"2019 жылғы 5-15 тамыз аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласының аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Аталған оқу орнында жоғары оқу орындарының қызметіне қойылатын 78 талаптың 63-і сақталмағандығы анықталып отыр", делінген хабарламада.
Тексеру барысында бірқатар бұзушылық анықталған.
"Атап айтсақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік стандартының талаптары бұзылған; жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік ережелерінің талаптары сақталмаған; жоғары оқу орындарының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкессіздік фактілері анықталған. Сондай-ақ, оқуға қабылдау тәртібін, білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау тәртібін, академиялық демалыс беру тәртібін сақтамау фактілері әшкереленіп отыр", делінген хабарламада.
Сабаққа қатыспаған бірқатар студенттердің сынақ-емтихан сессиясына қатысу фактілері белгілі болған.
"Бұл ретте, аталған студенттер университетке ақша төлей отырып, сессияға жіберілген. Ведомость қағаздарында студенттің бағасы көрсетілмеген, алайда оқытушының қолы қойылған бос бағандар бар. Тіпті басқа аймақтарда тұрып жатқан және басқа ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын адамдардың университеттің штаттық қызметкерлері болып қызмет етіп жүру фактілері анықталып отыр", делінген хабарламада.