Қазақстанда мемлекеттік тілдің дамуы тоқырауға ұшырағаны байқалады. Саладағы дағдарысты еңсеру үшін билік осы салада реформа жүргізуге тырысып жатыр. Мысалы, Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 27 мамырдағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Тіл саясаты комитеті Мәдениет және спорт министрлігінен алып қойылып, БҒМ-ге берілді. Бұл бетбұрыстың қисыны бар: білімге жауапты ведомство тілге де жауапты, ал жас ұрпақ мемлекеттік тілді балабақшадан меңгеруі тиіс.
Алайда қазіргі кезде Асхат Аймағамбетов министрлігінің де бұл істі жарытып отырмағаны анықталуда.
Мысалы, Ақмола облысында ата-аналар қарсылық білдіріп, Үкіметке хат жазды. Себебі, қолданыстағы мектепке дейінгі ұйымда қысқарту жүргенде, орыс емес, қазақ топтары жабылған. Әңгіме облыстың Ерейментау қаласындағы "Сказка" бөбекжайы жөнінде болып отыр.
Оның жабылған "Ботақан" тобында тәрбие алып келген балдырғандардың ата-аналары бұл жағдайға қарсы.
"Қалада балабақша штатын қысқарту кезінде біздің "Ботақан" тобының таратылуға түскеніне ата-аналар наразымыз. Бізге жағдайды түсіндірместен, солай жасады. Бәрін соңғы сәтте біліп отырмыз. Бұл балалардың да, ата-аналардың да құқықтарына нұқсан келтіреді. Бізге түсіндіргендей, осы үлкен балабақшада енді барлығы 2 қазақ тобы ғана болады. Біз мұндай шешіммен келіспейміз. Қазақ елінде бірде бір қазақ тобын жаппауды сұраймыз. Балабақшамызда барлық қазақ топтары сақталсын. Біз тұрып жатқан бұл елде мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бізде тілді дамыту орнына, керісінше, оған қысым жасалып жатыр", – дейді ата-аналардың бірі Дина Ерубаева.
Ата-аналардың айтуынша, қазақ тобын жабуға негіз жоқ: ондағы білікті педагогтердің қолынан тәрбие алып шыққан балалар мектептерде үздік үлгерім көрсетуде. Мемлекеттік тілдегі топтарға сұраныс жоғары.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді дамыту балабақшалардан басталуға тиіс деп тапсырған. Бірақ бұл міндеттің тегеурінді ілгерілеп жатқаны шамалы.
Мемлекеттік тілге қатысты мәселе өзге өңірлерде де бар. Атырау облысының Махамбет ауданындағы елдімекендердің бірінің тұрғыны, қазақ тілді бастауыш білім беру мұғалімі Гүлдана Исаева жергілікті орта мектепте қалыптасқан бір мәселеге назар аудартты. Ол осы мектепке орналасуға тырысқанына 3 жыл болыпты.
"Арызды 2019 жылдың қаңтарында жазып қалдырдым, содан бері 3 рет директорге кірдім. "Жұмыс жоқ!" деп шығарып салады. Биылғы 19 тамызда облыстық білім басқармасының чатына хат жолдадым. Сол күні мектеп директорының хатшысы хабарласып, алдағы аптада конкурс болатынын айтты. Ақыры 26 тамызда мектептің акт залында өткен конкурсқа қатыстым. Директор сөз сөйлеп, тек 1 педагог алатынын жеткізді. Конкурсқа қатысушы 6 адам тест тапсырдық. Ертесіне жинаған балымның аздығына байланысты конкурстан өтпегенімді мәлімдеді. Келістім. Бірақ оның қорытындысында жұмысқа орыс тілінің маманы алынғанын білдік. Бұл қалай? Қазақ мұғалімдері қайда қалады сонда?!" – деп қамығады жас педагог.
Биыл Қазақстанда қауіпті үрдіс басталды. Қазақша мектептерде оқитын балалардың үлесі азая бастады. Атап айтқанда, 2020 жылы 3 миллионнан астам оқушының шамамен 66%-ы қазақ тілді мектептерде білім алған. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 65%-ға төмендеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда барлық оқушының тек 21%-ы ғана қазақ сыныптарына барады.
