Республикалық комиссия отырысында ҚР жоғары оқу орындарына қабылдау бойынша үлкен дайындық жұмысының қорытындысы шығарылады. Биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша тағайындалады. ЖОО-ға қабылдау кезінде түсуші одан әрі қарай оқу үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды.
«2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Конкурсқа 64 452 түлек қатысуда. Әсіресе, инженерлік, IT-бағыттағы оқыту бағдарламаларына сұраныс жоғары. Мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс және IT-технологиялар саласына бөлінген. Бұл гранттарды ең лайықты талапкер жеңіп алады деп үміттенеміз», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.
Атап айтқанда, 8276 грант педагогикалық ғылымдарға, 4088 грант – жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға, 2200 грант – қызмет көрсетуге, 1615 грант – өнер және гуманитарлық ғылымдарға, 2435 грант – ауыл шаруашылық ғылымдар және ветеринарияға және 2183 грант – әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына бөлінген.