Басты сот талқылауы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы № 2 Есіл аудандық сотының ғимаратында өтеді деп жоспарланған.
Бұған дейін "Эйр Астана" әртістің әуе компаниясы қызметкерін ұрғанын мәлімдеген еді. "Эйр Астананың" нұсқасы бойынша, 14 сәуірде Нұр-Сұлтан - Алматы бағытындағы КС 852 рейсіне отырғызу барысында Құсайынов дауыс көтере сөйлеп, балағат сөздер айтқан. Экипаж оны тасымалдаудан бас тартқан соң, ол әуе компаниясы қызметкерлерінің алдында жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кезекшілік басшысының маңдайынан ұрған. Кейін әуе компаниясы әншінің үстінен Нұр-Сұлтан әуежайының полиция бөліміне арыз жазған.
Өз кезегінде музыкант қызметші қызға қол көтермегенін айтады. "Олар менен аяқ киімім мен белбеуімді шешуімді талап етті. Мен сканермен тексеруін сұрадым. Бірақ олардың мені қорлағысы келді. Бұл ойлары іске асты. Мен шешкен жоқпын. Сөйтіп жанжалдасып қалдық", - деді ол.
Артынша "Эйр Астана" әуе компаниясы Құсайыновты жауапқа тартуды сұрап Нұр-Сұлтан әуежайының полиция бөліміне арыз жазған.
"Менің шағымданбауым үшін "Эйр Астана" қызметкерлері бірінші болып бұл қадамға барып отыр. Бұл корпоративтік мүдде. Полиция бөлімінің қызметкерлері мені екі-үш сағат ұстады. "Мені қамаңдар" дедім. Бірақ олар қол қоюымды сұрады. Мен конституциялық құқығымды пайдаланып, ешқандай қол қоймайтынымды айттым. Сөйтіп, олар хаттама толтыра бастады. Мені қамағысы келді. Олар "Жоқ, қамамймыз, бірақ сіздің үстіңізден арыз түсті" деп айтты", - деді музыкант.
"Эйр Астананы" сотқа беретін шығармын. Бұлай істеуге болмайды. Жолаушылар арасында екі куәгерім бар. Адвокат жалдап, істің ақ-қарасын ашамын. Егер олар арыздарын қайтарып алмаса, мен сотқа беремін", - деді ол.