"Партия мүшелерінің 30% - педагогтар, сондықтан "Nur Otan" заң жобасының әзірлену барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Педагог құқығын кеңейту және оның әлеуметтік мәртебесін жақсарту мәселесі бар. Әңгіме, бәрінен бұрын, мұғалімдерді материалдық тұрғыдан және басқа да ынталандыру жағдайларын туғызу, қажетсіз тексерулерден арылтып, шығармашыл және нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасау туралы болып отыр. Қазіргі уақытта әзірленіп жатқан заң жобасы бойынша таяу 5 жылда жалақыны өсіру, ұстаздық шеберлік пен сынып жетекшілігі үшін үстемақы қосу, еңбек демалысы мен басқа да ынталандыруларды қамтитын 5,2 триллион теңге бөлінеді деп мөлшерленуде. Бұның барлығы Елбасы мен Президент саясатының сабақтастығының нәтижесі", - деп атап өтті партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Мәжілістегі "Nur Otan" партиясы фракциясы депутаттарының және жұмыс тобының заң жобасын талқылау қорытындысы бойынша қосымша ұсыныстар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, оқу жүктемесін 16 сағатқа төмендету, жер телімдерін бөлу және "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" дәрежесіне ие болғандарға бір жолғы 2000 АЕК көлеміндегі төлем төлеу және Президенттік олимпиадалар, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін дайындағандары үшін 3 айлық жалақы беру жайлы ұсыныс айтылды.