USD 495.2
EUR 522.34
RUB 4.94
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

ЕЛБАСЫ, КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ немесе Қазақстанда қос билік орын алды ма?

  • 08.июня.2019, 09:30,
  • 2 154

Білікті маман иесі, әрі ұлтжанды, елдің патриоты - Мақсат Ілиясұлы, Елбасы мен Президент арасындағы билікті басқару мен басқа бағыттар бойынша заңдар мен Конституцияны талдап көрген болатын. Сонымен қатар, Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халық Ассамблеясы жөнінде ойымен де бөліскен болатын. Ойлары нақты айғақтар мен фактілермен бекітілген. Дегенмен, жоғарыда аталмыш мәселелер біраздан бері, әлеуметтік желіде және бұқара халық арасында, көптеп айтылуда. Интернеттің белгілі бір тренді деп айтсақ, қателеспейміз. Сәйкесінше, осы сараптамалық оймен бөлісуді жөн көрдік. Пікір мен ойларыңызды білдірсеңіздер, игі болар еді. Себебі, соның нәтижесінде пікір алмасу арқылы, шынайы ақиқатқа жете аламыз.

Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Қазақстан Республикасының Президенттігінен бас тартты.  Бірақ, ол Тұңғыш Президент – Елбасы  мәртебесін алып, елеулі өкілеттігі мен құзіреті бар ҚР Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы болып қала берді. Оның сыртында  «Нұр Отан» партиясының өмір бойғы төрағасы және ҚР  Конституциялық кеңестің тұрақты мүшесі болды.


Мұның бәріне ол  «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы», «Қауіпсіздік кеңес туралы» тағы басқа   ҚР заңдар қабылдап,  өзгерістер мен толықтырулар енгізу  арқылы қол жеткізді.


Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл әрекеті қаншалықты заңды, ҚР Конституциясына қаншалықты сай келеді деген сұраққа жауап іздеп көрейік.


Елбасы Президенттің құзіреті мен өкілдіктерін заңсыз тартып алды ма?

 

Бізде қазір мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлға Президент бар да, онымен қоса зор өкілеттілігі бар  Тұңғыш Президент — Елбасы бар.

ҚР Конституциясының 40-бабының 1- тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.


Ал Конституцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының мәртебесі мен құзіреті айқындалмаған.

Тұңғыш Президенттің құзіреті мен өкілеттері «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы»,-ҚР заңында белгіленген.

Енді осы заңның Конституцияға сәйкестігі туралы талдау жасап көрейік.


Байқағандарыңыздай, ҚР Конституцияға сәйкес мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындау, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ету Президенттің тікілей құзіреті болып саналады.


Ал, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы»,-заңының 1-бабының 5-абзацының 2-тармақшасының 2-абзацында «Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен — Елбасымен келісіледі.»,-деп көрсетілген.


Осы жерде «Егер Елбасы келіспесе Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындай алмай ма?», деген сұрақ туындайды. Оның үстіне бұл жағдайда Елбасы Президенттің Конституциялық құзіретіне қол сұғып тұрған жоқ па деген мәселе тағы бар. Бұл бір деп қойыңыз.


Екінші мәселе, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы»,-заңының 1-бабының 5-абзацының 2-тармақшасының 1-абзацында Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқару, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына өмір бойы кіру құқығы берілген. Оған қоса Парламен депутаттарының басым бөлігін құрап отырған, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлайтын «Нұр Отан» партиясын да Елбасы өмір бойы басқаратын болды.

ҚР Конституциясының 41-бабының 1-тармағына сәйкес Президент 5 жыл мерзімге сайланады және 44-бабының 1- абзацының 5-тармақшасына сәйкес  ол ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.


Бірақ «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы»,-заңына сәйкес Президент өзі құрған органның төрағасын өзі тағайындап немесе орнынан ала алмайтын болып тұр. Бұл жерде үлкен бір құқықтық сәйкессіздіктің орын алып отырғаны анық.  

Аталған заңның 3-бабында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайтыны белгіленген.


Мұндай айрықша артықшылық Конституция бойынша да, ҚР «Президенті туралы» ҚР заңында да Президентке айқындалып берілмеген. Олай болса, аталған заң бойынша Елбасының құзіреттері Президенттен де жоғары болып шығады.


Бұл дегеніңіз, біріншіден, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы»,-заңының Конституцияға сәйкеспейтінін, екіншіден, Елбасының заң бойынша берілген құзіреттерінің ҚР Конституциясымен үйлеспейтінін, үшіншіден, қазіргі жағдайда елімізде қос биліктің орын алғанын көрсетеді.

Қауіпсіздік кеңесі қандай орган?

 

ҚР Конституцясының 44-бабының 20- тармағында «Қазақстан Республикасының Президенті: Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;»,-деп көрсетілген.


Бұл жердегі «және өзге де» деген сөзді «басқа, бірақ дәл сондай» деп түсінген жөн. Енді «Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды...құрады»,-деген сөзге мән берсек, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің консультативтік-кеңесші орган екенін көреміз.


Олай болса Конституцияның  44-бабының 20- тармағында Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің және дәл сондай, яғни консультативтік-кеңесші органдарды құра алатынын айтады. Демек, ҚР Конституциясы бойынша, нақтырақ айтсақ оның 44-бабының 20- тармағына сәйкес ҚР Қауіпсіздік кеңесі консультативтік-кеңесші орган болып табылады.


Ал «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңының 1-бабында оған  конституциялық орган мәртебесі берілген.

