«Бірінші, Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, «Ауыл - ел бесігі« жобасын қаржыландыруды 2020-2026 жылдары 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жалпы барлық бағдарлама бойынша, соның ішінде жергілікті инфрақұрылым, автожол желісін дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету және басқа да бағдарлама бойынша 2 трлн теңге қарастырылған. «Ауыл - ел бесігі« жобасы ауылдық елді мекендерді дамыту ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту мен жұмыс орындарын құруды көздейтін басқа да құжаттар аясында жүзеге асырылады», - деді Асқар Мамин. Оның айтуынша, екінші, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қаржының ұлғаюына байланысты даму әлеуеті жоғары және спутниктік елді мекендердің тізбесін осы айдың соңына дейін қайта қарауы тиіс. 2026 жылға дейін әрбір жылға бөліп және қажетті қаржы көлемін көрсетуі қажет. «Жыл соңына дейін Үкіметке 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл - ел бесігі« жобасын енгізсін. Үшінші, әкімдіктер 30 пайыз шамасында бірлесіп қаржыландыру көздерін айқындауы керек. Бұл ретте қалған 70 пайыз республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сонымен қатар даму әлеуеті жоғары және спутниктік елді мекендерде іске асырылатын жобалар үшін бюджеттен тыс қаражатты тарту көзін анықтау керек. Жобалардың қажетті құжаттарын дайындап, әрбір даму әлеуетті жоғары және спутниктік ауыл үшін экономикалық даму жоспарын жасау қажет. Ұлттық экономика министрлігі жобаға тұрақты түрде мониторинг жүргізсін», -деді Үкімет басшысы.
Қайнар көзі: https://www.inform.kz/kz/