Елдің мыңдаған жылдар қоныстанып, кіндік қаны тамған жерінің ұрпақ үшін киесі бар, киелі жердің әрқашанда иесі бар. Елді мекен атауына тарихи негіздеме іздегенде алдымен оның иесін анықтап, артынан оның сол жерге қатынасынан немесе жердің адам өмірін айқындаудағы алатын орнынан туындаған атаудың мағыналық, тарихи негізіне үңілуіміз керек. Қазақстанның оңтүстігіндегі ортағасырлық қалалардың, хан ордаларының пайда болуы, қалыптасу тарихы мен дамуы өте күрделі мәселе. Әсіресе жекелеген қалалар мен қамалдардың даму тарихындағы өзіндік ерекшеліктерін анықтау және олардың дамуындағы басқа да қалаларға ортақ белгілерін ажырату қиын. Қазақ елінің ортағасырлық археологиясында қалыптасу тарихы тыңғылықты зерттелген қалалар мен елді мекендер өте аз. Олардың қатарында Испиджаб, Нуджкенд, Шарапкент, Тұрбат қалалары бар. Міне, сондай зерттеуден тыс қалып келе жатқан қала- қорғанның бірі Төрткүлтөбе – Есімхан ордасы. Есім хан ордасының бұзылып жатқан бөліктерінде кең көлемде тазарту жүргізіп, бұл ескерткіштің даму тарихына қатысты мол деректер алуға болатынын ескерсек, бұл жобаның аса өзекті екенін айқын көруге болады. Сонымен қатар ескерткіш маңайындағы көптеген тарихи орындардың (Мыңшейіт, Хантөбе, Ботбай мазар, Шүңкілдек әулие, Нұрата, Қақпатас, т.б.) сақталғанын да айқындап зерттеуге мүмкіндік туар еді. Төрткүлтөбе – Есім хан ордасы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Кеңесарық ауылының іргесінде, Шымкент қаласынан шығысқа қарай 55 шақырым жерде, Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора өзендерінің тоғысқан тұсында. Мұндай табиғаты тамаша, «Үш өзеннің құйғаны» аталатын сұлу жер білуімізше Венгрияда ғана бар екен. Ақсу, Сайрамсу өзенінің жағасын жағалап жүрген ортағасырлық керуен жолының бойында орналасқан бұл ескерткіш бүгінгі күнде үлкен төбе, қираған қамал болып жатыр. Төрткүлтөбенің аумағы Отырартөбеден әлдеқайда үлкен. Бұл биіктен қарасаңыз, Шымкент қаласының шет аймағына дейін алақандағыдай көрінеді. Бұл жерді жергілікті халық «Төрткүлтөбе», «Есімхан ордасы», «Дәуіттөбе» қамал-қалашық орны деп бүгінге дейін айтып келеді. Тарихи орын осы аймақты мекендеген халыққа ертеден-ақ белгілі. Халық арасында оған қатысты аңыз-әңгімелер сақталған. Осы ауылдың көкірегі хат, құймақұлақ қариялары Пошатай Бишымырұлы, Бейсенбай Байәліұлы бұл жерлерге қатысты бірнеше нұсқада аңыздарды шертетін, бірақ қатаң саясаттың кесірінен оған назар аударып, жадқа жаттайтын адам болмапты. Төрткүлтөбе осы уақытқа дейін толыққанды зерттеліп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген емес. 2007 жылы бұл ескерткішті тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Дөкей Талеев және өзбекстандық атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы Рустам Сулайманов аралап көріп, оның Батыс Түрік қағанатымен сабақтас ескерткіш болуы мүмкін екендігін айтқан. Бұл тарихи мекеннен жергілікті адамдар көптеген көне заттар: құмыра, ыдыс сынықтарын, садақ жебелерін, адамның ірі сүйек қаңқаларын, күйдірілген кірпіштен жасалған су жүйелерін, т.