Джозеф Робинетт Байден саясатқа Трамп секілді сырттан қосылған «легионер» емес. Ол 29 жасында Дэнуер штатынан сенатор болып сайланып, елдің ең жас саясаткерлерінің бірі атанды. Кейін осы қызметін 35 жыл бойы, яғни 1973-2008 жылдары атқарды. Бұған дейін екі рет президенттікке үміткер болған, алайда сәті түспеді. Бірде праймеризге жетпей жолдан тайса, 2008 жылы Х.Клинтон мен Б.Обама алдын орап кетті. Сенаторлықтан жалықты ма, сол жылы алғашқы қара нәсілді президентке вице-президент атануға келісті.
Биылғы президент сайлауына демократтар ұзақ дайындалды. Себеп көп. Соның бірі – Трамп Обаманың 8 жылда жеткен жетістіктерін, реформаларын жоққа шығарып, тоқтатып тастады. Есе қайтару керек болды. 4 жыл бұрын сайлауда жығылған Хиллари Клинтон тағы бағын сынап қалар деген болжам да айтылды. Саяси додаға жас үміткерлер де, Берни Сандерс секілді тәжірибелі қарсыластар да қатысты. Алайда Демократиялық партияда Байден секілді тәжірибелі ешбір кандидат жоқ еді. Сөйтіп, ол партияішілік праймеризде жеңіп шықты. Дегенмен бас қарсылас Дональд Трамп болатын. Бірбеткей, мінезді, популизмге жақын және ең бастысы биліктегі президентті жеңу оңай емес. Әдетте АҚШ-та ел басшылары қос президенттік мерзімінде қатар отырады. Ұтылуы қиын. Соңғы рет алғашқы 4 жылдықтан соң «жығылған» үлкен Джордж Буш болатын, сонау 1992 жылы. Алайда ол кезде ақсақал-президентті жас демократ Билл Клинтон жеңіп кетті. Бұл жолы Байден де, Трамп та жалындаған жас энергиясымен мақтана алмады, алғашқысы осы айда 78-ге толады, ал кейінгісі 74 жаста.
Неге Байден жеңді? Джо Байден қалайша жеңіске жетті? Дональд Трамптың «қызық» саясатына, имиджіне қарамай, оны қолдаушылар неге әлі де азаймай тұр деген сұрақтар көп. Біртіндеп жауап табуға тырысайық. Байденнің 46-шы президент атануына бірнеше фактор ықпал еткен сияқты. Біріншіден, коронавирус пандемиясы, локдаун, шектеулер, одан туындаған жұмыссыздық, қызмет орындарының жабылуы Америка халқына үлкен соққы болды. Бұл қоғамда билікке (Трампқа) қарсы ашу туғызды. Екіншіден, мамыр айында Миннеаполистегі қара нәсілді Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған Black lives matter қозғалысы (қара нәсілділердің құқығын қорғау) Байденнің ұпайын арттырғандай болды. Неге? Себебі бұған дейін Трамптың сөздерінен расизм сезіліп қалатын. Ал Демократиялық партия өкілдері либерализмді қолдаушылар (вице-президенттікке қара нәсілді Камала Харристі таңдауы тегін емес). Оған қоса, қозғалыс өкілдері түрлі қалада митинг өткізгенде Трамп оларды басуға полиция, тіпті Ұлттық гвардия әскерін де қолдануды тапсырды. Бұл қоғамды өзіне қарсы қоюдың тағы бір қадамы еді. Үшіншіден, биыл АҚШ-тың саяси, ғылыми, әскери истеблишменті Байденге болысып бақты. 780 зейнеттегі жоғары шенді әскерилер (адмирал, генерал, т.б.), 81 Нобель сыйлығының лауреаты және өзге де ықпалды тұлғалар Байденге дауыс беруге шақырды. Бұл қоғам көзқарасына әсер ететіні анық. Оған қоса, бұрын-соңды экс-президенттер кейінгі сайлауларға араласпайтын, алайда демалысқа шыққан Барак Обама биыл өз үзеңгілесінің билікке келуіне бар күшін салды. Төртіншіден, Америка халқы 4 жыл бойы Трамптың қиқар мінезінен, шоу жасайтын қылықтарынан, Туиттер-саясатынан мезі болғандай. Трамп көбіне популизмге беріліп, ел мүддесін қорғаймын деп әлемнің жартысымен қарым-қатынасын бұзды. Мұның жанында Байденнің салмақты болмысы сенім оятқандай. Яғни, осыншама миллион адамның дауысы мен қолдауы тек Байденді қолпаштау үшін емес, Трампты биліктен кетіруге бағытталғандай.
Трамптың қолдаушылары аз емес. Штаттардағы дауыс беру нәтижесіне қарасақ, көбінде Джо Байден қарсыласын 0,5-1% жеңіп жатты. Бұл Трампты қолдаушылар армиясы аз емес екенін көрсетеді. Байденге 75 млн кісі дауыс берсе, Трмапты 70 млн азамат қолдады. Неге? Трамп кезінде жұмыссыздық рекордтық деңгейге азайды (3,5%), жеке секторда жалақы өсті, акциялар нарығы да көтеріліп отырды. Ал АҚШ мүддесін үнемі жұрттың құлағына жағатын популистік сөздермен қорғап отырды, мигранттардың елге келуін шектеді. Бұл Америка қоғамындағы жұмысшы тап пен ақ нәсілді байырғы тұрғындарға маңызды жетістіктей көрінді. Дегенмен пандемия аталған көрсеткіштердің барлығын жуып-шайып кетті. Жұмыссыздық басталды. Осылайша, коронавирус эпидемиясы саяси доданың нәтижесіне шешуші өзгеріс енгізді.
