Содан кейінгі қадам экспортты ұлғайта түсу. Өйткені дағдарысқа тойтарыс берудің басты бағытарының бірі сыртқы экономикалық байланыстарды нығайта түсу екені белгілі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып негізгі серіктестермен сауда балансын өзгертіп, трансшекаралық инфрақұрылымның жұмысын оңтайландыру жолында көптеген маңызды істер атқарылды. Қазақстандық өнімдер шетел нарығында танымал болып, өзіндік брендтерді қалыптастыра түсуі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Ұлттық экспорттаушыларды мемлекет қолдап, өз тауарларымызды сыртқы нарықтарға шығаруды арттыра түсті. Осы жолда тауар өндірушілер өз өнімдерінің сапасына жіті мән беріп, экспорттайтын елдердің талаптарына лайықтап, өндіріс технологиясын сол бағытқа ыңғайластыруға көшті. Соның арқасында заманауи зертханалық база құрылып, өнімдер сертификатталып, қазақстандық стандарттар да қалыптаса бастады.
Бұл саладағы жұмысқа да пандемияның өзіндік кесірі тигені белгілі. Бірақ та карантин уақытында да жұмыс тоқтап қалмай, маңызды келісімдер жасалып экспорт көлемі арта түсті деуге толық негіз бар. Сондықтан еліміздегі кәсіпорындардың жұмысын шетелдік нарықтың сұранысына қарай имкеуге де көп көңіл бөліне бастады. Бұның барлығына мемлекет тарапынын қолдау үздіксіз білдіріліп келеді. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, биылғы жылдың басынан бастап мемлекет жүз он төрт кәсіпорынға өз тауарларын сыртқы нарықтарға шығаруға қолдау білдірген. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгендердің көпшілігі шағын кәсіпорындар екенін де айта кеткен жөн. Әсіресе азық-түлік өнімдерін өндірушілердің белсенділігі жоғары. Көршілес елдерге, атап айтқанда Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдеріне экспорт көлемі арта түскен. Отандық өнімдерді экспорттау көлемін ұлғайтып Еуропа елдерінің нарығына шығару да жүзеге асырырала бастады. Олардың құрамында Германия, Польша, Италия, Швейцария, Молдова сияқты мемлекеттер бар. Қазіргі таңда мамандар әлемдік нарықтағы сұранысты үнемі бақылауда ұстап, сараптау жұмыстарын жүргізеді. Осындай талқылаудардың арқасында өсімдік майлары, макарон, ұн өнімдері, сиыр, қой, шошқа еті, пестицидтер мен тыңайтқыштар, трансформаторлар мен аккумуляторлар және мұнай химиясы сияқты тауарларға таяу жылдары сұраныс артатыны болжанған.
Экспорттауда Қазақстан үшін тиімдісі Қытай елі екені анық. Өйткені шығыстағы көршіміздің нарығы үлкендігімен және жақын орналасқандығымен біз үшін қолайлы болып отыр. Ал тиімділігі жағынан келесі орында Ресей нарығы. Министрдің мәліметіне қарғанда солтүстіктегі көршіміз экспорттық әлеуеттіміздің он пайызын еншілеген. Ел экспортының отыз пайызы алыс шетелдерге және Орталық Азия, Таяу Шығыс нарықтарына бағытталыпты. Экспорт көлемі бұнымен ғана шектеліп қалмайды, ауқымын кеңейте түсу үшін мүмкіндігі жоғары бірнеше мемлекет іріктелініп алынған. Нақты атап өтсек, АҚШ, Жапония, Германия, Индонезия, Франция, Оңтүстік Корея, Италия, Ұлыбритания және Австрия сияқты мемлекеттер бар. Бұл елдердің нарығына тоқсанға жуық тауар атауының топтамасы шығарылмақ. Ол бес миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны қамтыйды.
Осы реттер қазақстандық азық-түлік өнімдері Қытай нарығына жол тартып, Хубэй провинциясының ірі сауда дүкендерінде сатылымға шыққанына ерекше тоқтала кеткен жөн. Бұл туралы Бақыт Сұлтанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, бұл қазақстандық өндірушілердің өнімдерін Қытайдың ірі сауда желілеріне шығаруда жасалған алғашқы қадам екен. Одан ары бұл бағыттағы экспортты көбейте түсу жолында басқа да келісімдер жасалу үстінде. Сауда келісімдерін жасау ұзақ уақытты және біліктілікті талап етеді. Алғашқы экспорт өнімдері үшіні келісім Ухань қаласында былтырғы күз айында жасалған. Кездесуде қазақстандық азық-түлік өнімдерін бірлесіп насихаттап, Қытай нарығына таныстыру, сатылымға шығару үшін үлкен-үлкен компанияларымен келіссөз жүргізілген. Міне, соның нәтижесінде ZhongShang дүкендер желісінің сөрелерінде қазақстандық өнімдер саудалана бастады. Елімізде өндірілген кондитерлік өнімдер, шырындар, макарон өнімдері, өсімдік майы сияқты отыздан астам тауар қазақстандық бренд ретінде көзге түсу үшін аталмыш дүкенде арнайы жеке бөлім ашылған. Келесі бөлім қаңтар айында ашылуға тиіс болатын, бірақта коронавирустың таралуы бұл жоспарды өзгертіп жіберді. Енді бұл бөлім осы жылдың соңына дейін Ухань қаласында ашылуы керек. Бұдан кейін де алдыға қойған жоспарлар сәтті іске асар болса, Хубэй нарығының миллиондаған тұтынушыларына ел өнімдерін саудалау арта түсері сөзсіз. Сонымен қатар, елімізде өндірілетін мақсары майы Пекинде және СУАР, Шэньси, Фудзянь провинцияларының сауда орындарына шығарылады. Сондай-ақ Гуандун және Чжэцзян провинцияларына да тасымалдау жағы қарастырылып жатыр. Осындай ірі сауда желілеріне шығу арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады. Қытайдың оңтүстігінде су тасқыны болғандықтан онда азық-түлік тапшылығы болып, сұраныс арта түсуі де мүмкін. Өз кезегінде бұл жағдай еліміздің азық-түлік экспорттын көбейте түспек.
#экспорт #қазақстан #пекин #ухань #суар