Таң атысымен құлшылық ордасына қарай ағылған жамағат сағат тілі алтыны көрсетпей жатып-ақ құлшылық ордасының ішін лық толтырды. Аумағы атшаптырым алып мешіттің іші-сырты түгелдей жамағатқа толып, Ораза айт намазы басталғанша ғибадат-құлшылық пен дұға-тілектердің легі толастамады.
Айт намазының алдында мешіт мінберіне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз көтеріліп, ұлық мерекенің қадір-қасиеті мен мән-маңызы жайында қысқаша уағыз айтып өтті. Бұдан кейін Бас мешіт жамағатын Ораза айт мейрамымен құттықтап, айт намазына имамдыққа шықты. Жамағатқа айт намазының құтпасын жеткізіп, ұлық мерекенің бастауын жамағатпен жасалған дұғамен әрледі.
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті жылдағы дәстүр бойынша биылғы Ораза айт мерекесін де ұлттық нақышта, мерекелік көңіл-күйде өткізді. Мешіт ауласында арнайы киіз үйлер тігіліп, айтшылап келген жамағатқа ақ дастархан жайылды. Сондай-ақ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары мен жамағатының бастамасымен ұйымдастырылған «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де бүгінгі күннің маңызын арттыра түсті.
Бұған қоса, ұлттық спорт түрлерін ұлықтау мақсатында мешіт жамағаты арасында арқан тартыс, гір көтеру, қол күресі, асық ойындары бойынша сайыс ұйымдастырылып, мешіт ауласындағы мереке көрігін қыздыра түсті. «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан сайыс жүлдегерлерінің барлығына арнайы «Алғыс хат» табысталып, сыйлықпен марапатталды.
Дереккөз: Ihsan.kz