Адам өмірге келгеннен кейін, үнемі күресте болып, тағдырында неше түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал. Дегенмен, тығырықтан шығу амалдарын қарастырып, өмірдің ащы дәмін татып, күреседі екен.
Осы жағдайға ұқсас, 1964 жылы Қостанай облысында, еліміздің біртуар азаматы – Бертаев Төлеген Есенжолұлы дүниеге келеді. Жастайынан шымыр болып, спортқа қызуғышылығын танытады. Нәтижесінде 1973 жылы, шамасы 10 жасында алғашқы рет – еркін күрес спортымен шұғылдана бастайды да, 1978 жылы орта кәсіптік білім беру мекемесіне түсіп, студенттер арасында еліміздің чемпионы болып атанады. Оны аяқтап болған соң, әскерге барып, Мәскеу әскери округі бойынша спорттың үш түрінен чемпион атағына ие болады. Атап айтқанда еркін күрестен бөлек, классикалық күреспен және бокспен шұғылданады. Осыдан бөлек көптеген басқа да айтулы жетістіктерге жетіп, спорт шыңын бағындырып, көпшілікке үлгі болғаны сөзсіз.
Спорттан бөлек, өмірде болған жағдайлармен арпалысып, мықты мінезінің және батыл, ержүрек қасиеттерінің арқасында әрдайым жеңімпаз болып шығады.
Бірақ тағдырдың жазғаны болар, 49 жасқа келгенде денсаулығы сыр беріп, өмірде белгілі бір шешім қабылдау керек болады. Демек, не қайта мінезді көрсетіп, спортқа қайту, не ұзақ мерзімді ем қабылдап, нәтижесі белгісіз күйде қалу. Төлеген мырза өзінің өмірлік ұстанымына жақын жолды таңдап, қайта спортқа оралады. Жүгіру, турникке тартылу және т.с.с. әрекеттер күнделікті өмірдің дағдысына айналып, жастық кездегі формасына қайта оралуға тырысып, 2014 жылдан бастап қайтадан жарыстарға қатысуға шешім қабылдайды.
Ендігі кезекте мастерлер (ардагерлер) арасында да жігерін және күшін көрсетіп, азулы қарсыластарына дес бермейді.
Атап айтқанда, 3 жыл қатарынан Ресей Чемпионатын жеңіп, Әлем Чемпионатына қатысуға жолдама ұтып, еліміздің абыройын алға тартып, жеңімпаздар арасында табылады. Нәтижесінде 2014 жылы Сербияда – 3 орын, 2015 жылы Финляндияда – 3 орын, 2016 жылы Польшада – 2 орын иелінеді. Одан бөлек, 2017 жылы Украина чемпионы атағына ие болады.
Жарыстардан бөлек, басқару, ұйымдастыру және қайырымдылық жасау сияқты әрекеттермен де айналысады.
Спорттағы жетістіктердің және көшбасшылық қасиеттерінің арқасында, 2015 жылдан бастап Қостанай облысының Күрес федерацияның президенті болып тағайындалады.
Одан бөлек Ақмола облысы бойынша Ақкөл ауданында «Көмек беру – Благо дать» балалар қайрымдылық қорын ашады екен.
Аталған кішігірім лауазымдарының арқасында, жетім, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көп балалы мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолынан келгенше көмек те көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, халықаралық жарыстарға шыққан кезде, өз қамын ғана ойламай, мүмкіндігі келгенше бірнеше басқа да ардагер спортшыларды алып жүруге тырысады екен.
Бертаев мырза спорт саласынан бөлек, ғылымға да көңіл бөлуді үлгерген екен. Қазіргі таңда, ол Ресейдің экономика ғылымдарының кандидаты, доцент. «Сегіз қырлы, бір сырлы» - деп осы Төлеген ағамыз туралы айтуға болады.
Өкінішке орай, біздің елде күрес бойынша ардагер спортшыларға ешқандай мемлекеттік көмек, не қолдау жоқтың қасы. Не қаржы бөлінбейді, не басқадай қолдау жоқ. Барлық әрекеттерді тек өзінің қалтасынан шығын көтеріп, елдің абыройын көтеріп жүр.
Әлемдік тәжірибеге көңіл аударсақ, мысалы Иран елінің ардагер спортшысы Әлем Чемпионы атанса – 30 мың доллар шамасында сыйақы төленеді екен. Моңғолдар жаңа көлік сыйласа, орыс көршілеріміз шамалы болса да 5 мың доллар төлейді. Одан бөлек жарысқа барып-қайту үшін билеттерін де өкілетті органдардың өздері сатып алады. Осы сияқты қолдау шаралары жетерлік. Өкінішке орай, тек Қазақстан мен Қырғызстанда күрестен спорт ардагерлері әлемдік деңгейде орын алса, ешқандай көмек көрсетілмейді, не сыйақы бөлінбейді, не жол шығындары қарастырылмайды.
Белгілі бір кездері құзырлы мемлекеттік органдардың (облыс әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігі) қабылдауында да болған, бірақ әрдайым қаражат қарастырылмаған деген сылтау естіп келеді.
Жалпы спорт саласына келгенде, билікте әрдайым қаражат жеткіліксіз деп қысқа қайыратын әдеттері бар. Солай тұра, шетелден спортшыларды тартып, оларға мыңдаған доллар шамасында жалақы төлеп тұрады. Ал олар өз кезегінде, толық сенім ақтай алмай, допинг қабылдап, керісінше елдің «қасықтап жинаған абыройын шелекпен төкендей» тең болады.
