Соған байланысты төртінші тоқсанның сабағы онлайн және қашықтан өтетін болды. Алайда, оған біздегі мектептер мен оқушылар дайын ба? Облыс, қала орталықтарында мүмкіндік бар шығар, ал шалғайдағы елдімекен мектептері қайтпек? Қалай болғанда да, бұл – лажсыздықтан қабылданған шешім. Дәл қазір онлайн немесе қашықтан білім беруге сақадай-саймыз ба, жоқ па деген сауалдың да басы артық. Егер бұл тәжірибеге бейбіт заманда көшсек, онда күрмеуі шешілмеген мәселенің бар екені талай уақытқа дейін айтылып, кейінге шегеріле берер еді. Ол – көптеген ауылды аймаққа интернеттің жетпегені, кейбір мектептердің толықтай компьютерленбегені, тағысын тағы. Ал біз тап қазір осы жолды таңдауға мәжбүрміз.
Министрліктің төтенше шешімі
Қазір Білім және ғылым министрлігі нақты осы іске қызу кіріскен. Еліміздегі 3 миллионнан астам оқушының тиісті білім алуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Бұған дейін ұстаздың қарсы алдында отырып сабақ алған бала алғаш рет компьютер мен смартфонға үңілмек. Ал қашықтан оқытуға “Balapan” (қазақ тілінде) мен “Еларна” (орыс тілінде) телеарнасы да атсалыспақшы.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, аз уақытта жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасады. “Індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Мұғалімдер балаларды жаңаша оқытуға дайындалуда. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам телесабақ әзірленеді.
А.Аймағамбетов
Уақытша қашықтан оқыту кезінде мектеп оқушылары қажетті техникамен қамтамасыз етіледі. Қашықтан оқыту жүйесі бойынша қиындықтың туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы оқыса, бір компьютер мен бір смартфонды пайдаланудың ыңғайсыздығы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселе қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысқа кірісіп кетті”, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал, “Balapan” телеарнасының директоры Мақпал Жұмабайдың айтуынша, 6 сәуірден бастап күнделікті эфирдің 6 сағаты 1-11 сынып оқушылары үшін бейнесабаққа арналады. “Сабақ кестесі телеарнадан және басқа да ақпарат құралдары арқылы таратылады. Белгіленген 6 сағат уақыт аралығы әр сыныпқа бөлінеді. Яғни, бір отбасында 4 бала болса, бір-біріне сәйкес келмейтін түрлі уақытта оқиды. Бұл сабақтар тиісті платформаларға жүктелген соң, балалар қайта көре алады”, – деді телеарна директоры.
Сабақ аптасына бес күн, әр пәнге 30 минут уақыт беріледі. Министрлік өкілдері теле-сабақ барысында Назарбаев зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ беретінін айтып, жарнамалап қойды. Мұнымен қоса, телеарнадағы сабақ министрлік бекіткен жоспар бойынша бірнеше білім ресурстарында (Bilimland, Daryn online) жалғасады. Сонымен қатар, мұғалім мен оқушы Kundelik.kz, zoom, Google classroom, sabak.kz платформасында онлайн кездесіп, білімін пысықтайды.
Екіге жарылған қоғам
Еліміз білім берудің бұл жолын жетіскеннен таңдаған жоқ. Онсыз да балалар карантиндегі каникулдан зерігіп кетті. Демалыста оқушылардың көбі министрдің баласы сияқты “Көшпенділер” трилогиясын оқымаса да, онлайн білім алудың әдіс-тәсілдерімен танысуға тырысты. Алайда, “Қыруар ақша бөліп, онлайн оқыту білім болып жарытпайды. Балалар бір-екі ай оқымаса білімсіз болып қалмас” дейтіндердің қарасы басым. Мәселен, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы онлайн сабақ дегенді дереу тоқтату керек деп санайды. “Оқушылар 4 тоқсанды кейін, жазда, күзде оқыса да болады.
