Түркістан облысы ӨКҚ мәліметіне сүйенсек, құзырлы органдар Түркістандағы қайғылы жағдай себептерін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр. Арнайы комиссия шұғыл брифинг өткізіп, алғашқы мәліметтермен бөлісті.
Оқиға болған жерді тексеру барысында ТЖМ, полиция, газ қызметкерлері жекеменшік үй 3 бөлмелі болғанын, онда ирандық стильдегі пеш орнатылғанын анықтады. Пеш тұрған бөлме үйдің ортасында, екі жағында екі бөлме орналасқан. Бұл туралы құзырлы орган басшылары қатысқан брифингте белгілі болды. Үй табиғи газға қосылған, өрт белгілері анықталған жоқ.
"Тексеру барысында пешке гофрленген бұрма қосылғаны анықталды. Ол пеште жанған қалдықты 1,5 метрде орналасқан қабырғадағы тесік арқылы далаға шығарады. Бұрма 5-7 сантиметр ғана. Күшті жел әсерінен пештегі айналым нашарлаған. Осыдан кейін улы газ үйдің ішіне траған", - деді облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов.
Облыстағы мемлекеттік қызметкерлер көмек ретінде бір күндік жалақысын аударуға ниетті.
"Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар кінәсі анықталса, заңға сәйкес жауапқа тартылады. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы жерлеу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қатысып жатыр. Жерлеу рәсіміне жұмсалған және басқа да материалдық шығындар толық өтеледі. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі", - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
#түркістан #газ #жарылыс #қайғылыоқиға #өлім #тжд