Сондағысы, неліктен шетел спортшыларына бөлінген қаражатты, керісінше отандық жас ұрпақ спортшыларға бөлмеске? Егер оларға қазірден бастап, көңіл бөлінбесе, онда дарынды жастарымыз басқа елдің атынан жарыстарға шығып жүруге мәжбүр болады. Одан бөлек, ардагер спортшыларға шамалы болса да, қолдау көрсетіліп жүрсе, олардың ерең еңбектері мен жалғасып келе жатқан жетістіктері арқасында көпшілік қауымға үлгі болатыны сөзсіз.
Бертаев мырзаның ойынша, өңірлерде кейбір спорт түрлерінің және жаппай денешынықтырудың дамымауы, жергілікті басқару органдарының кесірінен болып отыр. Себебі, олар билікке жалған ақпарат беріп, алдаумен айналысуда. Атап айтқанда, шенділердің сөзінше аймақтарда халықтың кем дегенде 30% спортпен шұғылданады дейді де, шын мәнінде ол көрсеткіш әлдеқайда төмен. Сонымен қатар, сол спорт басқармалараның басшылары халық арасына шығып, спорттық жарыстарға, спартакиадаларға бірге қатысу керек, халықпен тығыз қатынаста болып, солардың арасында жүрген абзал. Ал олар болса, өз кабинеттерінен алыс ешқайда бармайды. Одан бөлек, сол өңірлердегі ардагер спортшыларды тартып, қолдау білдірсе, олар тарапынан да оң нәтиже болар еді.
Одан бөлек тығырықтан шығу амалдарының бірі, жылда елімізде өткізілетін «Конфедерация Кубогына» шамалы өзгеріс енгізу керек сияқты. Мысалы, АҚШ осыған ұқсас жарыста жас ерекшеліктерінің барлығы қамтылып, үлкен бәсекелестік туады да, спортшылардың біліктілігі мен сапасы артады. Осындай негізде, бізге де аталған тәсілдерді қолданған жөн. Демек кәсіби спортшылармен қоса, жасөспірімдер мен ардагерлерді қосу керек. Сонда өңірлерде қолдау да болады және спорт саласының дамуы арта түседі.
Негізінен, биліктің көптеген саласында бизнесмендерге, меценаттарға қысым көрсетіліп, халыққа көмек көрсетуге кедергілер жасалынада. Аталған спорт саласы да сол қатарда. Мысалы, Төлеген мырза өзі тұрып жатқан ауданында жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп жүріп, амалсыздан салық ретінде 20% шамасында мемлекетке төлейді екен. Бірақ оның мегзегені, тұрғындарды жаппай спортпен шұғылдануға баулу, мүмкіндіктерін жасау. Осы сияқты мысалдар көпшілік. Кейбір ағайындар туып өскен өз елді-мекендерінде шартты түрде футбол алаңын салғылары келсе, сол баяғы салықты төлеуге мәжбүрлі.
Сонда не билік халықтың жағдайын жасамайды, не басқа демеушілік білдіргісі келетіндерге де кедергі жасайды. Нәтижесінде, қазақстандықтар жаппай спортқа құмар емес. Соның арқасында, денсаулықтары сыр беріп, ауруларға шалдығады. Ал осы үрдіс өскелен ұрпақ үшін, негативті болатыны сөзсіз. Осы тұрғыда суицид бойынша еліміз әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда екенін ұмытпау қажет. Егер адамдар спортмен шұғылданып жүрсе, ондай теріс ой да келмес еді.
Сондықтан, биліктегілерге айтарым, егер жас ұрпақтың денсаулығы мықты болсын десеңіздер, спорттың барлық түрлері дамысын десеңіздер, елдің байрағы әлемдік деңгейде биікке көтерілсін десеңіздер, спорт саласына тезірек көңілдеріңізді бөліңіздер. Себебі, егер сол спорт ардагерлеріне қолдау көрсетілсе, жас ұрпақ арасында тәжірибе алмасу да, сабақтастық та болады. Сонда ғана өркениетті елдер қатарына қосыла аламыз.
Пы сы. Қазан айында күрестен өтетін Әлем Чемпионаты Грузияда өткелі жатыр екен. Ал оның алдында 7 қыркүйек күні Қырғызстанда Азия бойынша халықаралық турнир ұйымдастырылады. Соған сәйкес, мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, жақсынәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі туралы сеніммен айта аламыз .
Сонымен қатар, спорт саласында таратылып жүрген ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиададан кейін, енді жасөспірімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардан бөлек, қосымша ардагер спортшылар арасында да, төрт жылда бір қабат өтетін Олимпиада болмақшы. Соған әлем жұртшылығы бүгіннен бастап дайындалып жүрсе, біздің қазағымыз әлі ұйқыда, түк білмегендей отыр.
Ал егер біз, қазірден бастап мықты ардагер спортшыларымызды қолдап, көмек беріп жатсақ, олар әлі де көк байрағымызды асқақтап, әнұранымызды әлемдік дәрежеде ойнататыны зор сеніммен айтуға болады.
Осындай әрекеттермен, билік жасөспірімдер мен жастарға қатысты бірнеше мәселені шеше алады. Нақтылай айтқандай, патриоттық сезімдерін ояту, спортқа деген қызығушылығын арттыру, бұқара халықты денешынықтыруға баулу және т.б.
Төлеген Есенжолұлы көрген қиындықтарды сараптай келе, Олимпиада чемпионы, Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы - Сапиев Серік Жұманғалиұлына ашық хат жолдап тұр.
Қазақстан, спорт, әлем чемпионаты, спорт ардагері, Мәдениет және спорт министрлігі