Себебі, біріншіден, мынадай жағдайда онлайн сабақ мемлекет үшін де, халық үшін де қосымша шығын, қосымша қаражат талап етеді. Мысалы, көпбалалы аналар ғана емес, 2-3 баласы бар аналар да қиналып отыр. Әр балаға жеке компьютер немесе смартфон керек. Көп халықта Wi-fi жоқ, болса да, интернет кейде бар, кейде жоқ, единица (мгбайт) кейде бар, кейде жоқ… Көпшілік халық жұмыссыз қалды, азын-аулақ тиын-тебенді мегабайтқа жұмсаймыз ба, нан аламыз ба?” дейді.
Екіншіден, онлайн сабақ дегеннен баланың бәрі түсініп, оқып-біліп кетуі мүмкін емес. Бұл тағы да формалдылық пен көзбояушылыққа әкеледі.
Үшінші, онлайн сабақ түгіл, 25-30 балаға оффлайн сабақ өтуге мұғалімнің күші жетпеген.
Телеарнадан өткен сабақты миллион оқушының нешеуі тыңдайды? Нешеуі түсінеді? Нешеуі тапсырманы орындайды? Онлайн сабақтың әлі қандай қитұрқылығы шығарын бір құдай біледі. Одан да билік те тынышталып, халықты да тыныштандырып, мына кезеңнен аман өтуді ойлайық. Онлайн сабақ деген де халыққа бір “жұт” болайын деп тұр. Балалар да, ата-аналар да, мұғалімдер де артық стресс, артық уайым, артық депрессияға түсері сөзсіз. Құдай “тоқтаңдар!” деді. Тоқтайық! Тыраштанбайық!” депті.
Бірақ “керек емес” деп, балалардың өзін депрессияға түсіріп жібермейміз бе? Мектеп жасындағы оқушының күн тәртібі бұзылмай ма? Бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ал жалақысыз қалатын мұғалімнің мұңын қайда қоясыз? Яғни, бұл, керісінше, “Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырып алмаудың” амалы емес пе? Әлбетте, таяқтың екі ұшы бар. Көпбалалы отбасында компьютер де болмауы мүмкін. Оның үстіне төтенше жағдай кезінде электронды техника сататын дүкендер де компьютердің бағасын аспандатып жіберген. Бұл мәселені министрлік, жергілікті әкімдік, мектеп директорлары шешіп беруі тиіс. Ал бұл тұрғыда ата-ана, ұстаз не дейді?
Гүлмира Борашқызы, ата-ана:
– Менің бес балам бар. Екеуі студент, қалғаны мектепте. Үшеуі бір телефонмен қалай оқиды? Қазір 160 мың теңге тұратын ноутбуктің бағасы 240 мың теңге. Оны кредитке алған күннің өзінде жұмыссыз жатсаң да, төлеуге міндеттісің.
Біржан Дүйсенов, химия пәнінің мұғалімі:
– Семейде тұрамыз. Отбасымда 2 студент, 2 мектеп оқушысы бар. Өзім химия пәнінің мұғалімімін. Бір ноутбукке қарап отырмыз. Жарайды, қалада Wi-fi ұстайды, қолымызда смартфон бар. Оқуға мүмкіндік бар. Бірақ ауылдық жерлерде интернет желісі ұстамайды. Өте нашар деуге болады. Осыдан-ақ онлайн сабақтың қандай болатын болжай беріңіз. Жалпы, онлайн оқыту болашақтың шаруасы еді. Оған дайындықтан өтіп, әбден пісіп-жетілгеннен кейін кірісу керек болатын. Дәл қазіргі жағдайда дайын емеспіз. Аягөз ауданындағы туыстарымның айтуынша, қаладан келген студенттер онлайн оқу үшін топтасып алып, тұрғылықты жердегі интернеті бар мектеп пен әкімшілік конторын жағалап жүр екен. Бұл туралы министр Аймағамбетовтің парақшасына да жаздым. Бәлкім, бір айға шегере тұру керек шығар.
