USD 495.2
EUR 522.34
RUB 4.94
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Ақтаудағы елес үйлердің тұрғындары

  • 16.қыркүйек.2020, 17:24,
  • 877

Қарағанды облысындағы Ақтау ауылының тұрғындары жағдайы қиындаған ауыл тірлігіне жан бітіруді сұрайды. Соңғы отыз жылда ауыл тұрғындарының саны үш есе азайған, босап қалған көп қабатты үйлерді құрылыс материалы үшін бұзып әкетті. Бір жылдам астам уақыт бұрын қызметке келген Ақтау әкімі ауылдың "болашағы бар" дейді.




Бетон қораптар мен әйнегі жоқ үңірейген бос терезелер көзге түседі. СССР тараған соң босап қалған көп қабатты үйлерден дым қалмаған – есік, жақтау, әйнек, сантехника, тіпті еден жабынын да бұзып әкеткен. Елес үйлер, тіршіліксіз кварталдар.

Отыз жыл бұрын мұнда 20 мыңнан астам адам өмір сүретін. Қуатты цемент пен шифер зауыты мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп, инфрақұрылым жақсы жұмыс істеген. Бір заманда пайдалы қазба өндіріп, оны өңдейтін кәсіпорындар арқасында бақуатты тұрмыс кешкен Қарағанды облысындағы Ақтау ауылының біраз бөлігі қазір осылай қаңырап тұр.

ИЕСІЗ ҚАЛҒАН ҮЙЛЕРДЕГІ ТІРШІЛІК

Азаттық тілшісі суретке түсіру үшін қараусыз қалған көп қабатты үйлердің қасына тоқтады. Соңғы подъезде бірнеше терезеде әйнек бар екен, балконға киім жайылған. Подъезден арба сүйреп бір әйел шықты. "Бұнда адамдар тұра ма?" деген сауалға ол "Иә" деп күлімсіреп жауап қатты.

- Мұнда адам тұрады деуге сену қиын, бірақ осында бес отбасы тұрып жатырмыз, кейбірінің кішкентай баласы бар. Енді қайда барамыз? Басқа тұрағымыз жоқ. Пәтерде кішкене пеш жағып отырмыз, көмір мен ағашты бірігіп аламыз, - деді бос қалған көп пәтерлі үйдің тұрғыны Халида Аюпова.

Тұрғындар бірінші қабаттағы пәтерлерді зат сақтайтын қоймаға айналдырып алыпты. Орта қабатта өздері тұрады. Кейбірі қыста бір бөлмеге сыйысады, басқа бөлмелердің есігін жауып тастайды – сонда жылырақ болады әрі отын аз кетеді.

Азаттық тілшісі көрген бірнеше пәтерде қажетті жиһаз бен тұрмыстық техниканың бәрі бар. Босаған үйде қалғандар басқа баратын жері жоқ екенін айтады.

- Бұрын бұл үй толы болатын. Шатырдан қатты су аққанда адамдар кете бастады, үй тозып кетті. Көбі басқа жаққа көшкенді дұрыс көрді. Подъезден адамдар кеткен соң оны талау басталды, пәтерден алуға болатын заттың бәрі алынды. Бұнда тұру қауіпті әрі қорқынышты. Бірақ біз қалдық, басқа баратын жеріміз жоқ. Мүмкіндігінше үйді қорғауға тырысамыз, - деді тағы бір тұрғын Вера Азонова.

Азонованың бір жарым және тоғыз жаста екі баласы бар қызы көрші пәтерде тұрады. Жас әйел баспана алуға кезегін күтіп жүргенін, әзірше балаларымен осында тұруға мәжбүр екенін айтты.


- Электр жарығы мен кабельді теледидар, суық су бар, ыстық су үшін титан қойып алдық. Бұнда мәңгі тұрмаспыз, жақсы үйден басқа пәтер алармыз деп үміттенемін, - деді Азаттық тілшісіне Татьяна Азонова.

