Мерекенің қазіргі тұжырымдамасы аясында еріктілер мен белсенді қала тұрғындары көптеген акциялар, игі істер өткізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдік сайтына сілтеме жасап. Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын мерекелеу тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажеттігі туралы айтқан болатын. «Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау - мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, жалпы қоғамның және әрбір азаматтың борышы. Біз өз халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды насихаттауымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктемгі мерекенің мазмұнын байыту қажет. Бүкіл қоғамды біріктіретін құндылықтар қаншалықты көп болса, біздің бірлігіміз де соғұрлым күшті болады», - деп атап өтті Президент. Наурыз - жаңару, халықты бірлікке ұйыстыру мерекесі, сондықтан жұрт бірігіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуы керек. «Игі істер» жалпыұлттық марафоны аясында елордалық еріктілер, меценаттар, кәсіпкерлер, белсенділер наурыз айынан бастап жалғызбасты зейнеткерлерге, қарт адамдарға, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға екі мыңнан астам азық-түлік себетін таратты. Қарлы күндері аулаларын қар мен мұздан тазартуға көмектесті. Бұл игі істер Наурыз мейрамын тойлау күндері де жалғасын табады. Сонымен, мерекеге орай мыңға жуық азық-түлік себетін тарату жоспарланып отыр.
#Наурыз #мереке #демалыс #мейрам