«Соңғы жылдары бидай экспорты артып келеді. Алайда ұн экспортының көлемі әлі өскен жоқ. Қазір ұн экспорты тіпті төмендегенін айта кету керек. Мұның бәрі нарықтық мәселелерге келіп тіреледі. Бұрын Өзбекстан көп мөлшерде ұн сатып алатын, бірақ қазір олар өздері де, Тәжікстанда диірмендерді сала бастады. Біздің ұнның негізгі нарығы - Ауғанстан», - деді Сапархан Омаров Сенаттың Аграрлық мәселелер, қоршаған ортаны қорғау және ауылдарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып. Алайда, оның айтуынша, Пәкістан жақында Ауғанстан нарығы бойынша Қазақстанның бәсекелесіне айналғалы отыр. «Пәкістанда егін түсімі жақсы болған кезде біз үшін Ауғанстанға ұн сатуда қиындықтар туындай бастайды. Бізге өнімнің жаңа нарықтарын ашу қажет. Президенттің ҚХР-ға сапары кезінде Қытайдың тек бір провинциясымен келісімге келдік. Олар айына 5 мың тоннаға дейін ұн сатып алуға дайын отыр. Біз тек ұн экспортымен шектеліп қалмауымыз керек. Терең өңделген өнімдерді сатуға тырысқан абзал. Мысалы, макарон, крахмал және тағы басқа өнімдерді шығарған жөн. Қазір біз 4 миллион тоннаға жуық ұн өндіреміз, оның 1,7 миллион тоннасын өзіміз пайдаланамыз, ал 2,2 миллион тоннасын экспортқа шығарамыз, тағы 100 мың тонна айналып келгенде өзімізде қалады», - деді министр. Айта кетсек, аталмыш отырыста «Агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойына ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Қайнар көзі https://www.inform.kz/kz/un-eksporty-nelikten-tomendep-ketti_a3568501