Қазіргі таңда халық арасында қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі коронавирусқа қарсы вакцинация. Ақпан айынан бастап қазақстандықтарды жаппай егу басталады деген жоспар бар. Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер мен құқық қорғау қызметкерлеріне, сонымен қатар созылмалы ауруы бар топ өкілдеріне салынады.
Екпенің қанша түрі бар?
2020 жылдың желтоқсан айында премьер-министр Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешенінде болып, ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісін іске қосты. Жоспар бойынша кешен базасында кезең-кезеңімен екі миллион вакцина дозасы шығарылады. Николай Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған Гам-КОВИД-Вак немесе “Спутник V” вакцинасы туралы не белгілі?
“Спутник V” вакцинациясының матрицалық – инновациялық технологиясын қолдану арқылы жасалған «Pfizer-BioNTech» және «Moderna» вакциналарынан айырмашылығы векторлық технологияны қолданып жасалған. Жасушалар иммун реакциясын тудыратын ақуыз шығарады. Осылайша организм вируспен күресуді үйренеді.
Иммун реакциясын күшейту үшін вакцина араға 3 апта салып екі рет жасалады.
Векторлық технологияны Оксфорд университеті мен «AstraZeneca» вакциналарын өндірушілер де қолданады. “Спутниктің” екіншісінен айырмашылығы – ресейлік вакцинаны жасаушылар қабықша ретінде адамның аденовирусын, Оксфорд ғалымдары шимпанзенікін пайдаланады.
“Спутникті” – 18 градус температурада сақтап және оны қолданар алдында еріту керек. Осыған байланысты ресейлік вакциналарды сақтау және тасымалдау процесі Pfizer-BioNTech РНҚ вакциналарына қарағанда әлдеқайда жеңіл. Соңғысы өте төмен температурада (-80, -70°C) сақталуы керек.
Одан бөлек жақында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-ға қарсы отандық вакцина «QazCovid-in»-ді уақытша тіркеген болатын.
– Бүгінгі таңда отандық вакцинаға уақытша тіркеу рәсімделді. Ол 31 желтоқсанда тоғыз ай уақытқа тіркелді», – деді фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.
Қазіргі уақытта отандық өнім клиникалық зерттеулердің соңғы сатысында. Желтоқсан айында зерттеудің үшінші кезеңі аясында алғашқы 3 мың ерікті коронавирусқа қарсы екпе алды. Вакцинаның жаппай өндірісі наурыз айына жоспарланған. Жалпы қазақстандық вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу институы шығарды. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне енгізілген.
– Ақпан айынан бастап ресейлік вакцинаны егуді бастаймыз. Отандық өнім наурыз айында қолданысқа енеді. Осылайша сұранысты толық қамти аламыз. Ай сайын ресейлік вакцинаның 600 мың дозасы өндірілетін болады, – деді министр А.Цой.
Министр басқа да вакциналармен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Олардың арасында «Pfizer» вакцинасы бар. Дегенмен бұл екпе түрі Қазақстанға 2021 жылдың екінші жартысында ғана келуі мүмкін. «AstraZeneca» және «Sinopec» өндірушілерімен де келіссөздер жүргізілуде.
Осы мәліметтерге сүйенсек, әзірге ел ішінде екпенің екі түрі бар. Коронавирусқа қарсы министрліктегілер 10 миллион адамды немесе халықтың 55 процентіне егуді жоспарлап отыр.
Жұртшылық «екпеге барлық адам міндеттеледі» деп көмекке күмәнмен қарайтын секілді. Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакцина мәжбүрлі түрде егіледі деген қауесетті жоққа шығарды. Себебі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодексте «азамат «емге саналы келісім беруге немесе одан бас тартуға және басқа да медициналық араласулардан, оның ішінде профилактикалық екпелерден бас тартуға құқылы» деген ереже бар.
Халық неліктен қамкөңіл?
Жұртшылық неге бұл вакцинаға қарсы? Негізі қазақстандықтар отандық өнімге, яғни «QazCovid-in»-ге сенбейді. Халықтың вакцинацияға деген сенімі өте төмен. Бұлай деуге себеп бар. DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жедел бақылау бюросының мамандары жүргізген сауалнамадан кейін осындай қорытындыға келуге негіз бар. 13-17 қараша аралығында бюро бүкіл ел бойынша 1100 адамнан коронавирустық вакцинацияға көзқарасы туралы сауал жолдаған. Сауалнама нәтижесіне сәйкес азаматтардың 45 проценті вакцина алғысы келмейтіндігі белгілі болса, 21 проценті мүлдем қарсы. Себебі олар екпені өлімге апарар жол ретінде қарайды. Тек 14 процент қазақстандық вакцинация коронавирустан қорғайтын жалғыз тиімді әдіс деп сенеді.
