СҚО статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екінші жарты жылдықта тұрғындардың жан басына шаққандағы ақшалай шығындары 171 мың теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,9% артық. Халық тапқан табысының ең үлкен бөлігін - 45,6% азық-түлік тауарларын сатып алуға жұмсаса, азық-түлік емес тауарларды сатып алу шығыстары – 23,6%-ды, ақылы қызметтерге жұмсалған қаражат - 18,2%-ды құраған. Мамандардың ақпаратына сүйенсек, облыс тұрғындарының азық-түлікке жұмсайтын қаражатының негізгі бөлігі (27,2%) ет пен ет өнімдерін және нан және жарма өнімдерін (15,7%) сатып алуға кетеді. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде солтүстікқазақстандықтар негізгі қаражатты киім және аяқ киім сатып алуға жұмсайды екен. Ақылы қызметтер шығындарында қаражаттың 35,6% тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсалса, мәдени іс-шаралар мен демалысқа отбасы бюджетінен небары 5,4% бөлінген.
Қайнар көзі: https://www.inform.kz/kz/sko-halky-tabysynyn-zhartysyna-zhuygyn-azyk-tulikke-zhumsaydy_a3566944