«Қоғамдық орындарда, адамдар көп өтетін көшелерде, соның ішінде қоғамдық көлікте бетперде кию вирустың ауамен таралуына жол бермейді. Өздеріңіз білетіндей, адамдар коронавирус инфекциясымен симптомсыз ауыруы мүмкін және бұл туралы білместен, қоғамдық орындарда маскаларды қолданбай жүрген жағдайда басқаларға жұқтыру қаупін тудырады. Әрине, тығыз байланыста немесе бір бөлмеде ұзақ уақыт болған кезде маскалар вирустардан кепілдендірілген қорғауды қамтамасыз етпейді, бірақ бұл ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Ал барлық адамдардың маскаларды қолдануы вирусты жұқтыру қаупін 90% -ке дейін төмендетеді»,-деді Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, дәрігер-эпидемиолог Әсел Қалықова. Бұған дейін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман маска тағу пандемияның екінші толқынының қуатын айтарлықтай төмендетуі мүмкін екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ, ол COVID-19-бен ауырған адамдарға аурудың симптомдық, симптомсыз ағымына қарамастан, бетперде киюді және қашықтықты сақтауды ұсынды. «Егер сіз ауырып жүрмесеңіз де, вирус мұрынға немесе ауызға түсіп, байланыс арқылы одан әрі таралуы мүмкін. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді ғана емес, жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдарды да қорғайсыз. Бұл жерде басқалардың қауіпсіздігі туралы да сөз болып отыр. Сондықтан мен барлығын сақтық шараларын сақтауды жалғастыруға шақырамын», - деді А.Шарман. Сонымен қатар, сарапшылар маскаларды дұрыс кию керек екенін айтады. Ауызды ғана емес, мұрынды да жабу керек, өйткені ауада қозғалатын вирустың мұрын мен көздің шырышты қабаттарына енуі ықтималдығы жоғары.
#бетперде #маска #карантин #коронавирус #сараптама