«Алғаш рет «Kóshpendiler Álemi» халықаралық фестивалі өткен жылы ұйымдастырылған болатын. Фестивальдің танымалдығы артып келеді. Өткен жылы әлемнің 8 елінен 90 қатысушы келсе, биыл 10 мемлекеттен 180 қатысушы келеді. Олардың басым бөлігі бауырлас түркі елдерінен келеді. Бірақ, Моңғолия, Корея және Ираннан мықты командалардың жасақталғаны бізді қуантады. Сонымен бірге, Гүлстан провинциясынан біздің отандастарымыз келеді», - деді «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен брифингте.
Фестиваль қатысушылары Түркия, Әзербайжан, Болгария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан елдерінен келеді. Онда кәсіпшілер өз қолөнерін көрсетеді, садақшылар - жебе атуда жарысады, семсерлесу, күрес, ұлттық ойындар өтеді және ұлттық тағам түрлері ұсынылады.