Әрине, оқушының алдында тұрып сабақ берген мен қашықтан оқытқан екі бөлек дүние. Адамда эмоция болады. Методика деген бар. Онлайн сабақ бергенде оны қалай қолдана аламыз? Мұғалімнің қас-қабағына қарап түсінетін оқушылар бар. Неше түрлі сабақ беру әдісі арқылы жақсы білім беретін ұстаздар көп. Тіпті, кей балалар сабақты тәптіштеп түсіндірген соң ғана әзер қабылдап жатады. Балалардың қабылдау деңгейі әртүрлі ғой. Дегенмен, мынандай ауыр шақта бала білімсіз қалмауы керек, оқуы тиіс. Баланы босаңсытпау керек. Жалпы, бұл орынды шешім. “Balapan” арнасының барлық эфирін оқушылар алса, мектепке бармайтын қызым не көреді? Оның да іші пысады. Сондықтан “Орт-Еуразия” арнасындағы “Қалаулым” сияқты керек емес бағдарламалардың орнына балалардың көңілін аулайтын жақсы дүниелерді көрсету қажет не сабақ өткізу керек.
Мейіржан Темірбек, информатика пәнінің мұғалімі:
– Ең бастысы, интернеттің сапасы нашар болып тұр. Әйтпесе, онлайн және қашықтан оқытуға байланысты техникалық мәселелер шешіліп жатыр. Онлайн тікелей эфир алдында оқушыларды жинап алып оқытады. Ал қашықтан оқытуда оқушыларға ресурстарға тіркеліп, сондағы тапсырмаларды орындап, баға алады. Екі мәселе бар. Ол – компьютер және интернет. Айталық, Білім және ғылым министрлігі мектеп әкімшілігі көпбалалы отбасыларға мектептегі компьютерді таратып беру керектігін айтып жатыр. Бәріне жетпесе де, бір мектептегі 20 компьютерді оқушысы көп отбасыға берсе де, үлкен көмек. Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Егер ол отбасының үйінде интернет жоқ болса, компьютерге қол жеткізгеннен не пайда? Кей отбасында компьютер болса интернет жоқ, интернет болса компьютер жоқ.
Жалпы, онлайн оқудың керегі жоқ дегенге келіспеймін. Бұл бұрыннан бар. Қазір студенттер солай дәріс алуда. Бірақ бұған дейін орта мектепке қажеттілігі болған жоқ. Төтенше жағдайда мәжбүрліктен оқуға көшкелі отырмыз. Онлайн оқытудың не екенін түсінбей жүргендер көп. Ал телеарна бәріне қолжетімді. Сондықтан телеарнаны пайдалану тиімді, Меніңше, осындай жағдайда кері тартпай, қолда қандай мүмкіндік бар, соны іске асыру қажет. Кейбіреулер оқушылар жазда оқысын дейді. Бұл дұрыс емес.
Шетел тәжірибесі не дейді?
Коронавирус әлемдегі 421 млн білім алушыға кері әсерін тигізген деген дерек бар. 10 наурызда коронавирус індетін таратпау мақсатында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде білім министрлерінің шұғыл отырысы өтті. Онда 15 мемлекет білім мекемелерінің бәрін жабу туралы шешім қабылдаса, тағы 14 мемлекет соған сай әрекет ететінін мәлімдеді.
