USD 444.22
EUR 476.38
RUB 4.82
«Алыптың қуаты – халықта, халықтың қуаты – бірлікте!»
 
RSS лента

Коронавирустан кейінгі синдром

  • 18.қазан.2021, 12:17,
  • 210

Қазақстан бір жарым жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлеммен бірге SARS-CoV-2 вирусынан туындаған COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясымен күресуде. Коронавирус біздің өмірімізге күтпеген жерден келді, кететін түрі көрінбейді.

Ғалымдар вакцина жасай бастаған кезеңде вирус мутацияға ұшырап, жұқпалы және дәрілік заттарға төзімді бола бастады. Сонымен қатар, дәрігерлер кейде аурудың өзі қорқынышты емес, оның салдары жаман деп санайды.


Ковидтен кейінгі синдром адам сауықса да вирустың ағзада әлі қалғанын көрсетеді. Ол біресе тыншып, біресе өршіп бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін, дейді 40 жылдық тәжірибесі бар аллерголог Элеонора Старцева. Бұл бағытта зерттеулер әлі де жалғасуда, өйткені коронавирус және оның салдары толық зерттелмеген. Бірақ әрбір жаңа "толқын" жеңілдеу болып, ауру әлсіреуде.


Коронавирустың ауырлығына қарамастан кез келген адам ковидтен кейінгі синдроммен ауыруы мүмкін. Ең бастысы, вирус жұқтырған кездегі адамның психоэмоционалдық жағдайы. Сарапшының айтуынша, әрбір жағдайды жеке қарастыру керек.


Элеонора Старцева / фото: instagram/sovminka


"Ковидтің өзіндік ерекшелігі бар – ол бұрын созылмалы аурулар анықталған жерлерге соққы жасайды, сол себептен ескі аурулар асқынып кетеді. Қай жеріңіз жұқа болса, сол жер бұрын сынады", - дейді эндокринолог Жанай Ақанов.


Ауыру кезінде вирустың басты нысанасына айналатын мақсатты мүшелер пайда болуы мүмкін. Ең алдымен, бұл ми. Вестибулярлық аппараттың жиі бұзылуы, ұзақ уақыт бойы бас айналу мен және астения (әлсіреу) кездеседі.


Ковидтен кейінгі синдромның орталық жүйке жүйесіне әсері


Дәрігерлер ковидтен кейінгі синдромның психикаға қатты әсер ететінін айтады. Орталық жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуы – бұл коронавирустың тікелей әсері. Пациенттер "басындағы тұман" туралы жиі айтады – олар үшін ақпаратты бұрынғыдай шоғырландыру мен өңдеу қиын. Олар ұйқысыздықтан зардап шегеді, еш негізсіз үрей мен қорқыныш сезінеді.


Неврология тақырыбына тоқталатын болсақ, психотерапевт Жібек Жолдасова ковидтен кейінгі синдромның екі түрін ажыратады.

Бірінші жағдайда оның невротикалық көріністері бар: мазасыздық, қорқыныш, ұйқының бұзылуы, әлсіздік, шаршау. Маманның айтуынша, олар адамның ковидпен ауырғанын сезінетін ауыр сезіммен байланысты. Бірақ бұл аурудың салдары емес, жалпы невроз ретінде қарастырылатын психикалық бұзылу.


Екінші жағдай – психорганикалық, оған назар аудару қажет. Мұнда жүйке жүйесінің зақымдануы, қан айналымының төмендеуі байқалады – интоксикацияға байланысты ми зардап шегеді. Сондықтан зақым туралы білу үшін невропатологтың тексеруі міндетті, сонымен қатар КТ/МРТ арқылы миды зерттеу керек.


Алайда, ауыр зақым невротикалық бұзылуларсыз көрінбейді. Емдеу кешенді болуы керек.


"Мидағы қан айналымын қалпына келтіріп, қатар жүретін ауруларды (қорқыныш, мазасыздық, депрессия) емдеу қажет, бұл бірінші топқа қарағанда невротикалық емес, органикалық зақымдануі", - дейді Жібек Жолдасова.


Адам ковидтен кейінгі синдромды өзі тудыруы мүмкін екенін ескеру маңызды. Ол аурудан кейін, ауруханада болғаннан кейінгі қорқыныштан туады. Бірақ мұны өз бетінше жеңуге немесе елемеуге тырысуға болмайды. Мазасыздыққа қарсы препараттар, антидепрессанттар жазып беретін немесе психотерапиялық емдеу әдістеріне жүгінетін маманмен кеңескен жөн.