б. бұрыннан тауып келеді. Бұл жерден табылған бірнеше құндылықтар Леңгір қаласындағы музейге (директоры Зәуірбеков Құрасбек) қойылған. Осы қасиетті жердің ие, қорғаушысы ма екен, Кеңес Одағы кезінде ауылдың төрт-бес қариясы ұзындығы 2 метр шамасындағы, жуан, қозыбасты айдаһарды (жылан) көргендерін әрқайсысы айтып отыратын. Оның ешқашан мал-жанға тимегенін әңгімелейтін. Бұл жердің ежелгі аты Қара Шора болған болу керек. Оған бірден-бір дәйек бүгінгі заманға дейін сол жер атауының сақталуы. Тек жергілікті халық тіл оралымына сай Қарасора атап кеткен. Ал бұл жерде қаптаған сора өсімдігі ешқашан болмаған. Қалың қарағаш, ну орманды жер болған. Ал Қарашораның Түркі қағанатының қолбасшысы болғанын қытай жазбаларынан білеміз, оның сонау Византияға дейін жорық жалауын көтергені тағы да аян. Оның жазғы ордасының бірі осында болуы мүмкін ғой. Оны атақты ғалым Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабындағы мына мәліметтер де негіздей түседі: «Естеми мен Қарашора түркінің әскербасы ғана емес, сонымен бірге асқан әкімшілік иесі болғанын мойындауға тура келеді. Олар өздері жаулап алған елдерді жерұйыққа айналдырды» – деген. Ол 576 жылы Естемидің орнына отырып Түрік-тардуш хан атағын алған. Әрине ол дәуірді терең зерттеуге ден қоюымыз керек. Төрткүлтөбе қасиетті Сайрам әулиелер мекеніне тиіп тұр. Шежірелі қарт Ереген Ағыбайұлының (марқұм) һәм ескі қария сөздердің айтуынша, топан судан кейін алғаш кеуіп, құрғаған жер – қарт Қазығұрт тауы маңындағы кәрі Сайрамның орны екен. Өйткені, күншығыс тараптағы өзге жерлерден ол орынның 40 метр биіктігі бар көрінеді. Аңызда былай делінеді. Нұх пайғамбар «Қай жерден нұр жарығы шықса, сол араға қала саламын», – депті. Сонда Кәрі Сайрамның орнынан нұр көрініпті. Бағзы заманалардан нұр төгілген жерді іздеген Ұлы Дала перзенттері неге көшпелі өмірді аңсаған деген сұраққа осыдан-ақ жауап табуына болады. Бұл Нұр мекен – Қасиетті Қазығұрт пен Испиджаб өңірі. Қазақ хандарының орда тіккен жерлері де осы маңда. Сайрамсу бойында Есім хан ордасы қонса, Арыстың бойындағы Ханқорғанда Абылай Алланың қалауымен қоныс тепті. Бұл жерге XVII ғасырда Еңсегей бойлы ер Есім хан ордасын тіккен. Төрткүлтөбе қамалының жанында (қазіргі «Көктөбе» демалыс орнының аумағында) Есім хан жерленген деген, қойтастармен қоршалған мазарат орны бар. Бұл туралы аңыз былай дейді: «Есім хан өлерінің алдында бал аштырған екен, сонда оған сен өлген соң басыңды өртеп, аттың жауырына күлін себеді, содан сенің мына өтпелі дүниедегі істеген күнәң жуылады деген». Сіз сенерсіз, сенбессіз, балгердің айтқаны айдай келіп, жаныс руының Қуандық атасының Байжігіт баласы Ерсары үш ғасыр өткенде (1960 жылдары) көріпкелдің айтуымен сол қорымнан басты қазып алып, оны өртеп жауыр болған атына күлін себеді. Содан тұлпары құлан-таза айығады. Оны көзбен көріп тілдескен, басты қазғанда жанында болған адамдардың әңгімелерін жоққа шығара алмаймыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ойтолғауында көтерілген «Қазақтың киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасына бұл қасиетті, тарихи жерді енгізіп, зерттеу нысанына айналдыру қажет. ... «Соңғы кезге дейін Есім хан Түркістанда жерленген деп жазып келдік. Әліақбар хан ұрпақтары қолындағы «Шыңғыс хан рисаласы» бойынша «Ишим хан Ташкандта Шайх-ан-Тахур бабада», яғни Есім хан қабірі атақты Шайхантаурда жатқан болып шықты. Есім хан Түркістанда жерленді деп санауға ХХ ғасырдың басында жарияланған хабарлар негіз болған еді. Соның ішінде М.Е.Массонның жазбасы болатын», дейді өз мақаласында тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа. Біздің тұжырымымыз бойынша Түркістандағы сағана Еңсегей бойлы ер Есімге емес, Сәмеке ханның баласы Есім сұлтанға арналып салынған болу керек. Сонда Төрткүлтөбе – Есім хан ордасындағы мазарат кімге тиесілі деген сұрақ туындауы мүмкін. 1979 жылы Шымкент педагогика институтының оқытушысы А.Н.Подушкин бастаған археологиялық отряд мұнда қалашықтың орнын анықтау шараларын атқарған. Бірақ қазба жұмыстарын жүргізбеген. 