Бір қызығы, қазақстандықтар ресейлік «Спутник V»-ге көп сенім артады. Дауыс берушілердің 31 проценті вакцинаның осы түрі қауіпсіз және сапалы деп санайды. Ал екінші орынға отандық вакцина түрі жайғасқан. Оған халықтың төрттен бірі дауыс берген. Аталған сауалнамаға қатысқандардың тек 3 проценті ғана американдық «Pfizer»-ге сенім білдірген.
Отандастар арасында вакцинациялау күні жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде қызу пікірталас басталды. Көпшіліктің пікірінше, қарапайым азаматтарға дұрыс үлгі көрсету үшін алдымен отандық шенеуніктерге вакцина егу керек. Желі қолданушылары қазақстандық вакцина әлі пайдалануға дайын емес екеніне сенімді. Күмән оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растайтын тестілердің саны жүргізілмегеніне байланысты.
Орталық директорының ойы
Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетінің Халықаралық вакцинация орталығының директоры Қайсар Табынов коронавирустық вакцинаны өзіне салып, екі рет тексерген. Біріншісінде ол австралиялық COVAX-19 вакцинасын, одан кейін қазақстандық Naruvax C-19 / Nano-ны салдырған.
Ғалым Қайсар Табынов қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы екпе алар кезде ағзаның Covid-19-ға қарсы әлеуетін тексерген жөн екенін айтады.
– Егер сізде COVID-19 антиденесі болса, онда сіз ауруға айтарлықтай жасушалық иммундық жауап жасадыңыз. Сондықтан сізге вакцина егудің қажеті жоқ. Бұл аурудың симптомсыз тасымалдаушысы болған болсаңыз да жұмыс істейді. Неліктен табиғи иммундау алғаннан кейін вакцинациядан кейінгі реакциялардың пайда болу қаупі бар? Әсіресе, егер біз ресейлік вакцина туралы айтатын болсақ, өйткені ол тірі. Яғни сізге тірі аденовирус жеткілікті жоғары концентрацияда енгізіледі», – дейді ғалым.
Қайсар Табынов аграрлық университетте 1000-ға жуық адам коронавирусқа қарсы антиденелерді тексеруден өткізгенін айтты. Нәтижесі ғалымдарды таңғалдырған. Себебі олар коронавирусқа қарсы иммунитетті аурудан еш күдіктенбеген адамдардан тапты. Вирусолог биліктің қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау туралы шешіміне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл қадам проблемаларға әкелуі мүмкін.
Вакцинаны қолданатындар үшін ғалым бірнеше маңызды кеңестер берді. «Иммунитет екпеден кейін 14 күн ішінде пайда болады. Осы кезеңде иммундық жүйені қинамаған жөн. Вакцинацияға дейін де, кейін де алкоголь ішпеу керек», – деді ол.
«QazCovid-in» және 500 мың
QazCovid-in вакцинасын сынау кезінде ерікті қайтыс болған жағдайда сақтандыру төлемі 500 мың теңге көлемінде беріледі деген ақпараттан оқырман хабардар болар. Бұл туралы елдегі сайттардың біріне клиникалық сынаққа қатысқан ерікті хабарлаған. Қатысушының айтуынша, еріктілерге сақтандыру куәлігі берілген. Онда жарты миллион теңге мөлшерінде сақтандыру мөлшері тағайындалғаны айтылады. Куәлікке сәйкес, егер төлем субъектісінде I, II, III топтағы мүгедектік пайда болса немесе қайтыс болса төленеді. Бірақ бұл вакцинацияға байланысты болса төленеді. Сақтандыру мерзімі 180 күн, яғни алты ай.
Кейінірек биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институты клиникалық сынақтардың барлық қатысушылары компанияларының ережелеріне сәйкес сақтандырылғанын хабарлады. «Сонымен бірге сақтандыру төлемдерінің мөлшері мен шарттары – үшінші тұлғалар үшін жабық сипаттағы ақпарат. Клиникалық сынақтардың барысы және төлемдердің мөлшері құпия ретінде сақталады», – делінген хабарламада.
Бұған дейін клиникалық сынаққа қатысқаны үшін барлық еріктілерге 200 мың теңге сыйақы уәде етілген. Алайда салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ескере отырып, соңғы сомма шамамен 160 мың теңгені құрайды.
Халық сенімсіздік білдіріп отырған отандық вакцина бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа және Президенттің көмекшісі Ерлан Қаринге егіліп еді.
Вакцинациядан бұрын әркім оның құрамы мен өндірушісі туралы ақпаратпен танысуға құқылы. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана ұсынылады. Сондай-ақ ол вакцинация алдында міндетті сараптама жасалатынын түсіндірді. Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда денсаулығы қалпына келтірілгенге дейін кейінге қалдырылады.
– Қазақстан Республикасы Кодексінің 77-бабына сәйкес азаматтар профилактикалық вакцинаны қабылдаудан бас тартуға құқылы», – деді министр Алексей Цой.
#екпе #вакцина #коронавирус #СпутникV #сараптама
скачать dle 12.0