Осының өзі аталған заңның Конституцияға сай емес екенін көрсетіп тұрған жоқ па?


Одан әрі таратып айтар болсақ, аталған заң бойынша Қауіпсіздік кеңесі конституциялық орган мәртебесін алу арқылы ол Парламент, Үкімет және Сот жүйесімен тең дәрежеге жетіп отыр. Яғни,  Қазақстанда биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот билігімен қоса төртінші билік тармағы пайда болды деген сөз. Ал мұндай жағдай ҚР Конституциясында жоқ.


Екіншіден, «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңының 1-бабының 2- тармағына сәйкес Елбасы Кеңесті өмір бойы басқаратын болса, аталған баптың 2-тармағы бойынша Президент Кеңестің құрамын Кеңестің өмір бойғы төрағасы, яғни Елбасымен келісе отырып қалыптастырады екен.


Бұдан шығатын қорытынды Президент өзі құрған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасын тағайындай алмайды, орнынан босата алмайды, тіпті Кеңестің құрамын да Елбасының келісімінсіз қалыптастыра алмайтын болып шығады.


Мұның бәрі ҚР Конституциясымен, ҚР «Президенті туралы» заңымен белгіленген Президенттің құзіреті мен мәртебесіне, оның ішінде Бас қолбасшы мәртебесіне қарама-қайшы дегенді білдірмей ме деген ой келеді.

 

 

Виртуалды Қазақстан халқы Ассамблеясы қандай мекеме?

 

Елбасы құрған Қазақстан халқы ассамблеясы виртуалды мекеме екені туралы осыған дейін де айтқан едім. Себебі, «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» ҚР заңында ассамблеяның құқықтық мәртебесі туралы «Заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын... мекеме» деп көрсетілген.


Бұл жердегі «заңды тұлға құрылмай» деген тіркеске мән берсек, «Мемлекеттік мүлік туралы» заң бойынша, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер мемлекеттік заңды тұлғалар болып саналады. Аталған заңның 123-бабында «Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады» деп көрсетілген. Демек, заң бойынша ҚР Президенті құрған мекеме мемлекеттік мекеме болып табылады және ол ресми тіркелуі тиіс. Ал, мемлекеттік тіркеуден өтпеген мемлекеттік мекеме заңды тұлға құқығына ие бола алмайды, яғни ол өмірде  жоқ, виртуалды нәрсе  деген сөз.


Демек, Қазақстан халқы ассамблеясы мемлекеттік мекемесі құқықтық тұрғыда өмірде жоқ мекеме және оның қызметі заңсыз болып шығады. Ассамблеяға кеткен қаржы да заңсыз, мақсатсыз жұмсалды деген сөз.


Енді осы өмірде жоқ, заңды тұлға болып саналмайтын, виртуалды, заң талаптарына сай емес Қазақстан халқы ассамблеясы ҚР Парламент Мәжіліснің тоғыз депутатын сайлайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 87-бабына сәйкес, Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы Ассамблея кеңесіне тиесілі.


Ең қызығы, ассамблея мүшелері екі сайлау дауысына ие болып отыр. Олар Парламент сайлауына Қазақстанның азаматы ретінде бір дауыс беретін болса, тоғыз депутатты сайлау үшін екінші рет дауыс береді. Мұндай жағдай бізден басқа ешбір елде жоқ шығар деп ойлаймын.

Сол Ассамблеяны Елбасы өмір бойы басқарады және оны орнынан алуға Президенттің құзіреті жүрмейтін сияқты.


Жоғарыда айтылған жағдайларға қарап Елбасы өзінің билігін сақтап қалуы мен оған, отбасына ешкімнің тиіспеуін қамтамасыз ету үшін   ҚР Конституциясының талаптарын бұзып отыр ма деген ойға қалдым. Тіпті ол Президенттің Конституциялық құзіреттері мен билігінің едәуір бөлігін, заңсыз тартып алғандай, елде қос билік орын алғандай көрінеді.


ҚР «Құқықтық актілер туралы» заңының 64-бабына сәйкес құқықтық актілер, яғни заңдар Конституцияға қайшы келмеуі керек және Конституцияға қайшы заңдардың күші жойылады.


Жоғарыда көрсетілген  жағдайлар елдегі тыныштықты, мемлекет қауіпсіздігін, ел тәуелсіздігін  сақтауға кері әсерін тигізуі мүмкін екенін де айта кету керек.


Бұл қайшылықтарды жою үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы», «Қауіпсіздік кеңес туралы» тағы басқа  заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексертіп, қайшы заңдардың күшін жоюға, Қауіпсіздік кеңес пен Қазақстан халқы ассамблеясын таратуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси ерік-жігері жете ме, әлде Елбасы бақилық болғанша шыдай ма, оны уақыт көрсетеді.

Біздің міндет, күдікті, күмәнді жағдайларды ашып көрсету, ескерту ғана.


Бұл менің жеке пікірім, ойым, пайымым. Ал елдегі білікті заңгерлер, саяси тұлғалар, белсенділер осы жағдай туралы не айтар екен? Бәлкім мен кейбір нәрселерді дұрыс түсінбей отырған болармын. Пікір қосыңыздар. Ел біздікі, жер мен мемлекет біздікі.

 


Редакция ойы автордың пікрімен тұспа-тұс келмеуі мүмкін

скачать dle 12.0
Авторы:
Тағы да оқыңыздар:
30.05.2019
26.05.2019
05.06.2019
05.06.2019
05.06.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930