Алматы тұрғыны Роза Кеңесқызы қазақ тілді мектептерде оқитын балалардың санын өсіруге қатысты ұсыныс айтты.
"Былтырғы жылы баламды орыс сыныбына бергенмін. №15 мектептің бірінші сыныбына құжаттарын тапсыру кезінде орыс тілінде оқитынын көрсеттім. Бұл ісімнің қателік, алдын ойламайтын адамның әрекеті болғанын кеш, енді ғана түсініп отырмын. Баламның болашағына алаңдаған ата-ана ретінде Білім және ғылым министрлігіне жүгініп, ұлыма биыл қайтадан 1-сыныпқа түсуіне және қазақша оқи бастауына рұқсат етуді сұрап, хат жаздым. Бала ана тілін әліппеден бастап оқуы керек. Қазақ тілінің бастау-бұлағынан сусындауы шарт. Бұл қазақ тілінің ережелерін, емлесін және басқасын бүге-шігесіне дейін білуі үшін қажет. Бала білім жолындағы алғашқы қадамын мемлекеттік тілде бастағаны маңызды", – дейді Р.Кеңесқызы.
Алайда осындай тілек білдірген ата-аналардың құлшыныс толқыны бюрократияның міз бақпас "жарқабағына" соғылып отыр.
Идеяны Білім және ғылым министрлігі қабылдамай, жергілікті атқарушы органдарға сырғытты. Бірақ әкімдіктер жанындағы білім басқармалары мұндай іргелі, жүйелі мәселелерді шеше алмайды, олардың құзыры мектеп ісін ұйымдастырумен ғана шектелген. Ал орыс тілді сыныптарға қателесіп барған балаларға мемлекеттік тілді қайтадан 1-сыныптан бастап үйренуіне мүмкіндік берілуі үшін министрлік деңгейінде шешім қабылдануға тиіс.
"№15 мектеп басшысына, аудандық білім беру бөліміне өтінішпен жүгіндім. Олар қазақ сыныбына ауыстыруға рұқсат етті, бірақ 2-ші сыныптан оқуын жағастыруы керек деп табандады. Бұған мен келісе алмадым. 2-сыныптағы қазақ тіліндегі оқу бағдарламасы қазақша жақсы сөйлейтін балаларға арналған. Менің балам оған дайын емес. Сонысы үшін ертең қысым көруі мүмкін", – дейді баланың анасы.
Жалпы, Білім және ғылым министрлігіне жаңа басшы келген сайын ол білім беру жүйесін адам танымастай өзгертіп, саланы "қопарып" тастайды. Алайда осы салада да 13 жылдан бері өзгермей келе жатқан ереже бар екен.
Орыс мектебінің 2-сыныбындағы баласын қазақ мектебінде 1- сыныптан бастап оқытқысы келетін ата-аналардың ұмтылысын БҒМ де, мектеп директорлары да құптамай, Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурызда қабылданған №125 бұйрығымен тоқтатады.
"Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" деп аталатын осы құжаттың 26-бабында "1-сыныпта жылдық баға қойылмайды. 1-сыныптың білім алушылары қайта оқу жылына қалдырылмайды" деп жазылыпты. Салдарынан, баласын 1-сыныпта екінші жылға қалдырып, қазақ мектебіне ауыстыра қояйын деп ойлаған ата-аналардың да қулығы өтпеуде.
Жалпы, заңгерлер осы және басқа да бұйрықтарда, тіпті ешбір заңда 2-сынып оқушысын 1-сыныпқа ауыстыруға тыйым салынбағанына назар аудартады. Демек, балалар қазақ тіліндегі білімді 1 сыныптан ала бастауына толық құқылы.
Алайда БҒМ-дегі бюрократия оралымсыз: тіпті мемлекеттік тілді меңгергендер санын арттыру үшін ізгілікті өзгеріске барғысы келмейді.