Жоғалған қызды іздеу барысында ашуланған тұрғындар полиция ғимараты маңындағы көлікті өртеген.
Сәтбаевта тәртіпсіздіктер түні бойы болған. Куәгерлердің айтуынша, адамдар баланы ұрлады деген күдікке ілінген адамда жазаға тартуды сұраған. Алдымен олар күдікті тұратын подъезді қоршап алған. Кейін жергілікті полицияның ғимаратына барған. Ғимарат маңында ашулы топ бірнеше көлікке жандырғыш қоспаларды лақтыра бастаған. Салдарынан бірнеше автомобиль жанып кеткен.
Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда қалада жағдай тұрақтанған. Сәтбаевқа облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бара жатыр.
"Бүгінде қаладағы жағдай тұрақты. Күдіктіні полиция ұстады. Тұрғындар үйіне кетті. Сәтбаевқа облыс әкімі бара жатыр. Құқық қорғау органдары істі тергеу үшін бар күшін салады. Тұрғындарды әртүрлі арандатуға сенбеуге шақырамыз", - дейді Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Шаповалова.
Айта кетейік, Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында тұрғындар баланы ұрлады деген күдікке ілінген адамды тергеусіз жазалауды талап еткен. Жоғалып кеткен 5 жасар қызды оның ата-анасы мен қала тұрғындары іздеген. Жоғалған қыз қаладағы пәтердің бірінде табылған. Онда ер адам болған. Қыздың неге онда болғанын полиция қызметкерлері анықтауы керек.
Жоғалған бала ауруханаға жатқызылғаннан кейін жергілікті тұрғындар күдікті тұрған үйдің подъезіне кіре бастаған. Олар бірнеше рет күдіктінің пәтеріне кірмекші болыпты. Кейін оқиғаның видеосы интернетте жарияланды.
#сәтбаев #қарағанды #наразылықшарасы #зорлық