Елдегі экологиялық ахуал жөнінде, әрбір қазақстандық біледі де, күнделікті өмірде кездестіреді.
Елордамызда 2020 жылдан бері «Талдыкөл» тақырыбы айналасында жүздеген наразылық шаралар, флеш-мобтар, кездесулер ұйымдастырылып, ақыр соңында қарсылық петицияға 15 мыңдай қол жиналып, Мемлекет басшының кеңсесіне тапсырылған.
Қала әкімдігі көл орнына үйлер мен әлеуметтік маңызы бар ғимараттар, саябақтар отырғызамыз дейді. Олардың сөзінше, құрылыс компаниясы көл айдынның тек 20 гектарын сақтап қалмақшы. Ал әу бастағы көлемі – 600 гектар болған!
Демек осы логикаға сүйенсек, олар көлдің көп бөлігін құрғатып, тағы сол «көзбояушылық» ретінде бірнеше пайызын ғана сақтап қаламыз дейді. Оның не пайдасы бар дейсіз ғой?! Оны біз де түсінбедік.
Негізінен, эколог белсенділердің сөзінше, Талдыкөлде құстың 28 түрі мекендеп, жыл құстарының 200-ге жуық түрі қонады. Одан бөлек, 90 шақты өсімдік түрі өседі.
Сонымен қатар, олардың сөзінше, 1913 жылы жасалған картаның өзінде, осы Талдыкөл бар делінген.
Ал Ақмола облысы көбінесе сулы-батпақты болуына байланысты, «Қызыл Кітапқа» енген құстар қорықтарымызға ұшып барғанда, Талдыкөл аралық тоқтау болып, күштерін жинақтауға көл жағдай жасайды екен.
Үлкен қарқынмен өсіп бара жатқан – Астана шекарасы күннен-күнге өсіп келеді. Ғимараттар мен үйлердің салыну қарқындығына таң қалуға болады. Қаланың бір ауданында бірнеше айдың шамасында болмасан, көз сенбейтіндей өзгеріп кетеді.
Сонда салынып жатқан қаншама үйлер, кімдікі, кімнің иелігінде сияқты сұрақтар туындайды. Осы құрылыс жүргізу қарқынына қарасақ, неге қазағым үй-күйсіз жүр, неге тұрғын үй жетіспеушілігі әлі де аса сезіледі?!
Үйдің жетіспеушілігі секілді мәселе күрделі, оны біз бөлек шығарылымда тақылайтын боламыз.
Талдыкөл тақырыбына қайта оралсақ, оның орналасуы, сол біз айтып отырған Астанадағы қазіргі таңда үлкен қарқынмен құрылыс жүргізіліп жатқан бір аудан териториясында.
Демек, көлдің орналасуы ірі құрылыс компанияларға кедергі келтіріп тұр деген сөз емес пе?!
Билігіміз кез келген дүниені әлем тәжірибесімен салыстырғанды жақсы көретінін ескерсек, дамыған елдер не істеп жатыр деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
Олар үлкен мегаполистер салған кезде, табиғатты бұзбауға тырысады. Атап айтқанда, АҚШ не басқа Батыс елдердегі саябақтарға қарасақ, біздікі секілді барлығы жасанды емес, сол өзінің табиғи күйінде қалдырды.
Демек, әкімдік, не Үкімет болашақта Астана ірі мегаполис болады деп жоспарласа, осы Талдыкөл секілді сулы алқаптарды сақтаған жөн. Себебі, осында тұратын қала тұрғындары аталмыш табиғат аясына зәру болады.
Керісінше, осы көлге жақын ағып өтетін Нұра мен Есіл өзендерін тартып, канал қазып, оны қажетті сумен нәрлендірмейді ме?! Меніңше, бұл шешім әлдеқайда дұрыс болар еді.
Бірақ, қайдағы айтып отырмын?! Қаланы о баста жоспарлаған кезде, бірқатар өрескел қателер жіберіп, көптеген дүниені ескермеген. Оның кесірін алдағы 2-3 жылда көретінімізге кепілдік беремін.
Ең қызығы осы тақырып айналасында, лауазымды тұлағалар, қала әкімі – Көлгінов, Президент әкімшілігі басшының бірінші орынбасары – Абаев пен Экология мен геология министрі – Брекешев өз ойларын білдірді. Бірақ бастапқы райынан қайтқан жоқ секілді. Демек, олардың шешімі бойынша көлдің 20 гектарын ғана сақтап, аббатандыру жұмыстарын жүргізбекші.
Енді міне Талдыкөл де ЛРТ секілді Үкімет үшін, қателік болайын деп тұрған секілді.