Айт - мұсылмандардың ұлы мейрамы. Ислам дінінде екі айт мейрамы бар. Ол ораза айт және Құрбан Айт деп аталады. Ораза айт отыз күн ораза біткеннен кейін шәууал айының 1-3 күндері өтеді. Ораза аяқталған соң мұсылман қауымы таңертең мешітте айт намазын оқуы парыз. Ораза айын рамазан айы деп те айтады. Пітір садақасы осы айда беріледі. Оны әр мұсылман мешітке апарып береді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Алла тағаланың сөзін осы рамазан айында естіген.
Құрбан айт Ораза айттан 70 күннен кейін басталып, үш күнге созылады. Бұл Меккеге қажылықка бару кезінің аяқталуына сәйкес келеді. Қажылыққа баратын ай зұлхижа деп аталады. Құрбан айтта таңертеңгі айт намазынан кейін әр мұсылман мал сойып, құрбан шалады. Ауру, ақсақ, соқыр, жаралы, қотыр малды құрбандыққа шалуға болмайды. Құрбандық еті көпшілікке беріледі. Құрбан шалушыға жұрт «Құрбандық қабыл болсын!» дейді. Айт күндері әр үйде дастарқан жайылып, таза киінген адамдар бір-біріне айтқа құтты болсын айтып, құттыктайды, «айттық» сұрайды. Ашу-араздық болса татуласады, қателігін кешіреді.
Айт күндері, ораза кезінде қайтыс болғандар жақсы, иманды адамдар деп саналады. «Айт мүбәрәк болсын, айт мереке болсын! Айт құтты болсын! Айттын, жақсылығы бірге болсын!» деген жақсы тілектер айтылады. Айт күндері үлкен кіші сәнді киінеді, жеңіл-желпі ойын сауыққа тыйым салынбайды, бірақ дарақылыққа жол берілмейді. Ораза айт, Құрбан айт мейрамы қазақтар арасында ежелден ұлы мейрам санатына қосылып, адалдық, мейірбандық, қайырымдылық, ынтымақтастықтың көрінісіне айналды.