Қазіргі жағдайда біз ғана емес, әлем елдері де осы жүйе бойынша білім беруде. Тіпті, бізге таңсық оқыту жүйесінің әлемде өз тарихы бар. Сонау Ұлыбританияда 1969 жылы ашылған Ашық университетте әлемнің түкпір-түкпірінен 200 мың студент білім алады. Ал АҚШ-та ХІХ ғасырдың 70 жылдарында-ақ қашықтан оқытудың бірқатар қадамы қабылданған. 1874 жылы электронды пошта арқылы оқу бағдарламасын Иллинойс штатының университеті ұсынған. АҚШ-та қашықтан оқыту жүйесінің “атасы” ретінде танылған Вильям Рейни Харпер алғаш рет Чикаго университетінен қашықтан оқу бөлімін ашты. Ресейде де 1917 жылдан бастау алған деген мәлімет кезікті. Міне, осындай мол тәжірибесі бар елдерге бұл жүйе қиын болмауы мүмкін.
Сонымен, Германия мектеп пен балабақшаны 16 наурыздан 20 сәуірге дейін жапты. Бұл елдің оқушылары дәл қазір телеарнаны білім беру құралы ретінде пайдалануда. Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон 15 наурыздан бастап білім беру мекемелерін жабуға бұйрық беріп, қашықтан оқытуға көшірді. Италия мен Испаниядағы ахуал белгілі. “Мен үйде боламын” режимімен өмір сүруде. Қазір мұндағы студенттер мен оқушылар 3 сәуірге дейін қашықтан оқып жатыр.
Сондай-ақ, 23 наурыздан 12 сәуірге дейін демалатын ресейлік мектептердің тең жартысы Яндекс.Учебником и “Учи.ру” білім платформасын қолданып келеді. Мамандар 2016-2018 жылдары 1,7 млрд рубль жұмсалған “Ресей электронды мектебі” платформасы елдегі барлық мектепке қолжетімді болады дейді. Десе де, Ресей мектептерінің кейбір ата-аналары оқу жылын маусымға дейін созу керек деген ұсыныс жасапты.
Ал, Нью-Йоркте білім алып жүрген әріптесім Назира Байырбек өршіп тұрған коронавирус індеті кезінде онлайн сабақ беруге көшкен осы елдің тәжірибесін айтты. “Мұнда мектептер 23 наурыздан онлайн оқуға көшкен. Балаларыма ноутбук жетіспей, қиналып отыр едік. Мектептен хабарласып, жағдайды сұрады. Сөйтсек, Нью-Йоркте “1 млн 100 мың мектеп оқушысы онлайн оқуға көшкен екен. Олардың 300 мыңы ноутбукке, компьютерге мұқтаж екенін жазыпты. Сонымен, білім департаменті әр балаға карантин біткенше пайдалануға бір-бір айпад беретін болды. Raz-kids.com, classdojo.com қосымша сайттарына онлайн сабақ енгізілсе, Ggoleclasromm арқылы әр пән бойынша күнделікті тапсырма беріліп, сол жерде тексеріледі. Кейде мұғалімдері тікелей эфирге шықса, енді бірде видео сабақ түсіріп салады. Таң ба, кеш пе қарамайды, үнемі байланыста болады. Америкада үш-ақ күнде барлық мектеп мұғалімін онлайн оқытуға дайын қылып шығарды”, – деді ол.
Қалай болғанда да, еліміздің оқушылары 6 сәуірден жаңа жүйе бойынша білім алуға көшеді. Мұның аясында әлі талай сын-ескертпе айтылатыны заңдылық. Сан түрлі кемшіліктің болатынын министрлік те жасырмайды. Себебі, төтенше жағдайдың салдарынан еш дайындықсыз көштік. Бастысы – оқушылар білім алудан қол үзбеу керек.
Биыл мектеп түлектері үшін де сынақ жылы болғалы тұр. 11 сынып оқушыларының наурыз айында тапсыратын ақылы тест сынағы (ақшасы төленген) да өткен жоқ. Алда пәндер бойынша емтихан, арғы жағында жоғары оқу орнына түсу үшін бағы сыналатын ҰБТ бар. Оған дейін коронавирус індетінің беті қайтып, қалыпты өмірге ораламыз деп сенейік.
#қашықтаноқыту #сараптама