"Білім және ғылым министрлігі "Күнделік" жүйесін уақытында толтыруды талап етеді. Ал сайттың өзі дұрыс істемейді. Министрлік бір маңызды мәселені ескерген жоқ - мұғалімдердің барлығы бірдей "Күнделікті" толтырғанда сайт істемей қалады. Жүйе ондай жүктемені көтере алмай қалады. Бұлай болса, оны республика бойынша енгізудің қажеті қанша?", - дейді Әбсәтіров.
Депутаттың айтуынша, ақпараттық жүйедегі ақау салдарынан мұғалімдер күні-түні отырып, "Күнделікті" толтыруға мәжбүр. Ал ауыл мұғалімдері интернет іздеп қалаға барады, я болмаса ұялы телефонына шұқшиып біраз уақыт отырады. Ата-аналар да өз балаларының сабақ үлгерімін уақытында көре алмайды.
Сондай-ақ, 22 қыркүйекте "Күнделікте" емтиханды сәтті тапсыруға арналған христиан дұғасының жарнамасы жарияланды. Бұдан бөлек, киелі кітап, сөз дұғасы, иконалар, шіркеу мейрамдарының күнтізбесі және тағы басқа жарнама болды.
Бұл дегеніміз - "білім туралы" заңды тікелей бұзу. Бұл жүйе кімге арналған? Азаматтарға ма жоқ әлде дін ұстанатындарға ма? Тіпті, бұл хакерлердің әрекеттері болса да, біздің балаларымыздың дербес деректерін қорғау проблемасы қолға алынуы тиіс.