Б.Байбектің сөзінше, кеше барлық аймақта «Nur Otan»-нан 587 кандидат тіркелген. Үміткерлердің 35%-тен астамы – жаңа тұлғалар, оның ішінде білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер және т.б. бар.
Олардың көпшілігі – таяуда өткен партияішілік праймериздің қатысушылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас. Әйелдер – 11%, 35 жасқа дейінгі жастар – 14%.
"Өздеріңізге мәлім, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы бойынша 25 шілдеде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, "алдағы сайлау – саяси жүйеміздің кемеліне келгенінің белгісі ғана емес, сонымен бірге қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанын білдіреді". "Nur Otan"-ның міндеті – тек сайлауда жеңіске жету ғана емес, ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасау, азаматтардың нақты мәселелерін шешу. Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, бірінші буын әкімдердің ел Президенті ұсынған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестігінің жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді ендіруде", - деді Бауыржан Байбек.
Партия төрағасының бірінші орынбасары келтірген мәліметтерге сүйенсек, бұл үшін партия өз кандидаттарын жаңа жағдайда, адамдармен тікелей «қоян-қолтық» жұмыс істеуге бағыттай отырып, тиімді кері байланыс орнатуға оқытуда. Жергілікті жерлердегі барлық кандидат пен штаб мүшелері Саяси менеджмент мектебінің базасында семинардан өтіп, қажетті ұйымдық, әдістемелік және басқа да қолдаумен қамтамасыз етілген. Олардың әрқайсысында аумақтың мүмкіндігін ескере отырып, партия қолдауымен қамтамасыз етілген нақты сайлауалды бағдарламасы тұжырымдалған.
"Nur Otan" мақсаты айқын, нақты істер партиясы ретінде күнделікті жұмысында саяси жаңашылдық, жүйелілік және сабақтастық секілді қағидаттарды басшылыққа алады. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" қызметінің негізі етіп алған нақ осы тәсілдер партиямыздың сайлауларда жеңіске жетуін, оның ұзақ мерзімді саяси көшбасшылығын қамтамасыз етіп келеді. Осылайша, "Nur Otan" бұл сайлауға барынша дайындықпен келіп отыр. Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің деректерін талдауға және жергілікті жерлердегі қоғамдық-саяси ахуал мониторингіне сәйкес біз сайлау округтерінің 80%-тен астамында жеңіске қол жеткізуді мақсат етіп отырмыз, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек өз жазбасында "Nur Otan" парламенттік сайлаулардан кейін бірден сайлауалды уәделерін іске асыруға белсенді түрде кіріскеніне ерекше тоқталды.
Сайлаудан кейінгі міндеттерге орай бүкіл қажетті партиялық инфрақұрылым жаңаша қайта құрылымданғаны айтылды. Жауапты депутаттар мен басшылар бекітілген 217 жол картасы іске асырылуда. Сайлауалды уәделерді мониторингтеу және жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді ашып айту үшін 12 мыңнан астам белсенді азаматтың қатысуымен 1,7 мыңнан астам қоғамдық кеңестің өңірлік желісі құрылды.
"Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" Сайлауалды бағдарламасы қазіргі кезде республикалық деңгейде 7%-ке, өңірлік деңгейде 5%-ке орындалды. Қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар үшін 250-ден астам нақты ұсынымдар тұжырымдады, оның ішінде бизнеске кедергілерді жою, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, әлеуметтік әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша шаралар қабылдау және басқалары бар. Өңірлік деңгейде 3,3 мыңнан астам өзекті әлеуметтік мәселе қаралды. Көтеріліп отырған мәселелердің барлығы партиялық бақылауға алынады.
Тек жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде депутаттар, "Nur Otan" партиясының мүшелері – мемлекеттік органдардың басшылары 14 мыңнан астам қабылдау өткізіп, 74 мың қазақстандықты қабылдады. Өтініштердің 96%-і бойынша оң шешімге қол жеткізілді, консультативтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді. Қалған 4%-і орындалуда.
Мәжілістегі "Nur Otan" Фракциясының бастамасымен сайлауалды міндеттемелерді іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 12 заңнамалық және құқықтық акті, оның ішінде 9 заң қабылданды. Олардың қатарында Экологиялық кодекс, инклюзивтік білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және басқалары бойынша өзгерістер бар.
Жастар алдындағы сайлауалды уәделерді орындау жайы ерекше бақылауда. Мәселен, 2025 жылға дейінгі "Жастар – Отанға!" бағдарламасын іске асыру бойынша 217 жол картасы аясында 35 жасқа дейінгі 4,5 миллионнан астам жас қазақстандықты қамти отырып, 3,5 мың индикаторға қол жеткізу көзделген. Негізгі мәселелер қатарында білім беру сапасын көтеру, жұмысқа орналастыру, қолжетімді баспана, азаматтық белсенділікті кеңейту, тұлғалық даму және бос уақыт мәселелері бар.
Елбасының "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам" атты партияны жүйелі қайта жаңғырту бағдарламасы аясында аймақтық өкілді партия органдарының басшылығы 40%-ке жаңарды. Партия Орталық аппаратының құрылымы штат саны 10%-ке қысқартыла отырып, оңтайландырылды. Жаңа стандарттар мен қоғам сұранысы ескеріле отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес одан әрі күшейтілуде. Жарғы мен Этика кодексіне сәйкес партия қатарын "тазарту" жалғастырылуда.
Қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті жерде енжарлықты жеңу, депутаттардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін биылдан бастап алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихаттардағы "Nur Otan" фракциялары мүшелерінің жария рейтингі енгізілді. 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін ашық қолжетімді арнайы интернет-платформаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда халық қалаулыларының қызметі мен бастамалары туралы ақпараттар, оларға тікелей жүгіну мүмкіндігі қамтылған.
"Тәуелсіздік аясындағы 30 жыл ішінде еліміз әртүрлі қиындықтар мен сынақтарды бастан кешірді. Әйтсе де, біз оларды әрдайым еңсеріп, бірлігіміз артып, қуатты бола түстік. Қазіргідей сын-қатерлер жағдайында "Nur Otan"-ның оларды еңсеру бойынша нақты бағдарламалары мен құралдары, партияластары мен қоғам белсенділері, саяси ерік-жігері мен шешімтал іс-қимылы бар. Қазақстандықтардың қолдауымен "Nur Otan" партиясы әрі қарай да ел басшылығы межелеген барлық жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етуді жалғастыра береді", - деп түйіндеді Бауыржан Байбек.