Құжатқа сәйкес, Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі:
- 14 наурыз - "Көрісу күні"
- 15 наурыз - "Жайлау күні"
- 16 наурыз - "Шежіре күні"
- 17 наурыз - "Тарихқа тағзым күні"
- 18 наурыз - "Игі істер күні"
- 19 наурыз - "Шымырлық пен шеберлік күні"
- 20 наурыз - "Зияткерлік күні"
- 21 наурыз - "Ұлттық тағамдар күні"
- 22 наурыз - "Ұлыстың ұлы күні"
- 23 наурыз - "Жоралғы күні"
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. (...) Наурыз мейрамының негізгі мақсаты - Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру", - делінген құжатта.
Концепцияға сәйкес мейрамның міндеттері мынадай:
- Жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру;
- мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейту;
- азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту;
- этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту;
- Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамыту.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасының идеялық құндылықтарын іске асыру мән мәтінінде Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Наурыз – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам", - делінген тұжырымдамада.
#наурыз #жоба #мереке #концепция #нқа