Көрші елдің кейбір саясаткерлері арагідік біздің елдегі тіл мәселесін көтеріп тұрады. Олардың орыс тілінің болашағын ойлап, қайбір басы ауырып, балтыры сыздап отыр дейсіз. Арзан ұпай жинау үшін қолданатын ең арзан әрі қолайлы тәсіл – аттанға басқан популистік ұрандарды алға тарту. Мойындау керек, еліміздегі орыстардың өзі тілге қатысты "қысым" мен жаңалықты ресейлік ресурстардан біліп отырады. Әр естіп, оқыған сайын төбелерінен жай түскендей таңғалып жатады.
Бұған дейін қазақстандық журналист Глеб Пономарев өзінен ресейлік бір басылымның тілдік қысым туралы сұхбат алғанын жазды. Редакция ерінбей Мәскеуден арнайы тілші жіберген. Алайда орыс тілінің жағдайының өздері айтқандай жаман еместігіне көздері жеткен соң, сұхбатты жарияламай қойған. "Лас ойын басталды. Арандатушылыққа ермейміз. Біздің күшіміз – бірлікте" деп жазды Понамарев.
Кешегі жаңалыққа қатысты Мәжіліс депутаты Юрий Илин де наразылығын білдірді. Депутат Қазақстандағы орыстар әрдайым ресейлік саясаткерлер мен журналистердің еліміздегі орыс тілі тақырыбына қатысты агрессивті және қорлау әрекеттеріне ашық түрде тойтарыс беру керек деп есептейді. "Бұл адамдар сіздің жеке жауларыңыз, олар сіздің өміріңізге қастандық жасайды, Қазақстанда әлеуметтік алауыздықты тудырады, сіз жылдар бойы жасаған, әл-ауқатыңызға, қоғамдағы жағдайыңызға нұқсан келтіргісі келеді деген айқын түсінік болуы керек", деп жауап берді депутат.
Осыдан кейін сөз айтудың өзі артық. Ресейлік "орыс тілін шектеді" деген провакациялық пропаганда Қазақстанда жүрмейді. Оған басқасы былай тұрсын орыстардың өзі тойтарыс беріп, бұл айыптаудың негізсіз екенін дәлелдеп бере алады. Сондықтан бұл сандырақ пен оны таратып отырған сайқал ойыншыларға сөз шығындап керек емес. Кейбір аурудың ең тиімді жолы – елемеу екенін медицина дәлелдеп берген. Дәл осы жағдайда бізге керегі сол - елемеу. Сонда өз құсықтарына өздері шашалып отырады.