Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторының дамуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, агроөнеркәсіптік кешендегі ахуал туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.
Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жеткенін және сенімді қалпына келу серпінін көрсетіп отырғанын атап өтті.
Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 5,8%-ға, сауда саласында 9,1%-ға, байланыс саласында 12,8%-ға, сондай-ақ құрылыста 11,4%-ға өсу қарқынының күшеюуі жалғасуда. Осы жылдың 8 айында елімізде 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім фармацевтикалық өнім өндіру көлемінің 40,8%-ға, машина жасаудың 23,9%-ға, мұнай өңдеудің 9,2%-ға, былғары бұйымдарын шығарудың 8,4%-ға, азық-түлік өнімдерін өндірудің 4,8%-ға және химия өнімдерінің 2,2%-ға ұлғаюымен байланысты.
ОПЕК+ аясында мұнай өндіруге қойылған шектеулерді ескере отырып, тау-кен өндірісі секторындағы өсу қарқыны шектеулі (-1,4%) болып қалып отыр. Көрсетілетін қызметтер секторындағы өсу қарқыны қалпына келіп жатыр және қазіргі уақытта саудадағы (+9,1%) және байланыстағы (+12,8%) жоғары динамика есебінен 2,3%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 18%-ды құрады. Бұл құрылыста (+150,1%), өңдеу өнеркәсібінде (+81,7%), ауыл шаруашылығында (+43,2%), саудада (+39,9%), ақпарат пен байланыста (+37,0%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+16,2%) және көлік қызметтерінде (+9,0%) негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көрсеткіштері есебінен орындалды.
Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындылары бойынша Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысы ең төменгі көрсеткіштерге ие.
Үкімет басшысы әкімдіктерге көрсеткіштердің төмендеуі мен баяулауы байқалатын экономика секторларында өсу қарқынын арттыруды, экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге бағаны ұстап тұруды күшейту, Сауда және интеграция министрлігіне Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін іске асыруды нақты үйлестіру тапсырылды.
"Барлық өңірлер әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет", — деді Мамин.