Әйелдердің айтуынша, иесіз қалған тағы бір үйде адамдар тұрып жатыр. Онда барған Азаттық тілшісі бес қабатты үйде шынымен де адамдар тұратынына көз жеткізді – терезеде әйнек бар, перде ілінген, теледидар антеннасы мен кабелі тұр. Бірақ подъезге кіру мүмкін болмады, есік аспалы темір құлыппен жабылыпты.

Шамасы, пәтер тұрғындары үйден шыққанда ұрылар мен оңай олжа іздеушілерден сақтанып, подъезді жауып кететін тәрізді; себебі бұл үйдегі басқа подъездер қирап жатыр, онда ештеңе қалмаған, тіпті баспалдақтарының таянышы да жоқ.

Әкімдік өкілінің айтуынша, мұндай үйлерде жергілікті тұрғындар ғана емес, паналайтын жері жоқ басқа жақтан келгендер де тұрады. Ауылдан сәл алыста екі қабатты үйлер бар, онда да адамдар толық қоныстанбаған. Үйдің сырты сұрықсыз болғанымен, аулада бала толып жүр. Үйдің қасында үйіліп жатқан қоқыс көзге шалынады.

АУЫЛДЫ ЖАНДАНДЫРУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

Ауылда шаруашылықпен айналысатын жер үйлер көп. Иесіз қалған көп пәтерлі үйлердің қасында адамдар тұратын көп қабатты үйлер бар, оны көшедегі қазандықтан жылытады. Бұл үйдің тұрғындары орталықтан жылыту жүйесі болса деп армандайды.

Азаттық тілшісі көшеде жолықтырған жергілікті тұрғындар қала типті елдімекеннің "жанданғанын" қалайтынын айтты, бұнда әктас, мыс, алтынды кен орындары сияқты пайдалы қазбалар кені бар. Маңайда оларды өндіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал тұрғындар "неліктен ауылды дамытуға қаржы өте аз бөлінеді" деп қапаланады. "Осындай мол қоры бар ауылдың жағдайы жақсы болуға тиіс қой" дейді.

- Ауылға серпін керек, үйлерді толтыру керек. Бұрын 20 мың адам тұратын! Кәсіпорын мен жұмыс көп еді. Қазір үйлер қаңырап қалды, ауылдың түрін бұзып, адамдарды қорқытады, бұрын соның бәрінде адам тұратын еді. Тіпті бассейніміз бар болатын. Қазір ше? Адамдар кетіп жатыр, әсіресе жастар жағы. Болашағымыз жоқ сияқты. Ауылдан емделгіміз келеді, бізді Теміртауға жібереді, - дейді Ақтау тұрғыны Николай Беликов.

Ақтауға көшіп келушілер аз, кетушілер көп. Отыз жылда ауыл тұрғындары үш есе азайған, қазір жеті мыңға жуық адам тұрады. Ауыл Теміртау қалалық әкімшілігіне қарайды.

Ауылдың кескінсіз келбетіне қарамастан осындағы өмірге ризашылық танытушылар да бар.

- Мұндағы өмір деңгейі өзге ауылдарға қарағанда жақсы. Балалар алаңы, сауда орындары, мектептер мен балабақша бар, - дейді көп қабатты үй тұрғыны Марат.

БИЛІК ПІКІРІ: "АУЫЛДЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР"

Ақтау ауылының әкімі Тимуржан Ақыбаев (қызметке отырғанына бір жыл болған) болашаққа сеніммен қарайды, барлық мәселе шешіледі деп сендіреді. Жергілікті әкімдік дерегі бойынша, қазір ауылда панель мен блоктан салынған 14 үй бос тұр.

Олардың біразын билік сот арқылы коммуналды меншікке өткізбек, бұзу немесе қалпына келтіру мәселесін содан соң шешеді. Кейбір үйлер жақсы сақталған, енді бірі апатты жағдайда тұр.

