Әнуар Сүлейменов мониторингте ірі бизнестің 342 субъектісі тұрғанын хабарлады. Оның 98-і жер қойнауын пайдаланушылар, 244-і экономиканың түрлі секторларындағы ірі салық төлеушілер. Оларға мемлекеттік бюджетке салық түсімдерінің 43,7%-ы және республикалық бюджетке 51%-дан астамы тиесілі.
"Ірі бизнес субъектілерінен мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер жыл басынан бері 1 270 млрд теңгеге немесе 36%-ға ұлғайып, 3 302,3 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 840,1 млрд теңгеге немесе 50%-ға ұлғайып, 2 520,7 млрд теңгені құрады", - деп қосты спикер.
Экономика секторлары бойынша түсімдердің ұлғаюы мынадай:
• көтерме және бөлшек саудада 26%-ға немесе 274,8 млрд теңгеге өсті;
• өңдеу өнеркәсібінде 17,4%-ға немесе 184,8 млрд теңгеге өсті;
• қаржы және сақтандыру қызметі, жылжымайтын мүлікпен операциялардан 14,2%-ға немесе 151 млрд теңгеге өсті;
• құбыр арқылы тасымалдау 38,7%-ға немесе 33 млрд теңгеге өсті.
Сүлейменов түсімдердің ұлғаюы пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру және салықтық реттеу сапасын жақсарту кезеңіне келгенін айтты.
Жалпы, 2021 жылдың 9 айында ірі салық төлеушілерге қатысты 34 салықтық тексеру аяқталды. Жүргізілген тексерулер нәтижелері бойынша 46,5 млрд теңге салық мен өсімпұл қоса есептелді.