Астық сақтайтын заманауи инфрақұрылымның болмауы – түйткілді мәселе. Сондықтан, диқандар өнімдерін егістік алқабында сатуға мәжбүр. Кейде, тіпті, ысырап болатын жағдайлар да кездеседі. Солтүстік Қазақстан (18%), Түркістан (21%) және Алматы (25%) облыстары көкөніс қоймаларымен нашар қамтамасыз етілген. Әрине, бұл, ең алдымен, фермерлердің жеке мәселесі екені белгілі. Бірақ, мемлекеттік органдар ынталандыру шараларын ұйымдастыруы керек, - деді ол.
Президент жиында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиялық мәселе екенін ескертті.
Сондықтан, Үкімет пен әкімдер бұған тиісті деңгейде көңіл бөлуге тиіс. Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті нашар дамыған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімді экспортқа шығару жоспары 85 пайызға орындалған. Осы ретте, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2025 жылға қарай 2,5 есеге ұлғайтуды Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты етіп белгіледік, - деді ол.
Тоқаев сауда және интеграция министрлігі тарапынан экспортқа тиімді көмек беріліп жатқаны байқалмайтынын да айтты.
Қайта өңдеу секторын дамытпаса, агроөнеркәсіп кешенінің өсімі бұрынғы деңгейде қала береді. Мемлекеттік қолдау шаралары осы салаға бағытталуға тиіс. Азық-түлік өнеркәсібін дамыту құзыреті жақында Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Министрлік шикізат және өңдеу секторларын дамытудың біртұтас тәсілін енгізуі керек. Жер – ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі факторы. 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз қажет, - деді ол.
#ауылшаруашылық #экспорт #өнім #экономика