Болашақ президенттің бағдары. Енді президенттік қызметіне қаңтар айында кірісетін Джо Байден қандай саясат ұстанады деген сауал әлем саясаткерлерін ойландырып отырғаны белгілі. Себебі Дональд Трамптың санкциялары, күрт өзгеретін бағыты көп елге шығын әкелгені рас. Сарапшылар Джо Байден Обаманың бастамаларын жалғастырып, Трамптың саясатын тоқтатпақ деген болжам айтады. Ең алдымен, 2014 жылы Украинада кеткен есесін қайтарып, оккупацияланған Қырым үшін Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялауы мүмкін. Жоспарланған Кремльге қарсы қатаң саясаттың тағы бір себебі – Мәскеудің АҚШ сайлауына араласты деген айыбына Байденнің сенімді болуы. Оған қоса, Байден кезінде Ресеймен стратегиялық қаруларды қысқарту туралы келісімді жасақтауға қатысқан және бұл бағытта жұмысын жалғастыруы мүмкін. Ал Украинаның Донбаста әлі де соғыс жүргізіп жатқанын ескерсек, онда Байден Киевке жоғары технологиялық қаруларды сатуға келісіп те қалар. Бейбіт митингті басып отырған Беларусь билігіне қатысты да қатаң бағыт басшылыққа алынуы мүмкін. Себебі Лукашенконың бассыздығына ләм-мим демеген Трампты Байден тамыз айында сынап алған. Қатаң бағыт ертең қатаң санкцияларға ұласуы ғажап емес.
Трамп өткен 4 жылда Қытаймен жүргізген сауда және IT технология үшін соғысымен есте қалды. Дегенмен 2021 жылдан бастап Байден Қытайға қатысты прагматикалық саясат жүргізеді деп болжануда. Яғни, ашық сауда соғысы жалғаспауы мүмкін. Бірден құшақ жайып, тонның ішкі бауындай берік қарым-қатынас та орнай қоюы неғайбіл. Бірақ Байденнің жеңіске жеткені мәлім болғанда Қытай бірден АҚШ-тың сұйытылған газын сатып алуға келісімін берді. Мұны Бейжіңнің Байденмен жақсы байланыс орнатуға үміттіміз деген ниеті ретінде бағалауға болады.
Қазақстан ше? Джо Байден вице-президент кезінде сыртқы саясатқа белсене араласты. Дегенмен Орталық Азияға қатысты бағыт-бағдарын ашық білдірмеді. Сайлауалды кампаниясы кезінде де бұл өңірді аузына алмады. Себебі АҚШ-тың сыртқы саясатында Ауғанстанды есептемегенде Орталық Азия маңызды аймақ ретінде саналмайды. Жалпы, АҚШ экс-президент Барак Обаманың кезінде-ақ Орталық Азиядан «кете бастаған». Алайда С5+1 форматында диалог жүргізіп келеді. Байден келешекте Орталық Азия, Қазақстанға қатысты осы бағытты ұстанатын болар. Бірақ Ресейге жариялануы мүмкін экономикалық санкциялар Қазақстанға жанама түрде зиянын тигізуі мүмкін. Себебі Қазақстан солтүстік көршімен бірге ЕАЭО аясында бір экономикалық кеңістікте. Санкция аясында Мәскеу компанияларына, банктеріне несие беруге, қосымша қаржыландыруға шектеулер қойылса, оның салқыны отандық қаржы жүйесіне де тиіп кетуін жоққа шығара алмаймыз. Жаңа сайланған президент пен елімізді бұған дейін оның баласы Хантер Байден мен кәсіпкер Кеңес Рақышев байланыстырған сыңайлы. Бұл жайлы жақында Британияның Daily Mail газеті жазды. К.Рақышев сол кезде ағасы прокурор, әкесі вице-президент болған Хантердың есепшотына бірнеше мың доллар жіберді деген ақпар тарады.
Сондай-ақ президент қызметіне кіріскен бойда Джо Байден Трамптың бірнеше жарлығының күшін жоймақ деген мәлімет жарияланды. Нақтырақ айтсақ, ол АҚШ-ты климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу процесін тоқтатпақ. Сондай-ақ кейбір мұсылман елдерінен АҚШ-қа азаматтардың келуіне тыйым салатын шектеуді де алып тастамақ.
Періште емес. Әрине, Джо Байденнің қандай саясаткер болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ол 50 жылға жуық Уашингтондағы саясатта біте қайнады, кемшіліксіз емес. Мәселен, ол өз сөздерінде талай рет деректерді шатастырған. Жұрттың ашуына тиетін не күлкісін келтірген сөз айтқан. Мүмкін кәріліктің салдары шығар. Ал 1987 жылы президенттік праймеризге қатысқанда ел алдында «мен шахтердің ұрпағымын» деп сөз бастайтын болған. Дегенмен оның ешбір атасы шахтер болмағаны анықталғанда жалған сөйлегені үшін президенттік додадан түсіп қалған. Кәсіпкерлермен «тығыз байланысқан» ұлы Хантер де әкесінің абыройына кір келтірген. Түрлі болжамдар бойынша ол Джо Байденнің байланыстарын пайдаланып, сан алуан істерді (заңсыз істер болуы да мүмкін) шешіп отырған және сол қызметі үшін үлкен көлемде ақы алған. Дональд Трамп осы үшін Байденді сайлау кампаниясы барысында талай сынға алды.
aikyn.kz
#байден #трамп #президент #саулау #ақш #шоу #дауыс