USD 524.58
EUR 551.91
RUB 4.93
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат

  • 20.қыркүйек.2020, 15:15,
  • 1 245

Бүгінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік өркениетке қол созған егемен еліміздің ұлттық рухани құндылықтарын ұрпағына қайтару арқылы төл тарихымызға рух беріп, кең мемлекеттік қолдау жасап отырған сара саясатын мемлекетіміздің көзі қырағы азаматтарына оқылып бітпеген, соңғы нүктесі қойылмаған «ашық кітаптай» болып отырғаны ақиқат. Өйткені, біздің тарихымыздың тамыры тым тереңде, әріде жатыр.

Тарихшылар халықтың басынан өткен небір қиын-қыстау дәуірді ғасырлар қойнауынан үлкен ыждағаттылықпен жоғалтпай жеткізсе, ал сол тарихты ұлы тұлғалар жасайтыны белгілі. Міне, осындай тұғырлы шақта ел тірегіне айналған Н.Ә.Назарбаев соңғы бес жылдың көлемінде халқымыздың рухани өрлеуі жолында аянбай тер төгіп келе жатқаны көпке аян. Бұл мақсатты жұмыстар әрине, бірінші кезекте жас мемлекетімізді әлемге жақын танытумен ерекшеленсе, екіншіден ел ертеңі, ұлт болашағы жастардың бойына ұлтжандылық қасиеттерді сіңіруге негізделген. Сондықтан да ұлы бабаларымыздың ізі қалған төл тарихымыз бен қасиетті құндылықтарымыздың өрісін ашу мақсатындағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың баянды бастама­ла­рының маңызы зор. Президенттің киелі ұлтымыздың ұлысына айналған тарихи бірігудің жолындағы таңбалары басылған Ұлытаудың етегінде берген сырлы сұхбаты мен «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының берері мол. Егер өмір толқындарының бір орнында тұрмайтынын ескерсек, тарлан тарих әрбір ұлттың айнасы, оның жүріп өткен жолы. Ал, қоғамның назарын өзіне айрықша аударған осы құнды дүниелердің талаптарын орындау барысында елімізде ұлан-ғайыр тірліктер жасалды. Отандық ғалымдар тарапынан мыңдаған тарихи еңбектер жазылып, жүздеген зерттеулер жүргізілді. Осы жағдайларды білу, мұндай қамқорлықтарды сергек сезіну бүгінгі өскелең ұрпақтың, жалынды жастарымыздың ақ адал парызы. Өйткені, дана халқымызда «өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» деген аталы сөз бар. Бүгінде түрлі мамандықтар игеріп, алды жұмысқа, арты сол жолға дайындық үстінде жүрген жастарымыздың ертең-ақ ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне бел шешіп, білек сыбана кірісері табиғи заңдылық.
Ал елімізде жастарымыздың терең білім алуына, ғылыммен айналысуына, шағын және орта бизнес саласында өз ісін ашу, түрлі байқауларға түсіп мемлекеттік қызметке орналасуына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бірақ осы жолда жүрген жастарымыз өз тарихын терең білмесе, ұлттық құндылықтарына бей-жай қарайтын болса, онда олардың ертеңі күмәнді, болашағы тұманды болары ақиқат. Келешекті көре, болашақты болжай білетін кемеңгер Елбасы Н.Ә.Назарбаев жастарымызды осындай тексіз қылықтардан сақтап, жаңаша креативті ойлау биігіне шығып, ата-бабалар сілемін салған ұлы жолымен жүруге үндеп келеді.
Биылғы күздің шуақты күнінде өмірге келген Н.Ә.Назарбаевтың қоғамның рухани дамуына арналған тың мақаласы өткенді көрген, бүгінімен тыныстаған ел-жұртын атадан қалған мұралар мен бай қазыналы дәстүрлерді жаңғырта отырып, тарихи сананы серпілтуді мақсат етіп отыр. Бұл жәй ғана мақала емес, философиялық терең мәні бар, білген жанға стратегиялық мақсаты маңызды аса құнды дүние. Бұл мақаланың өрнекті мазмұнынан ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпаудың өшпес іздері айқын байқалады.
Сан ғасырлар өзгенің езгісінде болып, ұлттық құндылықтарынан, оның ішінде тілі мен ділінен, салты мен дәстүрінен ажырап қала жаздаған ұлт үшін рухани өсу мен өркендеудің ешуақытта кеш болмасы анық. Өйткені, біздің халықтың терең тарихы әріден бастау алады. Міне, осы тұста Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты рухани болмысы мен тарихи сананы жаңғыртудың өзегіне айналған мақаласы қалың елдің қызу қолдауына ие болып отыр. Тасқа басылған мәңгілік тарихы бар халықтың өткенін кім іздейді? Әрине, ата жұртын мұратқа, халқын өрге, ұрпағын шыңның биігіне жетелеген ұлт перзенті іздейді. Ұлттың қамын жеген, өткен тарихын жете білетін ер іздейді. Сондықтан да Ұлт көшбасшысының ой-толғау мақаласы ертеңім қалай болар, болашақтың бұлты қалай қарай ауар екен деген елдің ойына бүкпесіз жауап қайтарады. Бүгінгі тәуелсіздіктің қызара атқан таң шуағынан бастап ұлт тізгінін қолына алған Мемлекет басшысы ұрпағына ұлы бабаларының есімдерін қайта ашып, жоғалтқанын тауып, өшкен отын жаққанын ешкім де ұмыта алмас.