2006 жылы Бауыржан Байтанаев бастаған топ та елеулі нәтижелерге қол жеткізе алмаған. Ал Есім ханның жазғы ордасы осы Сайрамсудың бойында болғандығына күмән келтірудің қажеті жоқ. Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы сұрапыл шайқастың Сайрамсу аймағында өткені тарихшылар тарапынан ескерусіз қалуда. Бұл шайқас туралы қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Мағауин Мәшһүр Жүсіпке сілтеме жасай отырып былай дейді: «...Бірі қорқаулықтан, бірі кектен көздерін қан басқан екі әмірші Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Бір жақта екі арыс қатаған және оған ерген қаншама қауым, екінші жақта үш арыс алаш және оған қосылған қаншама жұрт. Бәрі де қазақ. Жан түршігерлік мейірімсіз ұрыс, сол заман тарихшысының сөзімен айтқанда, өрттей қаулайды. Есім ханның тепкісіне шыдай алмаған Тұрсын хан жеңіліске ұшырап Ташкентке шегінеді. Есім хан Тұрсын ханның басын алып, найзаға шаншып, өзінің бітіспес жауы Бұхар ханы Имамқұлыға сәлемдеме жібереді. Есім хан мұнымен де тоқтамай, бүлікшіге тірек болған, мейманасы тасып, қазаққа қарсы қылыш көтерген қатаған руын өлім жазасына кеседі. Құдіретті қатаған қауымының арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілінеді, әйел заты түгел үлес олжаға беріледі. Қатаған қырғыны – Есімханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ Ордасының жеңілісі болды». Міне, осы қанды жосын шайқас кезінде Есім ханның ставкасы біз айтып отырған Сайрамсу бойындағы Төрткүлтөбеде болған. Ал Тұрсын Мұхаммедтің шатыры қазіргі Төле би ауданы, Алатау ауылдық округіндегі Шатыртөбе деген жерде орналасқан екен. Мұхтар ағамыз бұл жердің жағдайын жақсы білмесе де Сайрам өңірі деп нақтылап отыр. Шайқастың болған жерлерін атақты ақын Қазанғап Байболұлы өзінің «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында тамаша суреттейді. Біздің тарихшылар, әдебиетшілер бұл шайқастың қайда өткендігіне мән бермей келеді. Жыр-әпсаналардағы тұнып тұрған жер атаулары екі ханның арасындағы шайқас эпизодтарын барынша ашуға мүмкіндік береді. Осы өңірдегі Даңғырашалды, Саңлақ, Набыт, Мыңбайыр, т.б. жер атаулары осы Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы соғыстан қалған белгілер. Сонымен қатар мұнда, Хафиз Таныштың мәліметі бойынша, Сайрамда, Арыс, Сайрамсу, Ақсу өзендерінен тартылған каналдардың аты аталған екен. Осынау Төрткүлтөбенің ғасырлардан ғасырларға ұласқан хандар ордасына айналу ерекшеліктеріне тоқталайық. Бірінші, бұл өлкенің табиғаты тамаша, бір жағын асқақ Алатау қоршап жатса, айналасында өзендер мен сансыз бұлақтар сыңғыр қағады. Екінші, Есім хан ордасынан айнала тарап 50-60 шақырымға дейін айқын көрінеді. Үшіншіден, сулы жер нулы жер. Мұнда бағзыдан отырықшы, егіншілік жақсы дамыған. Оны жазба деректер де айқындай түседі. Төртіншіден, Жібек жолы бойына жақын орналасқандықтан сауда қарым- қатынасында маңызды мәнге ие болған. Бесіншіден, бұл жерде Есім ханнан бұрын да, кейін де қазақ хандары жазда орда тігіп отырған болу керек. Оған хандардың ұрпақтары төрелердің Шутөбе деген жерде тығыз отырғандығы да (Кеңес Одағы тұсында) дәлел бола алады. Ел басқарған Елтай Ерназаров та осында туып өскен. Мұнда сансыз тарихи уақиғалар өткен. Ал Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы шайқастың алар орны ерекше маңызды. Сондықтан бұл төбеде оқиғаның мән-мазмұнын ашатын ескерткіш – ансамбль орнату керек деп ойлаймыз. Бұл қасиетті жердің ерекшеліктерін тізе берсек, толып жатыр. Мұндағы мазаратқа кім жерленген деген сұрақтың жауабына қазақ тарихшылары сүбелі үлес қосар деп санаймыз. Қазақ тарихын жаңғыртудан шет қалмайық, ағайын.
#есімхан #тарихимұра