"Ковидтен кейінгі синдром әдетте қарт адамдар үшін қиындық туғызады. Олар есте сақтаудың және басқа да ми функцияларының бұзылуы туралы айтады. Кейбір жағдайларда, ковид организмнің интоксикациясы мен сарқылуына байланысты деменцияны қоздырады. Миды деменциядан қорғау үшін еспе салдырту керек. Ковидтің салдарынан деменция мен Альцгеймер ауруымен ауыратын қарт адамдар көбейді", - дейді Жолдасова.


Вакциналауға келетін болсақ, екпе алғандар ауруға төтеп беріп, ковидтен кейінгі синдромнан аман қалады. Вакцина иммундық жүйені қосымша ынталандырады. Екпе алмаған адамдар үшін невропатологтар мен психотерапевттер дененің жалпы тонусын жоғарылататын стандартты ем тағайындайды. Жүйке жасушаларына арналған дәрі-дәрмектер тағайындалады. Жалпы, ковидтен кейінгі синдромды емдеуге болады.


Жібек Жолдасова / сарапшының жеке мұрағатынан


Ковидтен кейінгі синдромның өкпеге әсері


Элеонора Старцеваның бақылауынша, науқастардың 30-40%-ында КВИ-ден кейін өкпесінде өзгерістер байқалады. Тіпті аурудың өткір кезеңі өтіп кеткеннен кейін де асқынулар болуы мүмкін: фиброз, ателектаз. Тыныс жетіспеушілігіне әкелетін мұндай ауыр аурулар ақыры мүгедектікке әкелуі мүмкін.


Сондай-ақ, ковидтен кейінгі синдром ентігу, кеудедегі ауырлық, қақырықты қатты жөтел, терлеу және әлсіздікпен сипатталады. Мұндай белгілерді пульмонолог Зоя Ким тізіп шықты.


Маманның сөзінше, отбасы мүшелерінің бірі ковидпен ауырған жағдай болды. Өкпесінің 50% зақымданғанына қарамастан ол науқас ауруханаға жатудан бас тартты. Төртінші күні барлық отбасы мүшелері жұқтырып, бесінші күні бәрі ауруханаға жатқызылды.


"Созылмалы аурулары бар қарттар мен иммунитеті әлсіз адамдар жынысы мен жасына қарамастан, ковидтен кейінгі синдромға қайта шалдығу қаупіне тап болады", - дейді пульмонолог.


Коронавирустық пневмониямен ауырып шыққандардың бәріне 6-12 ай бойы пульмонологтың бақылауында болуға және оңалтудың кешенді бағдарламасынан өтуге кеңес беріледі. Бірақ сонда да психологиялық оңалту маңызды. Адам өзі ауруды жеңе алатынына сенімді болғаны жақсы.



Зоя Ким / сурет: sbsmed.kz


Ковидтен кейінгі синдромның асқазан-ішек жолына әсері


Коронавирустың тамырларды зақымдауы асқазан-ішек жолында да кездеседі. Гастроэнтеролог Жанель Джумагулова ковидтен кейінгі синдромға тән келесі белгілерді тізіп берді: іштің ауыруы, асқазандағы қыжыл, ауырлық, тәбеттің төмендеуі, дәмнің бұзылуы.


"Олар кейде диарея, жүрек айну, құсу, асқазан-ішек жолдарының тамырларының тромбозымен бірге жүреді. Соңғысы ішек некрозын тудыруы мүмкін, ол хирургиялық емдеуді қажет етеді, оның ішінде ішектің резекциясы немесе асқазанның бір бөлігін резекциялау (ішектің немесе асқазанның бір бөлігін алып тастау) керек болады. Іштің қатты ауруы, жалпы әлсіздік, сирек жағдайларда – ес жоғалту өкпенің проблемаларын ғана көрсетпейді. Осылайша, ішек инфарктісі де пайда болуы мүмкін. Ал вакцинадан кейін ковидтен кейінгі синдром жеңіл дәрежеде болды немесе мүлдем болмады", - дейді Жанель Жұмағұлова.


Ауру емдеуіне байланысты бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.