Кеңістік пен уақыт – философия­лық өлшем. Елбасы Ұлы дала төсіндегі ата-бабаларымыздың даңқты жолдарын осы кең ауқымды философиялық ажырамас егіз ұғыммен тығыз байланыстыра келе, қазақтың қанына біткен атқа міну мәдениеті мен жылқы малын тұңғыш қолға үйрету дәстүрін өте дәлелді жеткізе білгеніне еріксіз сүйсінесіз. Жылқы малын кие тұтқан біздің халық үшін бұдан асқан мәртебе жоқ екенін білемін. Өйткені, бүгінде төрткүл дүниеде атқа мінбейтін халық, жылқы күшін пайдаланбайтын ел жоқ. Бірақ ерге серік, ұлға қанат болған жылқы малын алғаш бас білдіріп, қолға үйреткен қазақ халқы екенін дөңгелеген дүние біле ме? Әй, қайдам. Біреудің білгісі, біреудің зерттегісі келер, бірақ көптің ойына келе бермесі ақиқат. Ал Елбасы осы мәселені жаһанға жар салып, «Ботай» қонысынан табылған қазба жұмыстары арқылы мақтанышпен жеткізеді. Дейтұрғанмен, «Ботай» қонысындағы табысты жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінен осы жылқы жануарының болмысын зерттеп жүрген әлем тарихшылары хабардар емес деп кім айта алады. Кейде кешегі қазақ даласы мен оның салт-дәстүрлеріне, өнері мен мәдениетіне өте үлкен қызығушылық танытқан көптеген жат елдің жиһангездері артында жылқы баласын аса жоғары бағалаған, құрметтеп, кие тұтқан қазақ халқы жайлы бір үзік сыр қалдырмады ма екен деген ойда қаласың. Бірақ қазақ халқы барда бағзы заман жырларынан жеткен Қобыландының Тайбурылы мен Алпамыстың Байшұбары, Қамбар батырдың Қарақасқасы мен Ақанның Құлагерінің ұрпақтары мәңгі бірге жасары анық.
Бірде данышпан ойлы академик Әлкей Марғұлан «Жылқы мен қазақ айырылмас дүние» деп айтқан екен. Енді міне, Елбасы осы атқа міну мәдениетін жаңғырта отырып, ұрпағына бойын жат қылықтан аулақ ұстап, еріксіз басқа дүниеге еліктеуден алыс болса екен дегендей ой тастайды. Жастар болса жылқы малынан жиренбей, құлынын құшақтап, тайын бас білдірер, сәйгүлігін үкілеп аламан бәйгеге қосар кездері де алыс болмас деген пікірдемін.
Екіншіден, бүгінгі жастар үшін осы мақаладағы «Тарихи сананы жаңғырту» тарауындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында Елбасы ұлтымыздың ұмытылмас тұлғалары әл-Фараби, Ясауи, Күлтегін, Бейбарыс, әз Тәуке, Абылай, Кенесары мен Абай сынды тұран тұлғаларының Ұлы дала елінде дүниеге келгенін паш етеді. Бұл есімдердің сыртында халқымыздың маңдайына біткен қаншама баһадүр батырлар мен берен билер, шежірелі шешендер мен суырыпсалма ақындар, нотасыз-ақ ғұмыр кешкен дәулескер күйшілер мен ән өнерінің жауһарлары сияқты ұлтымыздың ұлы тұлғалары жатыр десеңізші… Осы ұлы есімдер жастарымыздың толассыз дамуы мен рухани жетілуіне кепіл боларына ешкім де күмән келтіре алмас деп ойлаймын. Міне, сондықтан да көк құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарымыз үшін көптен бері үздіксіз айтылып жүрген тұлғатану мәселесі осы ұлы есімдерден басталары сөзсіз. Осындай шақта ұлт тұлғаларын тануға ұмтылған жастарымыздың төл тарихына айрықша зер салар кезі келді. Алысты алаламайтын, жақынын жамандамайтын, көршісіне көз алартпайтын, ұрпағына бар мейірімін төккен қазақ халқының тарихы шын мәнінде «Мәңгілік Ел» идеясын берік ұстанып отырған мемлекетіміздің келешегіне аса қажет екендігі айдан анық.
«Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» деп мақалада өз ойын қорытындылаған Елбасы қаламынан Ұлы дала тарихын жастарымызға үлгі-өнеге ете отырып, ұлт болашағын ұлттық құндылықтарымызбен сусындату туралы еліміздің саналы жұртының алдына келелі міндеттердің жүктеліп отырғаны уақыт шындығы. Біз тарихи мақаланың тағы да бір ерекше қырынан ұлттың рухын күшейтіп, көпке қуат берген, болашаққа деген сенім-нанымын нығайта білген Қазақстанды жеті жұртқа танытып, Ұлы даланың жеті қырын жаңаша ашып көрсеткен Ұлт көшбасшысының кемеңгер тұлғасын көреміз.



#ұрпақ #аманат #мұра #тарихимұра 

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
06.09.2020
19.08.2020
15.08.2020
27.07.2020
07.07.2020
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Желтоқсан 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031