Қазіргі экологиялық тұрақсыздық адамзат тарихында бірінші емес екенін де барлығы біле бермейді. Шамамен 3 – 4 мың жыл бұрын суармалы егіншілік алғашқы аймақтық экологиялық дағдарысқа алып келді. Егіншіліктің алғашқы ошақтарында қазіргі уақытта топырақ эрозиясы салдарынан шөлді жерлер орналасқан. Егер ежелгі қарапайым ауыл шаруашылығының өзі табиғи эко жүйелерге зиянды әсер етсе, заманауи ауыл шаруашылығының өндірісі туралы ойланып көрейік.
ХХ ғасыр ауыл шаруашылығының күшеюімен, оның механикаландырылуымен және химияландырылуымен сипатталады. Үлкен аумақтардың терең жыртылуы топырақтың күшейтілген жел және су эрозиясына алып келді, бұрын ешқашан болмаған жерлерде шаңды дауылдардың пайда болуына себепші болды. Тракторларды, комбайндарды және басқа ауыл шаруашылық машиналарын пайдалану топырақтың қысылуына алып келеді, нәтижесінде топырақ өзінің сүзулік сипаттамаларын жоғалтады және жер асты суларын тазалау функцияларын орындауды тоқтататын болады.
Топырақ құнарлылығын жоғарылату мен зиянды жәндіктермен күресу мақсатымен бірнеше жыл барысында тыңайтқыштар мен пестицидтардың түр-түрі қолданылады.
Топырақты ауыр металдармен (сынап, қорғасын, кадмий, марганец, мыс, хром, цинк, кобалт, никель), сондай-ақ мышьяк пен фтормен ластау минералды тыңайтқыштар себілген кезде іске асырылады, минералды тыңайтқыштарда бұл заттар балласты қосылымдар ретінде қамтылған. Әлемде тыңайтқыштардың 20 млн. тоннадан астам түрлері қолданылатынын ескере отырып, топыраққа бұл ластаушы заттардың зиян масштабы айтарлықтай екенін түсінуге болады.
Тыңайтқыштарды тым көп пайдалану топырақтың улы заттармен қанығуына алып келеді, осының кесірінен топырақ өз құнарлығын жоғалтады, алқаптардан тыңайтқыштардың шайылуы су тоғандарын ластайды. Зиянды жәндіктерден өсімдіктерді қорғау үшін қолданылатын пестицидтер адам мен басқа ағзалар үшін қауіпті. Хлор органикалық көмірсутек болып табылатын пестицидтер қоршаған ортада ыдырамайды және нәтижесінде бүкіл планета бойынша тамақ тізбегіне, ауыз суына тарайды. Пестицидтердің барлығы адам үшін мутагендік немесе басқа теріс әсер етеді.
Сондықтан да, пайданы табу мақсатымен немесе күн көріс мақсатымен ауыл шаруашылығы жүргізілсе де, табиғатымыз беретін мүмкіндіктерді саналы және мұқият түрде пайдалана білейік.