USD 498.34
EUR 519.72
RUB 4.85
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Елордада полиция бірнеше белсендіні ұстады

  • 12.қазан.2020, 14:59,
  • 380

11 қазанда Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше белсендіні ұстап, босатты.

Қазақстанда "оппозициялық топ митингісі өтеді" деген күні яғни, 11 қазанда Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше белсендіні ұстап, кейін босатқан. Құқық қорғаушылар "полиция өкілдері белсенділердің еркін жүріп-тұру құқығына да қол сұға бастады" деп санайды. Полиция департаменті кей белсендінің ұсталғанын растады.

11 қазанда астаналық азаматтық белсенділер Айбек Сәбитов, Роза Мұсаева мен Марат Мұсабаевты көшеде полиция қызметкерлері ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа белсенділердің өзі хабарлады.

Айбек Сәбитов таңертеңгі сағат 11-де жеке шаруасымен үйінен шығып кетіп бара жатқан жерінен полиция қызметкерлерінің ұстап алып кетіп, кешкі 7-де босатып жібергенін мәлімдеді. Ол ешқандай хаттама толтырылмағанын, кезекші прокурор мен адвокаттың болмағанын айтады.

– Маған "саған қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты тергеу болады" дегенмен сұрақ қойылмады. Кешке қарай босатып жіберді, - дейді ол.

30 жастағы Айбек Сәбитовті осыдан шамамен бір ай бұрын Нұр-Сұлтан соты "билік өкілін қорлады" деп айыптап, 80 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салған еді.

Белсенді Марат Мұсабаевты да жұмысқа бара жатқан жерінен – Нұр-Сұлтандағы Тілендиев - Ақан сері көшелерінің қилысында ұстап, кейін сол жерден босатып жіберген. Ол өзін "полиция қызметкеріміз" деп таныстырған, қарапайым киінген адамдардың күш көрсеткеніне қарамастан көлікке отырудан бас тартқанын, кейін жол көлік полициясы келген соң босатқанын айтады.

Зейнеткер белсенді Роза Мұсаеваны да полицейлер үйінің алдынан ұстап алып кеткен. Оған Байқоңыр аудандық полиция бөлімшесінде "билік өкілін қорлау" бабына байланысты жауапқа тартылатынын хабарлап, 12 қазанға тергеуге шақырған.

Украинада тұратын Айдос және Наталья Садықовтардың "Бәсе" каналы осыған дейін қазақстандықтарды 11 қазан күні митинг өткізуге шақырған еді. Қазақстан билігін сынайтын "Бәсе" каналы митингі кезінде билікке үш талап қоятынын мәлімдеген: мажоритарлы сайлау жүйесіне көшу, сайлау кезінде бюллетеньді санау тәртібін өзгерту және партияны тіркеуді жеңілдету.

Белсенділер өздерінің ұсталуын осы митингімен байланыстырады және өздерінің бұл күні митингіге шығу ойы болмағанын айтады.

Нұр-Сұлтанда жуырда құрылған VERITAS тіркелмеген құқық қорғау ұйымының өкілі, ұйымның негізін қалаушы белсенді Назым Серікпекова құқық қорғау органы қызметкерлерінің белсенділерді еш негізсіз ұстағанын айтады.

– Олардың қолында не шақыру қағазы немесе қандай да белсенділерді ұстауға негіз болатын құжат болған жоқ. Бұл "митинг" деген сөздің билікке әсерін көрсетеді, - дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Азаттық тілшісінің сауалына жауап беріп, кей белсендінің ұсталғанын растады.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Марат Мұсабаев ұсталмаған, ал Айбек Сәбитов пен Роза Мұсаевадан "қылмыстық іс шеңберінде сұрақ-жауап алынып, үш сағаттан соң босатылған". Бірақ полиция департаменті нақты қандай қылмыстық іс екенін нақтыламады.

11 қазанда Алматыда арнайы жасақ өкілдері Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанына жиналған бірнеше адамды ұстап әкеткен. Ақтөбеде қала орталығында талаптарын айтқан екі белсендіге билік ескерту жасаған.

Биыл мамыр айында Қазақстан билігі "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылдаған. Заңның қабылдануы жөнінде мәлімдеме жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес" деген.

Ал жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар заңның пандемия кезінде қабылданып, қажетті дәрежеде талқыланбағанын, құжатта биліктен рұқсат сұрау тетігі әлі де сақталып қалғанын айтып, заңды сынаған.

Қазақстандық белсенділер жаңа заң қабылданғалы бірнеше рет митинг өткізуге әрекеттенді. Билік оның көбін заңсыз деп тапты. Бірінде пандемияға сілтеді, басқасында жиынның тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деді.




#елорда #полиция #белсенді #оппозиция 

скачать dle 12.0
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930