Сол сияқты тарихта терең із қалдырған айтулы оқиғалардың бірі 1937 жылдың ызғарлы ескен сұрапыл зұлыматының зардабы мен салдары болып есептелінеді. Сол уақыттың қаншалықты қиындыққа толы болғандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Әрине, тағлымы мен танымы зор сол кезеңнің қазіргі ұрпаққа берер өнегесі мол екендігіне ешкім дау айтпайтын шығар. Осы тарихи-танымдық мақаланы жазудан негізгі мақсат-жас ұрпақты тарихи тұрғыдан тәрбиелеу, өткен ғасырдың 37 жылдарынан бастап саяси қуғын — сүргінге ұшырап, Кеңес Одағының зұлымдығына қарсылық көрсеткен бетке ұстар азаматтардың еңбектерін таразылау және олардың қазақ тарихының жадында алатын ерекше орнын жаңарту болып табылады. Осы тұрғыдан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Тоталитаризм қапасында өмірі қиылған жандардың, сондай-ақ бастан кешкен қасіреті өле-өлгенше санасында жаңғырып, сол қорқынышты шындықты бізге жеткізген, азап көрсе-де, аман қалу бақытына ие болған жандардың қай-қайсысы да біз үшін ерекше қымбат, айрықша қастерлі. Олар ұрпақ санасында мәңгі өмір сүреді» — дей отырып олардың есімдері мәңгі жүрегіміздің төрінде болатындығын тағы бір рет дәлелдеп өтті. Тағы бір атап өтетін жайт, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасқан және оның жетекшілері 1917 жылы «Алаш» партиясын кұрып, Алашорда қозғалысын басқарған қазақ зиялыларына қарсы жаппай моральдық қуғын-сүргін ұйымдастырылды. Сол уақыттарда тек Алашорда қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар С.Сәдуакасов., С.Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С.Меңдешев, С.Қожанов сынды кеңестік билікті жақтаған және партия қайраткерлері-де моральдық тұрғыдан қыспаққа алынып, олардың қазақ халқын сауаттандыру мақсатындағы жазған оқулықтары мен еңбектерін тәркілеп, кітапхана сөрелерінен бір жолата алынып тасталынды. Дегенмен, осындай қиын-қыстау күндерді басынан өткерген қазақ зиялылары өздерінің алдына қойған мақсатынан таймай, керісінше, келешек ұрпақтың қамын ойлап, өз жандарын осы ізгі жолда пида еткен. Кеңес Одағы кезінде тәркіленген кітаптардың басым көпшілігі өртеніп, ал кейбір оқулықтар халық қолында сақталып, біздің кезеңімізге дейін жетті. Қазіргі таңда ата-бабамыздан қалған құнды мұраларымыз еліміздің кітапхана сөрелері төрінен орын алған. Сол кітапханалардың бірі «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы болып табылады, онда 6 миллионға жуық кітаптар сақталуда. Бұл кітапхана қазіргі кезде түрлі кезеңге тән жазба жәдігерлеріміз бен құнды мұраларымызды қалың халыққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы да тарихи мұраларымызды болашақ ұрпаққа жеткізуді өзінің еншісіндегі міндеттердің бірі деп есептеп, осы асыл да, қасиетті жолда аянбай қызметтер атқаруда. Атап айтқанда, «Кеңес Одағында тыйым салынған қазақ кітаптарының" көрмесі атты экспозициялық көрме ұйымдастырылып, Алаш Орда кайраткерлерінен бастап, қазақтың «елім» деген ірі зиялыларының сол кездерде тәркіге ұшыраған кітаптары көрме сөресінен орын алды. Мысалы: Асфендияров С. «Очерки истории казахов». — Алма-Ата: Казиздат,1935; Әлібаев А. Грамматика. Үлкендер үшін арналған. — Алматы: Қазбас,1935; Әлібаев А. Шахтер мен пионер. — Қызылорда: Қазбас, 1935; Жансүгіров І. Жолдастар. — Алматы, 1935; Жансүгіров І. Колхоз тойы. — Алматы, 1934; Құлымбетов Ұ. Қазақстанды аудандандыру. — Қызылорда, 1928; Беков О. Капля крови для великого дела. — Қызылорда, 192; Байтұрсынов А. Қазақша әліппе. Оқу құралы. — Орынбор, 1914; Тоғжанов Ғ. Новая общественность.-Қызылорда,1935; Тоғжанов Ғ. Екі жастың әңгімесі. — Қызылорда,1926; Шонанұлы Т. Қазақ тілінің оқу құралы. Алматы, 1933; Шонанұлы Т. Жаңалық. Алматы, 1932; Майлин Б. Ел мектебі. Қызыл-Орда, 1926; Майлин Б. Сауаттандырғыш. — Алматы,1935; және т.б. Аталмыш мұражайдың құрылғанынан төрт жыл болғанына қарамастан, оның қорында бес жүзден астам аса сирек қолжазбалар мен кітаптар сақтаулы және оларды зерттеу, жинақтау, түгендеу саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Көптеген ғылыми еңбектермен терең ізденістер нәтижесінде Сирек кездесетін кітаптар мұражайы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 2012–2014 жж. гранттық негізде қаржыландырған ғылыми жобалар байқауында үш бірдей: «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XIX–XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер»; «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XIII–XVIII ғғ.)«;«Орталық Азия ғұламаларының фатуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алып, ел тарихына қатысты терең әрі жан-жақты зерттеулер жүргізіп келе жатыр. Мұражайдың ғылым жолында қол жеткізіп жатқан осындай жетістіктері ел тарихының жоғары дәрежеде дамуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз.
#кітәп #кеңес #оқулық #тарихимұра