- Жұмыс неліктен ұзаққа созылды? Себебі, пәтерлердің көбін жекешелеп алған, 1990 жылы үйді тастап кеткен меншік иелерінен оны сот арқылы қайтарып алу үшін көп уақыт кетеді. Бұрынғы жатақхананың бірін солай қайтарып алдық, төрт қабатты панельден салынған үй. Оны қарап шықтық, жөндеуге келмейді, сондықтан ғимаратты бұзу үшін қаржы сұрадық. Бұл үйлердің біреуін қалпына келтірсе болады, екіншісінен де жақсы қорытынды күтіп отырмыз, - деді Азаттыққа Ақтау ауылының әкімі Тимуржан Ақыбаев.

Биліктің айтуынша, Азоновтар мен Аюповтар тұратын төрт қабатты үйді жөндеуге болады. Бірақ жөндеу жұмысы қашан басталатынын ешкім білмейді. Онда тұрып жатқан отбасылардың тағдыры да белгісіз: ол жақтан көшіріп жібере ме, әлде басқа пәтер бере ме?

Әкімдіктің айтуынша, сатып алдық деп жүрген тұрғындардың біразында отырған пәтерінің құжаттары жоқ. Әкім биыл ауылдың жер үйлері бар бөлігінде жолдың орташа жөндеу жұмыстары басталғанын, келер жылы оның жалғасатынын айтты.

Әлеуметтік нысандарға кірме жолдар төселіп жатыр. Көп жылдан бері алғаш рет көшедегі жарықты ауыстырыпты: 12 көшеге жарық жаңадан тартылған, бұл жұмысты келер жылы да жалғастырмақ ниетте. Бірақ ол үшін ақша бөлінуі керек.

- Қазір су құбырын салу үшін жерді рәсімдеп жатыр, құбыр Ақтау ауылының ескі бөлігі мен Мырза станциясында тұратын төрт көшедегі 263 адамды орталық су құбырымен қамтамасыз етеді. Ауылды абаттандыру үшін қаражат сұраттық. Бұрыннан бар су құбырына күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге мән беріп отырмыз. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін және ұрлық болмауы үшін құдықты полимерлі-құм қақпақпен жабамыз. Бірден бірнеше үйді жылытатын қазандық қуатын күшейту туралы жоспар бар. Әзірше орталықтан жылыту жүйесі туралы сөз қозғамадық – ол өте қымбат, оның үстіне үйлер шашыраңқы орналасқан, ортасында бос үйлер бар, - дейді ауыл әкімі Тимуржан Ақыбаев.

Ақтау ауылының атауы әктас өндіруге байланысты шыққан. Ауыл 1950 жылы цемент зауыты салынғанда пайда болған. Ақтау ауылы территориясына Мырза теміржол станциясы да кіреді, ол арқылы елдің оңтүстігі мен солтүстігіне қатынайтын пойыздар өтеді.

Ресми түрде Ақтау ауылында 30 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Ақтаудың көптеген тұрғыны металлургиялық комбинаты бар Теміртауға барып жұмыс істейді. СССР тараған соң тоқтап қалған Ақтау цемент зауыты 1990 жылдардың соңында қайта іске қосылған, оның қазіргі қожайыны – Нидерландта тіркелген компания.

Тұрғындар елдімекендегі жағдайды жақсартуды бірнеше жылдан бері сұрап келеді. Билік мәселенің шешімін қаржыға тірейді. Ақтау әкімі аппаратының ресми сайтының бастапқы бетінде "президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың мақсатты, стратегиялық және тактикалық тұрғыда қатесіз жүргізген саясаты арқасында өмірге енген өзгерістердің нақты мысалы болатын" ауылдың "болашағы жарқын" екені айтылған.




#ақтау #елес #қала #қарағанды 

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
11.08.2020
07.08.2020
21.07.2020
17.09.2019
30.05.2019
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Қараша 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930