Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының бастамасымен қолға алынған бұл орталықта еліміздегі белгілі фотограф, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы жастарға дәріс оқып, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. Аталған орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен республикалық және өңірлік БАҚ басшылары мен өкілдері қатысты.
Түркістан облысының 1 жылдық мерекесінде ашылған бұл фотоклуб Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен тікелей жұмыс істейді. Түрлі тақырыптарда фотоэкспедициялар ұйымдастырып, өңірдегі туризмді дамыту ісін насихаттайды.
Фотоклубтың ашылу салтанатында қонақтар «Ұлы даланың Түркістаны» атты республикалық фотоэкспедиция мүшелерінің түсірген суреттерін тамашалады.
Түркістан қаласына көшіп келіп, арнайы фотостудия ашқан Асылхан Әбдірайымұлының жаңа бастамасы көпшілікті сүйсінтіп отыр.
«Түркістанды түлету - перзенттік парызым. Туған жеріме қайта оралып, осында шәкірт тәрбиелеу жөнінде шешім қабылдадым. Жаңа тынысы ашылған Түркістанның дамуына өз біліміммен, тәжірибеммен үлес қосқым келеді», - деген фотограф алдағы уақытта осы орталықта түрлі тақырыптарда дәстүрлі түрде көрмелер өткізіп, елдің мәдени-эстетикалық талғамын биіктететін жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.