлігін мыс-балқытушы лауазымында жұмыс жасаған, соған сәйкес осы тұрғыда зейнетке шығысымен оның төлемақысы қазіргі алатын сомадан біршама жоғарырақ болуы тиіс еді. Бірақ облыстық медициналық комиссия тек соңғы 7 айда, кәсіптік ауруын байқап, слесарь лауазымына ауыстырады, сәйкесінше зейнеткер ретінде алатын төлемақы әлдеқайда төмен болып тұр.
Сонда неліктен, зейнетке шықанда оның бұрыңғы көп жылғы негізгі лауазымы ескерілмеген?! Неліктен өзінің өмірінің негізгі бөлігін жұмысқа, кәсіпорынға, Отанға арнаған ардагерді мекеме басшылығы ардақтап, тұрғын үймен қамтамасыз етпейді?!
Жергілікті әкімшілік бірден сөз қайтаруы мүмкін, облыста онсызда үй жетіспейді деп қысқа қайыруы ықтимал. Ал сонда осының барлығын біле тұра, қаншама табысқа ие бола тұра, неге үй соқпайды?! Меніңше қаражат жетерлік, тек оны қалтаға салмай, қажетті салаға бұрса, бұқара халық, жұмыскерлер риза болатын еді.
Алдымызда Президент сайлауы жақындап тұр, дамыған деген 30-50 елдің қатарына қосылуға ұмтылудамыз, ал өңірлердегі тұрғындар өмірдің ащысына дәм татып, әділетсіздікпен күн кешуде. Елдің даму көрсеткішін – тек Астана мен Алматы қалалары ғана емес, тұтас мемлекеттің гүлденуі арқасында дәлелдеген жөн.
Қорытындылай келгенде, Арзымбетов Мақат Адамбайұлы сынды азаматтар өмірімен арпалысып, күресуге мәжбүр. Амал нешік, қалыптасқан өмір осындай.
Қалай дегенмен, Арзымбетов мырза секілді азаматтардың абыройы мен ары таза. Халық алдында беделі орасан зор. Өкініштісі-ақ, сол абыроймен немересіне керек-жарақтарын әпере алмайды немесе Астанадағы – Бәйтеректі көрсете алмайды...
Пы Сы. Келесі қорытынды мақалада, тығырықтан шығу амалдарын қарастырып,
талап пен ұсыныстарға тоқтала кетеміз.