Гастроэнтерологтар ковидтен кейінгі синдромға шалдыққан науқастарда ішетін дәрілердің әсерінен ішектің зақымдалуын жиі байқайды. Егер сізде коронавирустан кейін асқазан-ішек жолдарында проблемалар туындаса, сіз маманға хабарласуыңыз керек, себебі арнайы сынақ тапсырып, ем алу қажет.


Коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектер әлі жоқ. Бірақ ауыр аурудың алдын алатын вакцина бар.


Жанель Жұмағұлова / сурет: sbsmed.kz


Ковидтен кейінгі синдромның жүрек-тамыр жүйесіне әсері


Ковидтен кейінгі синдром жүрек-тамыр жүйесін де айналып өтпейді. Кардиолог, медицина ғылымдарының магистрі Инна Лещинская-Попова науқастардың жүрек қағуы, мазасыздық, қан қысымының төмендеуі немесе жоғарылауы, ентігу жиі кездесетінін айтты.


Асқынулар түрлі жастағы ерлер мен әйелдерде байқалды.


Сарапшы 40 жастан асқан бір науқас туралы айтты, ол коронавируспен жеңіл түрде ауырып шыққан – бірнеше күн бойы дене қызуы көтеріліп, жоғарғы тыныс жолдарының катаральды симптомдары болған. Бірақ науқас қан қысымының бұрын-соңды болмаған жоғарылауына алаңдаған.


"Ауруға дейін қан қысымы 130/90 болды, содан кейін 145/90 болып қалды. Бұл кезде әйелдің басы ауырған. Гипертониясы дамып, соған байланысты мамандар арнайы терапия әзірледі", - деп түсіндірді дәрігер.


Белгілі симптомдармен емдеуді кешіктіру және өздігінен емдеуге тырысу өлімге әкелуі мүмкін.


Инна Лещинская-Попова / маманның жеке мұрағатынан


Ковидтен кейінгі синдромның эндокриндік жүйеге әсері


Эндокринолог Жанай Ақанов коронавирустан кейін қант диабетімен ауыратын науқастарда қант деңгейінің тұрақты өсуі байқалғанын айтады. Медициналық араласусыз тоқтату қиын болды.


Ковид аясында қалқанша безінің аурулары әлдеқайда сирек кездеседі. Әдетте оның функциялары төмендейді.


Өткен жылы эндокринологтар арасында "ковидті диабет" ұғымы пайда болды, бірақ 65-70% жағдайда онымен күресуге болады. Бұл жағдайды кез келген түрдегі қант диабеті ретінде сипаттауға болмайды, себебі аурудан кейін көмірсу алмасуының бұзылуы байқалады. Кейін ол дәрілердің арқасында жазылады. Ковидтен кейін алты ай ішінде көптеген науқастар көмірсу алмасуын қалпына келтірді.


"Ауыр формаларды емдеуде кортикостероидтарды қолдану қандағы қанттың уақытша жоғарылауын тудырады. Өкпенің қабынуының 2-3 айынан кейін ауыр формасы бар емделушілерде стероидтар қолданылғанда қант жоғарылаған", - деп түсіндіреді Жанай Ақанов.


Жанай Ақанов / дәрігердің жеке мұрағатынан


Ковидтен кейінгі синдромның бала тууға әсері


Жалпы, ковид ерлерге ауыр тие ме, әйелдерге ауыр соға ма десек, эстроген гормонының әсерінен әйелдер ауруға төзімдірек келеді.

Кез келген вирустық инфекция репродуктивті циклге (етеккір) әсер етеді.КВИ ауруы кезінде етеккір толығымен тоқтауы мүмкін. Менструация – бұл ағзаның репродуктивті функциясы, ол әйел үшін қауіпті сезініп, циклді тоқтата алады. Егер сауығудан кейін цикл ұзақ уақыт бойы қалпына келмесе, себептерін білу үшін гинекологке қаралу керек.


Ковидтен кейінгі синдромда әйелдерде алты ай бойы етеккірдің болмауы жиі кездеседі.


Ерлердің ағзасы адренал типке жатады, ол жеңсе де, жеңбесе де проблемамен күреске бірден кіріседі. Ковид ерлердің репродуктивті функциясына, атап айтқанда, ұрықтың белсенділігіне әсер етеді. Егер температура көтерілсе, ауру ауыр өтсе, онда коронавирус ұрыққа зиян тигізеді. Бірақ вирустың өзі аталық без ұлпаларынан табылмағанын ескерген жөн. Әдетте еркектерде сауыққаннан кейін үш-төрт айда бәрі қалыпты жағдайға оралатын.


Ковидтен кейінгі синдромның балалар мен қарттарға әсері


Педиатрлар 3-6 жастағы балаларға маска режимі керек емес дегенмен келіседі, себебі нәрестелер тыныс алудың қиындығын сипаттай алмайды немесе маскаға байланысты тыныс алу қиындықтарын реттей алмайды.


"Балалар вирустың асимптоматикалық тасымалдаушысы емес. Керісінше, олар отбасыларда, кластерлік ошақтарда жұқтырған, сондықтан үйде санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау, сондай-ақ балаларды соған баулу өте маңызды", - дейді педиатрия саласында 16 жыл жұмыс істеген Наталья Маркина.


Балалардағы коронавирус инфекциясының негізгі белгісі – бірнеше күнге созылатын жоғары температура. Температура 40 градустан жоғары көтеріліп, түспей қояды.


Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің бас директоры, иммунолог Николай Крючковтың айтуынша, балалар да қатты бас ауруы мен депрессияға назар аударуы керек.


Психологиялық кеңес беруді аурудың алғашқы күндерінен бастау маңызды, бұл тез сауығуға ықпал етеді. Педиатриялық емделушілерге, әсіресе фобия, мазасыздық, психикалық бұзылулар, белсенді психологиялық қолдау мен емдік көріністері бар науқастарға көрсетіледі.

Жалпы алғанда, жағдайлардың шамамен 30%-ында балалар мен жасөспірімдердің есте сақтау қабілетінің төмендеуі байқалады. Сондықтан психологиялық оңалту COVID-19-бен ауырған барлық балаларға қажет.


Наталья Маркина / спикердің жеке мұрағатынан


Қарт адамдарда әдетте созылмалы аурулардың "букеті" болады. Оған артериялық гипертензия, жүрек-қантамыр жүйесі проблемалары, қант диабеті (әдетте екінші түрі) жатады. Бұл олар үшін тәуекел дәрежесі жоғары екенін көрсетеді. Бірақ сонымен бірге егде жастағы адамдардың иммундық жүйесі жастар мен орта жастағылардыкі сияқты қатты белсенді емес. Қарт адамдарда тағы бір мәселе бар – тромбоэмболия (қан тамырларының тромбпен бітелуі).


"Парадокс – бүкіл әлемде қарттар, мүгедектер, қант диабетімен ауыратындар және т.б. осал топтағыларға екпе салу кезегі енді жетіп отыр", - дейді эндокринолог Ақанов.


Мамандардың ұсыныстары


Өкінішке қарай, ковидтен кейінгі синдроммен күресудің нақты формуласы әлі табылған жоқ, өйткені оның аурудан кейін болатыны-болмайтыны, қаншалықты ауыр болаты, қанша уақытқа созылатынын ешкім айта алмайды. Әзірге тек шамалы мерзімдер ғана белгілі – ковидтен кейінгі синдром бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін деген. Бұл жерде адамның бастапқы денсаулығы маңызды рөл атқарады. Моральдық рөл де маңызды. Дәрігерлер науқастардың айғақтарына сүйене отырып қана зерттеу жүргізеді әзірге.


Мамандар ковидтен кейінгі синдром белгілерін елемей жүре беруге болмайды дейді. Бұл жағдайда инфаркт немесе инсульт, қан ұйыуының қаупі артады. Мәселен, егер коронавирустан кейін гипертониялық дағдарыстар жиілесе, кардиологке қаралу қажет. Егер ұйқы, есте сақтау, зерделеу функциялары бұзылса, онда невропатолог көмектеседі.


Ковидтен кейінгі синдром мүгедектік пен басқа да ауыр кеселге айналмай тұрғанда мамандармен кеңескен жөн.

скачать dle 12.0
Тағы да оқыңыздар:
13.09.2021
09.06.2021
15.10.2020
17.07.2020
13.04.2020
ПІКІР
02 қантар11:40,
Әлем / Видео
Мысырда бұршақ пен қар жауды   Видео
«    Сәуір 2024    »
ДсСССрБсЖмСнЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930